Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жедел жәрдем – жанға дәрмен

0 268

Бүгінгі таңда ақ халатты жандарға артылған жауапкершілік жүгі жоғары. Соның ішінде жедел жәрдем қызметкерлері бел жазбай жұмыс істеуде. Олар күн сайын небір түрлі науқаспен жүздесіп, дертіне дауа іздеген жандарға алғашқы көмек көрсетеді.

Жанымыз қысылғанда қасымыздан табылатын жедел жәрдем қызметкерлерінің еңбегі ерен. Медицина саласындағы ең негізгі әрі қажетті осы қызмет, аты айтып тұрғандай, жедел ғана емес, шұғыл түрде науқасқа тез көмек бере алады. Жылдамдық пен шыдамдылықты, кәсіби біліктілікті қажет ететін медицинаның бұл саласында жұмыс істеу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық.

Жедел жәрдем қызметі әрқашан медицинада алдыңғы қатарда және ең маңызды қызметтердің бірі. Әрбір жедел жәрдем бригадасы – дәрігерлер, фельдшерлер, парамедиктер, жүргізушілер, диспетчерлік қызмет операторлары – тәуліктің кез келген уақытында, кез келген ауа-райында пациенттердің өмірін сақтап қалатын нағыз қызметкерлер.

Бүгінде Жамбыл облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы өңірдегі 1 220 500 халқына қызмет көрсетіп, қызмет радиусы 200 шақырымды құрайды. Аймақтағы жедел жәрдем стансасының құрылымына 1 станса, 3 қосалқы станса, 11 аудандық жедел жәрдем бөлімшесі мен телемедицина қызметі бар медициналық авиация бөлімі кіреді. Аймақтағы жедел жәрдем қызметінде 1 579 қызметкер жұмыс жүргізеді. Атап айтқанда 29 дәрігер, 975 фельдшер және 413 жүргізуші бар. Әр ауысымда 93 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмысын атқаруға шығады (қалада – 40, ауданда – 53), оның ішінде 1 реанимациялық бригада, 3 қарқынды терапия бригадасы, 3 балалар бригадасы және 1 психиатриялық бригада бар. Қазіргі таңда дәрігерлік медициналық кадрлардың тапшылығына байланысты бригадалардың көпшілігі негізінен фельдшерлермен қамтылған.

Сонымен бірге облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының ақпараттық жедел-диспетчерлік қызметі «Көмек» шақыртуларды басқару автоматтандырылған жүйесімен (АБЖ) жабдықталған. «Көмек» АБЖ санитарлық автокөліктерге спутник арқылы мониторинг жүргізе отырып, көліктердегі GPS-навигациясымен бірігіп науқасқа баратын бағытты автоматты түрде таңдауға мүмкіндік береді. Осылайша бұл жолға кететін уақытты қысқартады. Сондай-ақ қоңыраудың қабылдануын тіркейтін жүйе бар. Тағы бір айта кетерлігі, стансаның ақпараттық жедел-диспетчерлік қызметінде ауысым аға дәрігері және арнайы оқудан өткен 20 шақыртуларды қабылдау және беру фельдшер-диспетчері (оның ішінде 13 облыстың түкпір-түкпірінен шақыртуды қабылдайды) жұмыс атқарады. Ақпараттық жедел-диспетчерлік қызметі қала мен аудандардың барлық ауруханаларымен, алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету мекемелерімен, сондай-ақ облыстың барлық төтенше жағдайлар қызметімен байланысы бар.

Күнделікті жедел жәрдем стансасына орта есеппен 1 600 шақырту түсіп, 1 512 науқасқа медициналық көмек көрсетіледі. Тәжірибелік дағдыларды шыңдау мақсатында облыстық медициналық жедел жәрдем стансасында симуляциялық орталық ұйымдастырылған, мұнда мамандарды шұғыл медициналық көмектің халықаралық стандарттар бойынша дайындалған нұсқаушылар күнделікті сабақ жүргізеді.

Жалпы, жедел жәрдем жұмысында ерекше орынды медициналық авиация бөлімі алады, бөлім мамандары ауыр хәлдегі науқастарды құтқару үшін тәуліктің кез-келген уақытында облыстың шалғай аудандарына көмек көрсетуге шығады. Медициналық авиация бөлімі әуе және жер көліктерімен жабдықталған. Сондай-ақ 3 мобильді бригадалар ұйымдастырылған (акушерлік-гинекологиялық, бала-неонеталды және жалпы дәрігерлік). Республиканың жоғары мамандандырылған мамандарынан кеңес алу мақсатында Республикалық ғылыми-зерттеу институттарымен және жедел медициналық көмек орталықтарымен байланыс жүргізу үшін телемедицина ұйымдастырылған.

Соңғы кезде дүние жүзінің барлық елдерінде жүрек-қан тамырлар ауруларының, жұқпалы аурулардың, жазатайым оқиғалардың, апаттар мен төтенше жағдайлардың көбеюі байқалады. Осыған байланысты денсаулық сақтау жүйесіндегі жедел жәрдем қызметі аса маңызды әрі әлеуметтік мәні бар ерекше орынға ие болып отыр. Кез келген төтенше жағдайларда жедел медициналық жәрдем бригадалары бірінші болып шығып, қиын жағдайларда медициналық көмек көрсетеді. Сондықтан біздің қызметіміз адамнан зор қайсарлықты, адамдарға деген тілектестікті және, әрине, жоғары кәсібилікті талап етеді. Әрине, әр секунд, минутты санап, жедел жәрдемді күтумен тағаты таусылмаған адам кемде-кем шығар. Сондайда жанымызды шүберекке түйіп, амандығымызды ақ халаттыларға аманаттаймыз. Сондықтан да бұл сала иелеріне жүктелер жауапкершілік жоғары. Қашанда қиындықтан қашпай, жәрдемші болған жедел жәрдем қызметкерлерінің еңбегі қоғамда өлшеусіз. Оларға қандай құрмет көрсетсек те көптік етпейді.

Кульзахира КЫЗГАРАЕВА,

облыстық медициналық жедел жәрдем

станциясы бас дәрігерінің

емдеу ісі жөніндегі орынбасары

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.