Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Келешек»: бала шақтан болашаққа инвестиция

0 157

Бүгінгі күннің басты талабы еліміздегі білім саласын биікке көтеру болып тұр. Өйткені білімі мықты елдің ұрпағы білікті болып, Отанының тұтқасына айналып, тұтас әлемді зерделей алатынын өркениетті елдердің өрелі тірлігінен көріп отырмыз. Сондай шыңға көтерілу жолында Қазақ елі де өзіндік қимыл-қарекетін жасап жатыр. Мұндағы мақсат – білім сапасын арттыру, дамыған елдердің қатарына қосылу.

Тәуелсіздікке қол жеткізген тұста да ерекше мән берілуі керек бірден-бір сала – білім саласы болды. Олай дейтініміз, енді ғана дамуға бағыт алған елге нағыз мықты мамандар ауадай қажет еді. Әрі мемлекеттің ертеңі бүгінгі білімді ұрпаққа тікелей байланысты екені бесенеден белгілі. Сондықтан еліміз қазақстандықтардың білімді болуы үшін барлық жағдайдың жасалуына мән берді. Өйткені білім ғана бәсекелестік бәйгесінде қатардан қалмауға зор септігін тигізеді.
Өз заманында Ұлы Абай да жас ұрпақтың білім алып, ғылымды игеруіне айрықша мән бергені оның өлеңдері мен қара сөздерінде мейлінше байқалады. Өйткені, білім мен ғылым өркениетке бастар алғышарт екендігін ұлы ойшыл жете түсінген, жан-тәнімен терең ұғынған. Білім алу бүгінде әрбір адам баласы үшін міндетті түрде алдынан ашылатын есік болса, оның мектеп атты қасиетті табалдырығын аттау барша жас өскіндер мен өрендердің басынан өтетін жағдай. Білімге деген көңіл бөлу қазірде тәуелсіз елімізде мемлекеттік деңгейге көтерілген басты әрі негізгі мәселе екендігінде ешкімнің күмәні жоқ. Яғни, білім алуға жан-жақты алғышарт жасалған.
Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов те «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» деген екен. Бұрынғылар «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деп білімнің алмайтын қамалы жоқ екенін айтып кеткен. Өзге адаммен, қайсыбір елдермен терезеңіз теңесу үшін де білім керек. Адам баласын күллі жаратылыстан ерекшелеп, даралап тұратын дүние – ақыл мен бойына сіңірген күллі білім-парасаты.
Ел ертеңін қаузаған бір сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Келесі маңызды мәселе – білім беру жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады. Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады. Біздің күшіміз – жастардың білімінде», – деген болатын.
Қазір де елімізде интеллектуалдық дүмпу қажет екенін өмірдің өзі алға тартып отыр. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында 5 жастан асқан балаларға арналған «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізілетінін айтқан болатын. Ол мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, жүйе жоқ екендігін айта келіп: «…Сондықтан бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын. Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады», – деді ол өз сөзінде.
Осыған орай 2025 жылдың 10 қаңтарында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жинақтау бағдарламасы туралы заңға қол қойды. Мұндағы мақсат – балалардың жоғары оқу орындарында білім алу үшін қаражат жинауға мүмкіндік беретін бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу.
Заң бойынша мемлекет әрбір 5 жасқа толған бала үшін бастапқы білім беру капиталын тағайындайды. Бұл қаражат баланың білім алуына жұмсалады. Сонымен қатар әлеуметтік осал топ санатындағы отбасы балаларына қосымша жеңілдіктер қарастырылған. «Келешек» бағдарламасы мемлекеттің білім беру жүйесіне жаңа серпін беріп, балаларды сапалы біліммен қамтамасыз етуге бағытталған.
Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлағандай, «Келешек» бағдарламасы қазақстандықтарға балаларының білім алуы үшін қаржы жинауға көмектесуге тиіс. Жиналған қаражатты Қазақстанның білім беру ұйымдарына ғана емес, шетелде білім алуға жұмсауға мүмкіндік бар. Бастапқы капитал мөлшері жыл сайын бекітілген тәртіп бойынша есептеледі. 2025 жылы бұл қаржы 60 айлық есептік көрсеткішке (235 920 теңге) тең болса, жетім балалар үшін бұл сома 120 айлық есептік көрсеткішке (471 840 теңге) жетеді. Сонымен қатар балалардың білім алуына арналған депозиттерге мемлекеттік сыйақы қосылады. Сыйақы 5 пайыз болып белгіленсе, әлеуметтік осал топтардан шыққан балаларға жыл сайын 7 пайыз мемлекеттік сыйақы беріледі. Әлеуметтік осал топтарға жататын балалар үшін жыл сайын 12 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ай сайын шамамен 4 000 теңгеге (12АЕК – 47 184 теңге) дейін жарна енгізу талап етілсе, өзгелер үшін бұл сома айына 8000 теңге немесе бір жылда 24 айлық есептік көрсеткішке (24 АЕК – 94 368 теңге) дейін болады. Жинақтау мерзімі 3 жылдан 20 жылға дейін болуы мүмкін.
«Келешек» бағдарламасының басты ерекшелігі – жинақталған қаражатты тек бір ғана мақсатқа, білім алға жұмсауға мүмкіндік бар. Бұл қаражатты тек Қазақстандағы білім беру мекемелерінде ғана емес, сонымен қатар шетелде оқу үшін де қолдануға болады. Егер бала мемлекеттік грант иеленсе, жиналған ақшаны қайда жұмсайды деген сұрақ туындауы мүмкін.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәлімдеуінше, 18 жасқа дейін балалардың шотында шамамен 3,6 миллион теңге жинақталуы мүмкін.
– Жинақталған қаражатты колледждер мен университеттерде оқу үшін, Қазақстанда немесе шетелде білім алу үшін пайдалануға болады. Егер бала мемлекеттік білім грантын алса, жинақталған қаражатты басқа деңгейдегі білім алу үшін пайдалану мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар бұл қаражатты үшінші тұлғалардың салымдарына аударуға, сыйақы алу үшін оны жинақтау шарттарымен алуға, немесе тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдалануға болады, – дейді Ғылым және жоғары білім министрі.
Ал бала мектеп бітіргеннен кейін білім грантын жеңіп алған жағдайда, жинақталған қаржыны магистратурада, докторантурада, тұрғын үй жағдайын жақсартуға құқылы.
Сонымен қатар жинақталған қаражатты үшінші тұлғалардың білім алуына бағыттауға немесе жеке жинақтарын жалғастыруға болады. Бағдарламаның артықшылығы – мемлекеттік сыйақы мен банктердің немесе сақтандыру компанияларының сыйақысы, олар салық төлемей есептеледі. Қаражатты түрлі мақсаттарда пайдалану үшін нақты ережелер мен шарттар белгіленген.
Заң бойынша ата-аналар немесе қамқоршылар депозитті жыл сайын көрсетілген сомада толықтыруға тиіс. Егер бұл талап орындалмаса, мемлекет бастамашылық жасалған бастапқы капиталды қайтарып алады. Яғни егер жыл сайынғы жарна енгізілмесе, балалардың білім алуына арналған депозитке мемлекеттік сыйақы қосылмайды. Сонымен қатар депозиттерге мемлекеттік қорғау кепілдігі беріледі. Бұл дегеніміз, салымшылардың қаражатты 10 млн теңгеге дейін қорғауға алынады. Жинақталған қаражат үшінші тұлғалардың, мемлекеттік органдардың немесе басқа да талап қоюшы тараптардың талап етуінен қорғалған. Бұл заңның басты артықшылығы – балалардың болашағына бағытталған қаржылардың толық қауіпсіздігі мен тұрақтылығы.
Жаңа жүйе «AQYL» депозитіне ұқсас. Бірақ олардың өз ерекшелігі бар. «Келешектің» басты айырмашылығы – ақшаның көптеп жиналуы. Себебі, есепшотқа ақша бірнеше көзден түсіп тұрады. Ал ең соңында баланың ұлттық қордағы үлесі аударылады. Бірақ 18 жасқа толған жасөспірім грантқа түссе, ақшаны шешіп алуға болмайды. Қазіргі жоспарға сәйкес, оны тек баспана сатып алуға жұмсауға болады.
Ал «AQYL» депозитінің шарттары бойынша бала грантқа түскен жағдайда барлық ақшаны мемлекеттік сыйақысымен бірге шешіп алуға болады. Сосын ақшаны басқа баланың атына аударуға мүмкіндік бар. «AQYL» депозитінің ақшасын шетелдің колледждері мен жоғары орындарының ақысын төлеуге де рұқсат берілген.
Айта кетер жайт, «AQYL» депозитін «Келешек» бағдарламасынан тыс кез келген жаста ашуға болады. Оны неғұрлым тезірек ашу арқылы, болашақ білім алуға соғұрлым ыңғайлы және тиімді қаражат жинау мүмкіндігі бар. 2025 жылдан бастап «AQYL» білім беру жинақтау салымын автоматты түрде ұзартумен кемінде 1 жыл мерзімге ашуға болады. Заң депозиттің жылдық тиімді мөлшерлемесін реттейді. Енді бұл Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесіне байланысты. Мысалы, қазіргі уақытта ҚР ҰБ базалық мөлшерлемесінің деңгейі 16,5% құрайды, демек, салым мерзімі 1 жыл болғанда депозит бойынша ЖТСМ 14,5%-дан төмен болмайды. Депозит жаңа мерзімге ұзартылған кезде, ЖТСМ қолданыстағы базалық мөлшерлемеге сәйкес автоматты түрде өзгереді. Банктің есептелген сыйақысы ай сайын капиталдандырылады. Бұл оған да банктің сыйақысы есептелетінін білдіреді. Сонымен қатар, мемлекет жыл сайын «AQYL» депозиттеріне сыйлықақы есептейді. Салымшылардың барлық санаттары үшін ол 5% тең. Жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға, көп балалы отбасылардан шыққан және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға ашылған депозиттерге 7% мөлшерінде мемлекеттік сыйлықақы есептелетін болады», делінген «Отбасы банк» жолдаған жауапта.
«AQYL» депозиті аясында жыл сайын депозитке есептелетін сыйлықақының ең жоғары мөлшері 2025 жылы – 393 200 теңге. Мемлекеттік сыйлықақыны жинақтаудың ең аз мерзімі 1 жыл болғанда есептеледі, яғни оны алу үшін салым бір жылға толуы тиіс. Егер бұл депозитті 2025 жылдың ақпанында ашқан болсаңыз, онда мемлекеттік сыйлықақы 2027 жылы есептеледі, өйткені 2026 жылдың 1 қаңтарында депозиттің ашылғанына небәрі 11 ай болады.
Депозитті ашу үшін жинақтаушы міндетті бастапқы жарнаны, яғни, 11 796 теңге салуы тиіс (2024 жылы). Жетім балалардан бастапқы жарна сомасын салу талап етілмейді.
«AQYL» депозитін жинақтауда ата-ана ескерер маңызды мәселе бар. Ол жыл бойына салымшы ең төменгі 94 368 теңгені жинақтамаса шот ашылғанда берілген мемлекеттік капитал бюджетке қайтарылады. Халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы балалар үшін биыл ең төменгі 47 184 теңгені жинақтаса жеткілікті. Салымшылар бұл соманы жыл соңына дейін бөлшектеп немесе жылына бір рет қосып салуына болады. Ал жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ашылған «AQYL» депозитіне жыл сайын міндетті жарналар салуға міндеттелмейді.
Тағы бір тоқтала кетер тұс, өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылған болатын. Бір айта кетерлігі, осы Ұлттық қор мен «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінде жиналған балалардың қаражатын біріктіріп, болашақта оқуға немесе баспанаға жұмсауға болады.
– Бұл екеуі – екі түрлі бағдарлама. Бірақ бұл ақша оқуға түскен кезде бірігіп кетеді. «Келешек» бағдарламасына тоқталсақ, қазіргі таңда заңға өзгеріс енгізіліп жатыр. Сол себепті де қаражаттың қай банк арқылы берілетіні әлі нақтыланған жоқ. Бірақ банктерді таңдауда сенімді әрі қаржылай тұрақты банктерге басымдық берілетіні анық. Кез келген ата-ана банктерге барып, арнайы қорғалған есепшоттар аша алады. Ол жерге ең аз дегенде 1 АЕК көлемінде – 3 450 теңге қаражат түсіп отырады. Бұл қаражат бала оқуға түскен уақытқа дейін жиналады. Ата-аналар «Келешек» бағдарламасымен жинаған ақшасы мен Ұлттық қорда жиналған ақшаны сол кезде біріктіріп, баланың білім алуына жұмсай алады. Ал егер бала грант алатын болса, бұл қаражатты баспана сатып алуға жұмсай алады немесе оны бауырының оқуын төлеуге қалдыра алады. Бұл қаражатты жинаудағы басты мақсат – балалардың жоғары білім алуына жағдай жасау, – дейді Ғылым және жоғары білім министрі.
Болашағынан үміт күттіріп отырған бағдарламаның талаптары көптің көңілінен шығып отыр.
– Менің ойымша, бұл – ұрпақ тәрбиелеп отырған кез келген ата-ана үшін қуанышты жаңалық. «Келешек» бағдарламасы – баламның болашағына жасаған үлкен қадам. Өзім де осы бағдарлама арқылы балама жинақ ашуды жоспарлап отырмын. Бұл балаларымның жоғары білім алуына мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың болашақта жақсы өмір сүруіне, қоғамда өз орнын табуына да көмектеседі. Бағдарлама арқылы мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды пайдаланып, болашақта балаларымның сапалы білім алуына қаржы жинай аламын. Бұл мен үшін өте маңызды, себебі баламның арман-мақсатына жетуіне көмектесетін дұрыс таңдау болар еді, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Елжан Маратбеков.
Бұл ойды тұңғышы мектеп табалдырығын енді аттағалы отырған Сейітхан Омарбай да қостап отыр.
– Мемлекеттік қолдауымен баланың кішкентай кезінен келешегіне аз-аздан белгілі бір мерзім аралығында қаржы жинауға мүмкіндік туды. Бұл білім беру жүйесінің сапасын жақсартуға бағытталған жоба деп есептеймін. Өз кезегінде елімізде жұмыс күшінің сапасын арттырып, еңбек нарығындағы сұранысқа сай кадрларды қамтамасыз етеді.
Бағдарламаның тағы бір тиімді тұсы – ол ата-аналардың қаржылық сауаттылығын арттырады. Бұл өз кезегінде экономикалық тұрақтылықты сақтауға ықпал етіп, ел экономиканың өсуіне жағдай жасайды. Сонымен қатар бағдарлама Қазақстанның білім беру жүйесіне бәсекелестік тұрғысынан оң әсер етпек. Өйткені есепшотында білім алуға қажетті қаражат бар балада таңдау болады. Осы арқылы ел ішіндегі білім сапасының артуы және шетелде білім алуға мүмкіндік болады. Нәтижесінде студенттер өз әлеуетін толық пайдаланып, Қазақстанды білім мен ғылым саласындағы жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті елдер қатарына қоса алады. Шетелдік білім беру жүйелерімен ынтымақтастық еліміздің білім саласындағы ашықтықты арттырып, халықаралық деңгейде танылуына ықпал етеді, – дейді ол.
Ойшыл Жүсіп Баласағұн бабамыздың: «Білім мен ізгілік қана мұратқа жеткізеді» деген даналық нақыл сөзі бар. Расында, елімізде білім алушы жастарға зор мүмкіндіктер жасалып жатыр. Бірақ ол үшін біздің жастарымыздың білім алудағы ең негізгі міндеті – білімді болуға құштарлық, алдына дұрыс мақсат қоюлары қажет.
Болашақ – бүгінгі жастардың қолында. Ол білімді де саналы болса, алдыңғы қатарлы дамыған елдің жастарымен бәсекелестікке түсе алатын қабілетті болса, жан-жақты дамыған құзыретті тұлға болса, мемлекетіміздің іргетасы мықты, болашағы жарқын болары сөзсіз.
Қазақтың ұлы ханы – Абылайхан айтқандай, «Білекке сенер заманда ешкімге дес бермедік. Білікке сенер заманда қапы қалып жүрмелік!». Біліммен, қаламмен күресетін заманда сол білекпен, қылышпен күресе жүріп елінің азаттығын сақтап қалған ата-бабамыздың аманатын көзіміздің қарашығындай сақтайық. Жастар – жердің, елдің иесі, қазақ елінің рухани тәуелсіздігінің биік тұғыры! Әрбір баланы оқуға, білімге шақыру, ол, біздің басты мақсатымыз!

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.