Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Халықаралық қатынастарда Қазақстанның беделі биік

0 183

Жекелеген мемлекеттердің ішінде жүріп жатқан саяси үдерістер халықаралық саясатпен тығыз байланыста көрініс табады. Ата-баба аңсаған тәуелсіздік таңы атқан күннен бастап Қазақстан егемен ел ретінде әлеммен тығыз байланыс жасауға бел шеше кірісті.

Тыныштықты ту еткен еліміз, әлем алдында мойындалған ел ретінде әуелі бұрынғы одаққа кірген республикалармен, Азия, Тынық мұхит, Таяу Шығыс аймағы, Еуропа елдері және АҚШ-пен халықаралық байланысты өркендету жолына қадам басты. Сонымен бірге шет елдермен тек дипломатиялық байланыс қана орнатып қоймай, олармен мәдени-экономикалық байланысты күшейту, сол арқылы алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің қатарына қосылуды мақсат тұтты. Сондай – ақ Қазақстан әлемде бейбітшілікті жақтайтын ел ретінде ядролық қарудан бас тартты.

 1991 жылы Семей атом полигоны жабылды. Ал 1992 жылы 22 мамырда атомдық қарудан бас тартып, Лиссабон хаттамасына қол қойды. Ал 1993 жылы 13 желтоқсанда Қазақ­стан Республикасының Жо­ғар­ғы Кеңесі «Ядролық қаруды тарат­пау келісіміне қосылу туралы» қаулы қабылданса 1994 жылы Қазақстанның Ядро­лық қаруды таратпау Келісі­міне қосылуына байланысты Қазақстан, Ресей, Ұлыбритания мен АҚШ Қазақстанның қауіпсіздік кепілдері туралы меморандумға қол қойды. Бұл кепілдіктерге кейін Қытай мен Франция да қосылды.

 Сонымен қатар 1991 жылдан бастап сыртқы саясат пен халықаралық қатынастар саласында көптеген шаралар іске асырылды. Қазақстан өзінің барлық көршілерімен, негізгі әріптес мемлекеттерімен байыпты және болжауға болатындай байсалды қарым-қатынастар орнатты. Сыртқы саясаттың негізгі діңгегі – көпвекторлық жол, яғни көп бағыттылық. Ол – еліміздің геосаяси жағынан орналасуына байланысты өмірдің өзі талап етіп отырған қалыпты жағдай. Өткен уақыт ішінде Қазақстан Республикасын дүние жүзінің 180-нен астам мемлекеті таныды. Қазақстан 120-дан астам елмен дипломатиялық қатынастар орнатты. Шет елдерде 40-тан астам дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ашылды. Ал Алматы мен Астанада 50-ден астам шетелдік елшілік пен миссия, халықаралық және ұлтаралық ұйымдардың ондаған өкілдігі жұмыс істейді.

 Еліміз өзінің сыртқы саясатында ең жақын және ірі көрші мемлекеттер – солтүстікте Ресеймен, ал шығыста Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатуға ерекше назар аударып келеді. Қазақстан мен Ресей арасында 1992 жылы 25 мамырдағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қоюдың зор тарихи маңызы бар.

 Солтүстіктегі көршімізбен ынтымақтастықтың одан әрі дамуында 1998 жылы 6-шілдеде Мәскеуде қол қойылған мәңгілік достық пен ынтымақтастық туралы Декларация маңызды рөл атқарды. Оның негізінде екі мемлекет арасындағы қаржылық өзара келіспеушіліктерді реттеу және Байқоңыр космодромын бірлесіп пайдалану мәселелері шешілді. Сондай-ақ, аймақтық және халықаралық көкейкесті проблемалар төңірегінде жан-жақты пікір алмасылды.

 Сонымен бірге Тәуелсіздік жылдары оңтүстік-шығыстағы үлкен көрші мемлекет – Қытай Халық Республикасымен тату көршілік және достық қатынастар орнатуда едәуір табыстарға қол жетті.

Қазақстан Президентінің Қытай Халық Республикасына 1992 жылы тамызда барған алғашқы сапарынан бастап, барлық байланыс жолдарын ашудың сәті түсті. Ал 1998-1999 жылдар аралығында белсенді дипломатиялық әрекеттер арқылы Қытай мен Қазақстан арасында тағы да жаңа маңызды уағдаластықтарға қол жетті. Ең алдымен шекараны нақтылау негізінен аяқталды.

 Әрине, шекара – мемлекеттік егемендіктің басты белгілерінің бірі. Қазақстанның көрші мемлекеттермен шекарасының жалпы ұзындығы 15 мыңға жуық шақырымды құрайды. Соның ішінде Қазақстанның Қырғыз Республикасымен мемлекеттік шекарасы шамамен 1050 шақырым, Ресей Федерациясымен – 7,5 мыңнан астам шақырым, Түрікменстанмен – 400 шақырым, Өзбекстанмен – 1660 шақырым.

 Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Қытаймен арадағы шекараны заңдастыруға кірісті. Өзара түсіністік пен мүдделілік бұрын-соңды болмаған табысқа қол жеткізді. 1994 жылдың сәуір айында Қазақстан мен қытай екі ел арасындағы шекара сызығын заңдастырып, белгілеу (делимитация) жөніндегі келісім-шартқа қол қойды.

 Сонымен қатар Қазақстан бұл жылдары өзінің жақын көршілері – Қырғызстанмен, Өзбекстанмен және Түркменстанмен арадағы шекара мәселелерін іс жүзінде түпкілікті реттеуге қол жеткізді. Жалпы, шекара мәселесін Азия елдерінде тұрақты шешуде Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) маңызды рөл атқарады. Аталмыш ұйым 1996 жылы ең алғаш «Шанхай бестігі» деп атаумен құрылған халықаралық ұйым. Оның ең алғаш құрылтайшылары болған Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей және Тәжікстан елдері. Ал 2001 жылдың 1-маусымынан бастап ұйымға Өзбекстан кіргеннен бастап Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) деген атпен тұрақты мемлекетаралық ұйымға айналды. Бүгінде ШЫҰ Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықтың барынша табысты модельдерінің бірі саналады. Қазір Шанхай ынтымақтастық ұйымына 8 ел кіреді. Олар – Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Пакистан, Үндістан, Иран. Сонымен бірге бақылаушы елдер қатарында Ауғанстан, Беларусь, Моңғолия қатарлы мемлекеттер бар әлемде ықпалды ұйымға айналып отыр.

 Шанхай ынтымақтастық ұйымы кеңістігінде 3 миллиардтан астам адам тұрады. Бұл туралы өткен жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында мәлім етті. Оның айтуынша, бүгінде Ұйым достық, тату көршілік, тең құқықтық және өзара қолдаудың, яғни «Шанхай рухы» негізінде жұмыс істейтін мемлекетаралық қатынастардың тиімді тетігіне айналды.

 – ШЫҰ кеңістігінде үш миллиардтан астам адам тұрады. Ұйымға экономикасы аса ірі және жылдам дамып келе жатқан мемлекеттер кіреді. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің үштен бірі осы елдерге тиесілі. Бұл біздің Ұйымның орасан зор әлеуеті мен жаһандық рөлін айқын көрсетеді. Мүше мемлекеттердің даусы мен мүдделері тең дәрежеде ескерілетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзін бірегей алаң ретінде көрсетті. Дәл осындай мызғымас демократиялық негізге сүйенген ұзақмерзімді ынтымақтастығымыз жаңа мазмұнмен толыға түсетініне сенімдімін, – деген еді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ 2024. Астанадағы саммитінде.

 Сондай-ақ Қазақстанның халықаралық қатынастарда АҚШ-пен қарым-қатынасының маңызы өте зор. АҚШ Қазақстан Республикасын тәуелсіз мемлекет ретінде таныған 1991 жылы 25 желтоқсаннан бастап, екі мемлекет арасында елші дәрежесіндегі толыққанды дипломатиялық қатынастар орнады. Ал 1992 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Америка Құрама Штаттарына алғашқы сапармен барды. Осы сапардың барысында: «Сауда қатынастары жөніндегі келісім», «Қаржы салымдарын өзара қорғау жөніндегі шарт», «Қазақстан Республикасы және АҚШ үкіметтері арасындағы өзара түсіністік жөніндегі меморандум», «Қос қабат салық салуды болдырмау жөніндегі конвенция келісімі туралы бірлескен мәлімдемелерге» қол қойылды. Сөйтіп, екі жақты қарым-қатынастардың шарттық-құқылық негіздері қаланды.

 Тағы бір ерекше атап өтерлік дүние, 1992 жылы наурызда Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылдануы республика үшін орасан зор маңызы бар оқиға болды. Осыдан кейін елімізге басқа да халықаралық ұйымдарға мүше болып кіруге жол ашылды. Атап айтқанда, Қазақстан негізгі валюта-қаржы ұйымдарына – Халықаралық Валюта қорына, Дүниежүзілік қайта құру және даму банкіне, Еуропа және Азия даму банкіне мүше болып енді.

 Қазақстан дүние жүзінің көптеген елдерімен тең деңгейде дипломатиялық және экономикалық қарым-қатынастар орнатты. Тәуелсіздік жылдары еліміздің сыртқы саясаттағы күш-жігерінің арқасында орасан зор тарихи маңызы бар міндеттер орындалды. Қазақстан дүниежүзілік қауымдастықта лайықты өз орнын алды. Егер 1991 жылы әлемдік қоғамдастықтың іс жүзінде Қазақстанға қандай да бір ықыласы аумай келсе, бүгінгі күні Қазақстанды әбден танып, құрметтеп отыр. Қазақстан Орталық Азияның көшбасшысына, халықаралық құрметті әріптеске, халықаралық лаңкестікке, есірткінің жайылуы мен ядролық қарудың таралуына қарсы белсене күресетін мемлекетке айналды. Тәуелсіздіктің 30 жылдам астам уақыт белесінде Қазақстан әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болды, оның бастамалары тәжірибе жүзінде әрқашан кең қолдау тапты және нақты іс жүзіне асырылып отырды.

 Бүгін біздің еліміз халықаралық дәрежеде танылудың жаңа сапалық деңгейіне көтерілді. Қорыта айтқанда, Қазақстанның халықаралық қатынастарды дамытуға, әлем тұрақтылығын дамытуда алар орыны ұшан-теңіз.

Бағлан ОРЫНБАСАР,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті
«Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми зерттеу
орталығының ғылыми қызметкері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.