Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Бауыржан батырдың дара жолы дәріптелді

0 580

Қазақ халқының тарихында есімі алтын әріптермен жазылған дара тұлғалар аз емес. Солардың бірі – ерлік пен өрліктің символына айналған, жауынгер, жазушы, қоғам қайраткері Бауыржан Момышұлы. Ол – Кеңес Одағының Батыры, қазақ халқының рухани көсемдерінің бірі.

Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында №56 орта мектебінде ұлы қолбасшы, батыр және жазушы Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерлігіне арналған «Дана да дара тұлға – Бауыржан» атты танымдық шара өтті. Оқушыларға батырдың өмір жолын таныстырып, патриоттық тәрбие беру, Отанға деген сүйіспеншілікті ояту, ұлттың асыл перзентінің өнегесін үлгі етуді мақсат еткен кеш барысында оқушылар Бауыржан Момышұлының ерлікке толы өмір жолы туралы баяндамалар жасап, майдан даласындағы ерліктерін суреттейтін көріністер қойылды. Әсіресе, оқушылардың батырдың нақыл сөздерінен үзінді келтіріп, мәнерлеп оқуы көрермендерді ерекше әсерге бөледі.
Сонымен қатар «Ұрпаққа ұран болған Бауыржан» атты көрме ұйымдастырылып, онда батырдың фотосуреттері, кітаптары, марапаттары және өмірі жайлы деректер қойылды. Бұл көрме оқушылардың батыр жайлы білімін кеңейтіп, қызығушылығын арттырды.
Шара соңында № 56 орта мектеп директоры Н.Әбдіқалық сөз сөйлеп, батырдың өнегелі өмір жолы жас ұрпақ үшін үлкен тәрбие мектебі екенін атап өтті. Кеш жоғары деңгейде өтіп, қатысушыларға терең ой, рухани әсер қалдырды.
Бауыржан Момышұлының ерлігі мен батырлығы, Отанға деген сүйіспеншілігі – әрбір қазақ баласы үшін мақтаныш пен тәрбие көзі. Ол батырлықты – даналықпен, қаталдықты – әділдікпен, парасаттылықты ұлтқа қызмет етумен ұштастыра білді. өмірі мен өнегесі ұлт жадында мәңгі сақталады.

Г.ОМАРОВА,
№56 орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Тараз қаласы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.