Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Балғалы маньяк»: дәйек пен дақпырт

0 717

Жуырда Тараз қаласында көше аралап, қарапайым тұрғындарды құрбанына айналдырып жатқан «балғалы маньяк» туралы ақпарат тарап, көпшіліктің үрейін алды. Әлеуметтік желілерде тараған бас сүйегі жарылған, денесі бөлшектенген адамдар бейнеленген жазбалар қорқынышты үдете түсті. Оған қоса, сол күндері шаһардың бірнеше аумағында адам өлімі тіркеліп, жағдайды ушықтыра түсті. Сонда «балғалы маньяк» атанған күдікті кім? Шағынаудандарда болған өзге қылмыстардың бұған қатысы бар ма?

Желідегі видеожазбаға зер салсаң, саябақта қаза тапқан адам шында аса қатыгездікпен өлтірілгеніне көз жеткізуге болады. Бас сүйегі опырылып, әбден қорланғаны байқалады. Ал екінші видеода басы жарылған адамның денесі жол жиегінде жатыр. Қансырап барып құлаған адамның да қиналып барып жан тапсырғанын аңғару қиын емес. Желі арқылы тараған осы видеоларды көрген жұртшылық жағасын ұстап, үрей құшағында жүрді. Тіпті, видеоларды бір-біріне таратып, балалары мен жақындарын саябақтар мен тұйық көшелердің ішімен жүрмеуге шақырды. Санаулы сағатта желілерді жаппай басып қалған жазбалар түрлі қауесеттерге жол ашып, «балғалы маньякты көрдік» дегендер де табылды. Алайда облыстық Полиция департаменті «балғалы маньяк» туралы ақпаратты жоққа шығарды.
«Әлеуметтік желіде «Таразда балға ұстаған маньяк байқалды, зардап шеккендер бар» деген ақпарат тарауда. Жамбыл облысының Полиция департаменті бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлайды. Сондай-ақ ҚР ҚК-нің 274-бабына сәйкес, жалған ақпаратты, оның ішінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеміз», – деді Полиция департаменті хабарламасында.
Алайда тәртіп сақшылары Тараз қаласындағы саябақта өлі адамның денесі табылғанын растады. Сондай-ақ қаза болған азаматтың бас сүйегі қатты затпен зақымданғаны да ақиқат болып шықты. Бірақ, құқық қорғау органдары бұл ешқандай да «балғалы маньяктың» ісі емес екенін, күдіктіні іздеу шаралары жедел жүргізіліп жатқанын жеткізді. Артынша облыстық Полиция департаменті бұл қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Тараз қаласының тұрғыны ұсталғанын мәлімдеді. Азамат өз кінәсін толықтай мойындаған. Алайда құқық саласының қызметкерлері тергеу амалдарының құпиялығына байланысты күдіктіге қатысты өзге ақпаратты айтпады. Десе де, желіде күдіктіге қатысты түрлі деректер тарап, тұрғындардың төбе шашын тағы тік тұрғызды.
Бейресми ақпаратқа сүйенсек, саябақтағы жантүршігерлік қылмысты жасөспірім жасаған екен. Ең қорқыныштысы сол, күдікті бұл қылмысын бейнетаспаға түсіріп, үйіндегі компьютеріне сақтап қойған. Сондай-ақ бұл күдіктінің тәртіп сақшыларының назарына бірінші ілігуі емес. Бұған дейін балағат сөз айтқаны үшін көршісі шағым түсірсе, екінші жағдайда жеңіл жүрісті қыз күдіктінің оны бөлмеге қамап қойып зорлық көрсеткенін, азғыннан қашып құтылу үшін екінші қабаттан секіріп, аяғын сындырғанын айтып арызданған. Алайда екі жағдайда да күдікті жазаланбаған екен.
Күдікті сауда орындарының тауарларын жеткізіп беру қызметінде жұмыс істеген. Яғни, адамдармен тікелей байланыста болған. Ал кешқұрым жаяу серуендеуді ұнатыпты. Бірақ жастайынан қатарластарынан әлімжеттік көріп өскендіктен қалтасына суық қару салып жүретін көрінеді.
Күдіктінің таныстарының айтуынша, оның денесінің бәрі тілім-тілім, тыртыққа толы екен. Кеудесіне жын-перілердің белгісіне айналған суреттер салынған. Ол денесін кескілеген видеоларды жабық аккаунттарға салып, көрермен санын көбейтіп алған. Олардың қатарында, әсіресе, жасөспірімдер көп көрінеді.
Қылмыс жасалған күні де күдікті қалтасына балға салып шыққан. Саябақта марқұммен сөзге келіп қалған ол оның басынан балғамен ұрып құлатып, кейін үнін шығармау үшін тағы соққылай берген. Тергеу амалдары кезінде күдікті қылмысқа бару себебін осылай түсіндірген көрінеді. Және ол бұл абайсызда болған адам өлімі екенін, оған дәрігерлік емнің қажет екеніне сендіріп жатыр екен.
Әрине, күдіктінің сөзіне сену әлде сенбеу тергеу амалдарындағы айғақ пен сот үкіміне байланысты. Алайда қылмысын видеоға түсіріп, оны компьютеріне сақтап қою абайсызда жасалған қылмыс деуге ауыз бармайды. Бұл психикалық ауытқуы бар адамның тірлігі секілді.
Енді қаза болған азаматқа келер болсақ, ол бұрынғы тәртіп сақшысы екені айтылды. Бірақ бұған қатысты да құзырлы орган өкілдері қосымша ақпарат бермеуде. Десе де, анықтағанымыз марқұм бір жылдары Мойынқұм ауданында тұрған көрінеді. Құқық саласында да абыройлы қызмет еткен. Алайда соңғы жылдары Астана қаласына қоныс аударып, сонда ішімдікке салынып кетіпті. Осы теріс қылығының салдарынан жанұясынан ажырап, қызметтен де қуылған. Осылайша Тараз қаласына оралып, қаңғыбастың күнін кешкен. Қылмыс болған күні де марқұм күдіктіге мас күйінде жолығып, соңы орны толмас қайғыға ұласып отыр.
Бұл тұста ерекше екпін түсіретіні – марқұмның бұрынғы тәртіп сақшысы болғаны. Олай дейтініміз, сол күні Тараз қаласындағы жалдамалы пәтерден тағы бір полицейдің асылған денесі табылды. Қазір бұл оқиғаға қатысты да «Өз-өзіне қол салуға дейін жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалуда. Бір белгілісі, бұл қылмыстың «балғалы маньяк» оқиғасына қатысы жоқ. Құқық саласының қызметкері отбасылық жанжалдан кейін өзіне қол жұмсаған көрінеді. Бірақ бір күнде құқық саласына қатысы бар екі азаматтың көз жұмуы тәртіп сақшыларын аяғынан тік тұрғызғаны анық.
Тағы бір айта кетерлігі, жоғарыда аталған оқиғалар жұрттың жағасын ұстатып жатқанда «ARAI PLAZA» бизнес орталығының жанынан тағы бір адамның жансыз денесі табылды. Күн құрғатпай қайғылы деректердің бұлайша жиілеуі «балғалы маньяк» оқиғасына май құйғандай болды. Алайда тәртіп сақшылары марқұм жүрек талмасы ауруынан қаза болғанын мәлімдеп, көпшіліктің үрейін басты.
Әрине, байыбына бармай жатып байбалам салудан аулақпыз. Бұл оқиғалардың қылмыстық сипатын тергеу амалдары анықтап, үкімін сот айта жатар. Алайда «балғалы маньяк» дақпырты әлі басылмай тұрғаны анық. Әсіресе, күдікті қатыгез әрекеттерін видеоға түсіріп, оны жабық аккаунттар арқылы таратқаны көпшілікті алаңдатып отыр. Осы жағына құзырлы органдар жіті көңіл бөліп, жастардың санасы уланбауы үшін қажеттінің бәрін жасайды деп сенеміз.

Саян Тілеужан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.