Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қан құюдың қордаланған мәселелері

0 211

Әлемде трансфузиялық медицинада қордаланған өзекті мәселе өте көп. Соның бірі білікті мамандар мектебін қалыптастыруға келіп тіреледі. Себебі қан және қан компоненттерін дайындауда қырағылық та, жоғары кәсіби деңгей де қажет.

Арайлым Шабденова
Суреттерді түсірген Юрий КИМ

Осыған орай, салада қордаланған мәселені зерделеуді мақсат тұтқан отандық және алыс-жақын елдердегі трансфузиологтар Жамбыл жерінде арнайы ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда бас қосты. Жиынның салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев сөз сөйлеп, өңірде саланы дамыту жолында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Денсаулық сақтау ісінде ең негізгі бағыттың бірі саналатын бұл қызмет түрі түрлі жаңғыру кезеңдерінен өткені белгілі. Осыған айрықша тоқталған Еркебұлан Әбілханұлы конференция жұмысына сәттілік тіледі. Жалпы Тараз қаласындағы Достық үйінде өткен «Трансфузиялық медицинаның өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға еліміздің мемлекеттік және жеке меншік денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері, Ресей, Украина, Белоруссия, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғыз елінің осы саладағы сарапшы мамандарының қатысуы мемлекеттің басты капиталы адам екенін айқындап отыр. Бұл шараның Тараз қаласында өткізілуінің өзіндік себебі де жоқ емес. Биыл өңірде трансфузиялық қызметтің қалыптасқанына 80 жыл толып отыр. Сонау жылдары елдегі қиын-қыстау кезеңдерге қарамастан, қан және қан компоненттерін дайындауды қолға алған облыстың тәжірибесі басқа аймақтарға үлгі екені анық.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов медицинаның кез келген саласында өзара тығыз байланыс орнықтыру әрі сабақтастықты сақтау аса маңызды екенін айтады. Трансфузиология саласындағы ғалымдар бас қосқан жиынға Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығының төрағасы Жандос Бүркітбаевтың арнайы қатысуының мәнісі де осында. Себебі бұған дейін ол Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы «Еуразиялық медициналық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігін басқарып келген болатын. Саладағы әрбір түйткіл оған жақсы таныс. Конференцияда сөйлеген сөзінде Жандос Қонысұлы отандық трансфузиялық қызметте кездесетін мәселелерді атап өтті. Орталықтың қазіргі басшысы Сәния Әбдрахманова аталған қызметтің қазіргі бағыты және оны жаңғырту жолдарын тереңірек зерделеп, баяндама жасады. Қазақстанның 17 аймағынан трансфузиялық көмек көрсететін 439 медициналық мекемеден алынған ақпарат бойынша жыл сайын медициналық мекемелерде тәулігіне емханаға келгендердің шамамен 5-6 пайызы трансфузиялық көмекке зәру. Ұсынылған мәліметтерге сай, тәуліктік стационарларда емделгендердің жалпы саны 1 495 633 науқасты құрайды екен. Оның ішінде 81 547 науқас трансфузиялық көмек алған, емделген науқастардың жалпы санынан 5,5 пайызын құрайды.
Ал Ресейден келген «Н.И.Пирогов атындағы Ұлттық медициналық-хирургиялық орталығы» федералды мемлекеттік-бюджеттік мекемесінің «Трансфузиология және қан құю мәселелері» кафедрасының меңгерушісі Евгений Жибурт қан компоненттерін дайындауда көптеген елдер тап болып отырған өзекті мәселелерге тоқталды. Жалпы көп жағдайда түрлі дерттің қан арқылы таралатыны белгілі. Оның ішінде жай талдаулар жасағанда анықталмайтын аурулар да бар. Трансфузиялық қызмет барысындағы салғырттық жаппай жұқпалы індеттердің таралуына әкеліп соғуы мүмкін. Ресейлік маман осыны баса айтты. Жануарлардан, әсіресе шошқадан жұғатын Е гепатитін көбіне-көп талдамалық сараптамалар көрсете бермейтінін айтқан ғалым бүгінге дейін Қазақстанның оңтүстік аймағындағы Тараз жерінде шошқа өсірілмейді, сатылмайды деп ойлап келгенін жасырмады. «Кеше Киров көшесіне барғанымда, шошқа өсіретіндердің барын көріп таңғалдым. Бұл – Е гепатитін тасымалдаушылар осы жақта да болуы кәдік деген сөз. Қан компоненттерін дайындағанда сақтық керек. Вирусты ер азаматтардан алынған қанның плазмасына талдау жасағанда анықталады», – деді Евгений Борисович.
Бірнеше секциялық бағытта өткен конференцияда Өзбекстан, Ресей, Қырғыз елдерінен келген мамандар баяндама жасап, тәжірибелерімен бөлісті. Облыстық қан орталығының басшысы Гулам Умаров өңірдегі трансфузиялық қызметтің қалыптасу тарихына тоқталды.
Мемлекет қан қызметі мәселелеріне басым көңіл аударып отыр. Қызметті жүйелі реформалау нәтижесінде осыдан он жылдан астам уақыт бұрын елде аумақтық қағидат бойынша жұмыс істейтін 18 қан орталығы құрылған болатын. Сондай-ақ донорлық қандағы трансфузиялық инфекцияларды анықтау үшін скринингтің ұлттық стандарты әзірленді. Онда екі кезеңді скрининг жүргізу (ИФТ+ПТР) және толық автоматтандырылған талдағыштарды пайдалану туралы қатаң талап белгіленген. Бір айта кететіні, барлық посткеңестік елдердің ішінде мұндай стандарт тек Қазақстанда ғана қолданылады. Беделді шетелдік сарапшылар сол себепті біздің мемлекет Еуропадағы көрсетілетін қан қызметтерінен алда тұр деп есептейді.
Конференция жұмысы шеңберінде қан компоненттерін дайындау, донорлық қанды тестілеу, гемотрансфузия қауіпсіздігін қамтамасыз ету, дәлелдемелерге негізделген донорлық қан компоненттерін қолдану, қан қызметіндегі процестерді ақпараттандыру, қан жүйесінің онкологиялық аурулары кезінде донорлық тіркеу және дің жасушаларын трансплантациялау сияқты мәселелер талқыланады. Сондай-ақ көпшілікке қан құятын аппараттар мен саладағы жаңашылықтар көрме ретінде таныстырылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.