Төрт жылда бір болатын қысқы Азия ойындарының басталуына 1 айдан аз уақыт қалды. Биыл 19-шы рет өткізілейін деп жатқан сары құрлық аламаны Қытайдың Харбин қаласында болады.
Тарихқа көз жүгіртсек, еліміздің құрамасы қысқы Азия ойындарына 1996 жылдан бері қатысып келе жатыр. Сол жылы ақ Азияданы осы Харбин күтіп алған екен. Ең алғаш аталмыш аламанға қатысқан сәттен-ақ керемет нәтиже көрсеттік деп нық сеніммен айта аламыз. Өйткені Қазақстан құрамасы медальдық есепте екінші орынға шығып, отандастарымыз Жапония мен Оңтүстік Кореяны шаң қаптырып кеткен еді. Сол жолы біздің спортшылар 14 алтын, 9 күміс және 8 қола медаль жеңіп алды. Жеңіс тұғырына бірнеше рет көтерілген Людмила Прокашева (конькимен жүгіру), шаңғышы Павел Рябинин, биатлоншылар – Дмитрий Пантов, Валерий Иванов пен Инна Шешкиль көңілімізді біраз марқайтқан болатын. Бұл жолы да осындай нәтижелер тіркеліп, қанжығамыз майланса дейміз.
Кейінгі Азия ойындарында ұлттық құрамамыз бірде биіктен көрінсе, кейде сүрініп жатты. Мәселен, бір жолы бір спорт түрінен бірнеше медаль жеңіп алсақ, кей жылдары бұл көрсеткішіміз 1 медальмен шектеліп жатты. Ал 2017 жылы өткен ақ Азияданың шаңғы жарысында құрама спортшылары құрлықтағы ең мықты шаңғышылардың қатарында болғанына қарамастан, небәрі бір ғана алтын медальды місе тұтты. Алайда басқа да спорт түрлерінен жақсы нәтиже көрсетті.
Биылғы Азия ойындарында спорттың 6 түрі мен 11 дисциплина бойынша 64 спорттық оқиға өткізу жоспарлануда. Атап айтар болсақ, спортшылар коньки түрлері (шорт-трек, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау), шайбалы хоккей, керлинг, шаңғы жарысы түрлері (тау шаңғысы, сноубординг, фристайл, шаңғымен жарысу), биатлон және шаңғы альпинизмінен сынға түседі.
Ел құрамасынан Харбиндегі жарысқа 138 спортшы барады. Олар 31 медаль жиынтығына таласады.
Харбинде өткелі жатқан ІX қысқы Азия ойындары 2025 жылдың 7 ақпанында басталып, 14-інде өз мәресіне жетеді.
«JT-ақпарат»