Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ас беру мәдениетін қалай қалыптастырамыз?

0 197

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен «Тараз – мәдениет мекені» тұжырымдамасы аясында «Ас беру мәдениеті» тақырыбында кеңес өтті.

Әуелі сөз алған шаһар басшысы аталмыш басқосудың маңыздылығына кеңінен тоқталды.
– Ағымдағы жылы Тараз қаласының өзіндік мәдениетін қалыптастырудың «Тараз – мәдениет мекені» атты 2024-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы ардагерлер мен зиялы қауым өкілдерінің арасында ашық талқыланып, бекітілді. Осы тұжырымдаманың «Тараз – таза қала», «Отбасылық құндылықтарды қалыптастыру», «Ұлттық құндылықтарды насихаттау» секілді 3 негізгі бағыты бойынша шаралар жоспары әзірленді. осы тұжырымдаманың аясында халық арасында ұлттық құндылықтарды насихаттап, той мен ас беру мәдениетін жүйелендіру мақсатында бас қосып отырмыз, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жиналған қауымды еркін пікір алмасуға шақырды.
Келесі кезекте Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіманап, қалалық «Әулие ата» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаев және қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Малтабар Жаманбаев тақырып төңірегінде орамды ойларын ортаға салды.
Кеңесті қорытындылаған қала әкімі ас беру мәдениетін қалыптастыруға қоғамның барлық мүшесі белсене қатысуы керектігін қадап айтты.
– Халқымызда көне дәуірден бері келе жатқан ежелгі ғұрыптардың бірі – ас беру. Ол – дүниеден өткен адамдарды еске түсіруге арналған салт. Егер ас берудің саяси-әлеуметтік астарына мән берсек, ол әуелі қазақ елінің өзара бірлігін жақындата түсу, өзгелердің бастарына түскен ауыртпалығына ортақтасып, олардың қайғы-мұңын бөлісу, дүниеден озған игі жақсының өнегелі тұстарын ескеру арқылы оны кейінгі ұрпаққа үлгі ету секілді игілікті іс екені сөзсіз. Дегенмен, бүгінгі қоғамда құдайы ас бергенде өлілердің қамы емес, тірілер ризашылығы үшін ерекше назарға алынатын болған. Қазіргі уақытта осы сынды бұрыс сенімдерден саналы түрде арылатын уақыт келді.
Осы мақсатта 2020 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан Қазақстан Республикасы бойынша барлық мұсылман қауымы үшін ас беру мәдениеті туралы Ереже әзірленген. Бұл ережені қабылдаудың мақсаты – мұсылман қауымының өзіндік құдайы ас беру мәдениетін қалыптастырып, оған қатысты жоралғыларды, қалыптасқан дәстүрді жүйелендіру. Сондықтан, бізге де осы Ережені басшылыққа ала отырып, құдайы ас берудегі жөн-жоралғыларды реттеуіміз қажет, – деген шаһар басшысы имамдарға жұма намазы кезінде жамағатқа ас беру мәдениетін қалыптастыру бойынша түсіндіру және ақпараттық насихат жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуді ұсынды.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.