Қалалық қоғамдық-саяси газет

Балалар қауіпсіздігі – ұрпақ болашағының кепілі

0 49

Таразда балалар құқығын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негізделген ІІ өңірлік форум өтті.

Маңызды басқосуға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев, сондай-ақ еліміздің Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева (бейнебайланыс режимі арқылы), мектеп директорлары мен ата-аналар арнайы қатысты.

Жамбыл облысында ағымдағы жылдың 10 айында жоспарлы профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс деңгейі 7,7 пайызға, оларға қарсы жасалатын қылмыс 12,8 пайызға төмендеген.

Өңірде өткен жылдан бастап «Komek Stop Bullying» жобасы іске асырылуда. Ақпараттық жүйенің QR кодтары 447 мектеп пен 20 мемлекеттік колледжге орнатылған. Жыл басынан бері «Komek Stop Bullying Jambyl» телеграм каналына 428 хабарлама түсіп, оның ішінде 115 құқық бұзушылықтың жолы кесілді.

Дегенмен облыс әкімі соңғы жылдары жасөспірімдер арасындағы қылмыстың азаймай отырғанына алаңдаушылық білдірді. Ол күрмеуі қиын түйткілдің түбіне үңіліп, жауаптылардың әлі де өз міндетіне салғырт қарайтынын, ал бала тәрбиесіндегі білікті мамандар мен ювеналды инспекторлардың жетіспеуі мәселені күрделендіріп отырғанын айтты.

Бұған дейін өңірде оқушылар арасындағы қауіп-қатерді анықтап, құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлаған білім беру ұйымдарының рейтингтік көрсеткішін оң бағалау тәжірибесі енгізілген болатын. Алайда, талдау қорытындысы мектеп әкімшіліктерінің оқыс оқиғаларды жасыратынын көрсетіп отыр.

Ербол Қарашөкеев балалар арасындағы оқыс оқиғаларды жасыру – оның болашағына балта шабумен тең деп бағалап, жауаптыларға шегелеп нақты тапсырмалар берді.

– Отбасы – тәрбие институты, ата-ана – бала тәрбиесінің негізі. Осы екі ұғымды естен шығармаған жөн. Ата-ана бала алдындағы өз жауапкершілігін толық сезінуі тиіс. Әлеуметтік желінің ықпалы артқан заманда ұл-қыздарымызға сапалы біліммен қатар, мықты тәрбие беру негізгі ұстанымға айналуы қажет.

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы! Бұл тұрғыда ата-анамен қатар, педагог қауымына да жоғары жауапкершілік артылатыны анық!

Бабаларымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп тегін айтпаған.

Қазіргі кезде кейбір ата-ана өз баласының әлсіздігін мектептен, ұстаздан көріп жатады, ал мектептегілер керісінше ата-ананы сөгеді.

Балаға білім мен тәрбие беру тек ұстаздың ғана емес, баршамызға ортақ парыз!

Тәрбие сапалы болу үшін балаға мектептің, ата-ананың, қоғамның жан-жақты қамқорлығы қажет, — деген облыс әкімі ата-аналардың міндеттері мен жауапкершілігін арттыру мақсатында арнайы іс-шаралар қабылдауды тапсырды.

Бұдан бөлек, беймезгіл уақытта балалардың көшеде жүруі және суицид мәселесіне де назар аударып, мектеп оқушылары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді ескертті.

Басқосуда облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева, облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, облыс прокурорының орынбасары Бахтияр Мұхамеджан сөз сөйледі.

Форум аясында облыс прокурорының орынбасары мен Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.