Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тілсіз жаумен арпалысқан Азамат

0 24

Жүрек жұтқан батылдық пен қайтпас қайсарлық, темірдей тәртіп пен таусылмас төзім. Аталған қасиеттердің барлығы құтқарушы деген қадірлі маман иелерінің бойында тоғысады. Жұмысының әр күнін тәуекелге бел байлап өткізетін мұндай сала саусақпен санарлық екені белгілі. Солардың бірегейі – өрт сөндірушілер һәм құтқарушылар.

Алда-жалда апатты жағдай орын алып, айналаңыз дүрліге бастаған сәтте бар үміт құтқарушыларда болатыны жасырын емес. Ал сол көлікті кімдердің тізгіндейтінін білесіз бе? Қоңырау түсе салысымен, безілдей жөнелетін бұл көлікті жүргізу де оңай шаруа емес. Оқиға орнына жете салысымен, «мен жүргізушімін» деп қарап қалмайтыны тағы белгілі. Бұлар да көлігін қоя сала, білек сыбанып қызыл жалынның ортасына лап қояды. Осындай өжет жанның бірі – Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің көлік жүргізушісі Азамат Есімбеков.
Болашақ маман Азамат Сүгірәліұлы 1988 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Жібек жолы ауылында дүниеге келген. Ардақты әкесі Сүгірәлі мен аяулы анасы Шырынкүлдің ортасында еркелеп өскен ол айналасына бауырмал, жақындарына қамқор болып ержетті. 2007-2008 жылдар аралығында Отан алдындағы әскери борышын адал өтеген Азамат 2014 жылдан қазіргі уақытқа дейін азаматтық қорғау саласында қызмет атқарып келеді.
Кейіпкеріміз қала және облыс аумағындағы өрттерді жою мен түрлі сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарында түрлі қатерге жолықса да, бір сәтке шегінген емес. Сөзімізге дәлел, осыдан 3 жыл бұрын кешкі уақытта Тараз қаласындағы шағынаудандардың бірінде 4-қабатта орналасқан пәтердің ас бөлмесінде қараусыз қалған тағам салдарынан өрт шыққан. Қызыл жалынды тұрғындар өз күштерімен сөндіре алмағандықтан, өрт сөндірушілерге хабарласқан. Содан оқиға орнына 2 өрт сөндіру автокөлігі жедел аттанады. Азамат өзі басқарып отырған өрт сөндіру техникасын ең жақын әрі кептеліссіз жолдармен жүргізгендіктен, өрт сөндірушілер де шақырту орнына жедел жетіп, одан әрі қонақ бөлмесіне тараған жалынды дер кезінде жойып, баспалдақ арқылы 10 адамды эвакуациялаған. Ал тұрғындар кәсіби құтқарушыларға алғыстарын білдірген.
– «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген сөзді тек қан майданға аттанып, қолыңа қару алып соғысу деп біржақты түсінуге болмас. Бұл тәмсіл қай салада жұмыс істесең де, халықтың тыныштығы мен еліңнің болашағы үшін қызмет етуді білдіретіні анық. Солардың қатарында менің әріптестерім – құтқарушылар да бар. Олар қыстың аязында, жаздың аптап ыстығында басқалардың амандығы үшін өз өмірлерін құрбан етуге даяр. Өкінішке орай, қауіптің ортасында күресіп жүріп көз жұмған әріптестерім де аз емес. Ал өз жұмысыма келсем, өрт сөндіру көлігін тізгіндеу зор жауапкершілікті талап етеді. Біздің басты міндетіміз – оқиға орнына жедел жетіп, қауіптің алдын алу. Қиындығына қарамастан, өз қызметімді жақсы көремін, – дейді Азамат Сүгірәліұлы ағынан жарылып.
Азамат күнделікті ауысымға түскенде техникаларды жарамды күйде қабылдап алып, қажет жағдайда техниканың мүлтіксіз жұмыс атқаруы үшін қандай да бір ақауы болса дереу жөндеу жұмыстарын жүргізумен айналысады. Шаһарда Азамат секілді кәсіби жүргізушілердің арқасында өрт сөндіру автокөліктері де, құтқарушылар да төтенше жағдайларды жою жұмыстарын абыроймен атқаруда.
Отанына деген сүйіспеншілігін терең түсініп, оны жауапкершілікпен сезіне білген маманның қалтқысыз қызметін басшылық тарапы да елеусіз қалдырмай, түрлі Алғыс хат, Құрмет грамоталарымен марапаттаған. Иә, өрт сөндірушінің жұмысы оңай емес. Олардың жұмысы ерлікпен тең. Олардың әрқайсысы өз өмірін қауіп-қатерге тіге отырып, өзгенің өмірін арашалап қалуға тырысады. Олардың осынау ерлігі кімге болса да үлгі етіп, мақтануға тұрарлық.
Өрт сөндірушілердің арасында «Жеңдерің құрғақ болсын!» деген әдемі тілек бар. Бұл – «Өрт болмасын» деген сөз. Лайым, солай болуына тілекшіміз.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.