Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шарболаттай шыңдалған ғасыр шежіресі

0 18

«Aulieata-media» серіктестігіне қарасты «Знамя труда» газетінің 105 жылдық торқалы тойы биік дәрежеде аталып өтті. Тараз қаласындағы Достық үйінде ұйымдастырылған басқосуға аймақтың ақпарат саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген журналистер,  зиялы қауым өкілдері мен  көзі қарақты оқырмандар қатысты.

Мерейтойлық шараның түндігі «Ғасырдан да ұзақ уақыт» атты фотокөрмемен түрілді. Көрмеге «Знамя труда» гезетінде әр жылдары абыройлы қызмет атқарған қаламгерлер қауымы туралы естелік суреттер қойылып, өткен күннен сыр шертті.
Бұдан кейін басқосу дөңгелек үстел үлгісіндегі жиынға ұласып, онда алғашқылардың бірі болып облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек ізгі лебізін жеткізді.
– Билік пен бұқара арасында алтын көпір болып жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының орны қай кезде де биік. Бұл ретте «Знамя труда» газеті де ғасырдан аса уақыт белесте тарихта өз орнын қалдырып, аймақтың ақпарат саласындағы үздік үнпарақтың біріне айналды.
Осы ретте «Знамя труда» газетін 105 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, журналистерге шығармашылық табыс, отбасыларына амандық тілеймін! – деген Қанатбек Мәдібек облыс әкімінің құттықтау хатын «Aulieata-media» серіктестігінің директоры Данияр Асқарұлына табыстады. Сондай-ақ «Знамя труда» газетінің бірқатар қызметкерін облыс әкімінің Құрмет және Алғыс хаттарымен құрметтеді.
Бұдан кейін сөз тізгіндеген Қазақстан Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов ғасыр асып жасаған басылымның өткен-кеткен тарихына тоқталып, одақ атынан жылдың «Үздік журналисі» арнайы медалімен Лариса Губашеваны марапаттады.
Басқосу барысында «Знамя труда» газетінде талай жыл маңдай терін төккен ардагер журналист Көкен Оршабеков те сөз алып, басылымның бұрынғы һәм бүгінгі болмысы мен тынысына кеңінен тоқталып өтті. Ал «Знамя труда» газетінің қазіргі бас редакторы Людмила Мельник осындай кең көлемді іс-шараны ұйымдастыруға мұрындық болған басшылар мен әріптестеріне алғысын білдірді.
Осылайша ерекше үлгіде өткен шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласып, әсем әуенді әндерден шашу шашылды.

Аман ЕСЕН
фото Юрий Ким

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.