Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қала әкімі бірқатар құрылыс нысандарын аралады

0 239

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар нысанды аралады. Әуелі қала әкімі «Ұлы дала» (15) шағынауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан білім ордасына барып, ғимараттың ішін аралап көрді.
Қазір сыйымдылығы 1200 орынды мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Тек монтаждау, тазалау және сыртқы абаттандыру секілді бірлі-жарым жұмыстар ғана қалған. Шаһар басшысы өз кезегінде аталған жұмыстар тезірек тәмамдап, оқу ордасын ел игілігіне ертерек беруді жауаптыларға тапсырды.

Жалпы жоба шеңберінде Таразда 4 «Жайлы мектеп» бой көтеруде. Оның 1-уі күні кеше «Бәйтерек» (13) шағынауданында пайдалануға берілсе, алдағы уақытта «Шөлдала» алқабында 600, «Ұлы дала» шағын ауданында 1200 және 2000 орынды оқу ордасы есігін айқара ашады деп күтілуде.
Бұдан соң шаһар басшысы «Түйте» каналына аялдады. Қазіргі таңда мұнда «Сенім Құрылыс Сервис» ЖШС мердігерлігімен «Түйте» каналының, атап айтқанда, «Ұлы Дала» шағын ауданы мен «Бурыл» алқабы ортасындағы бір бөлігіне абаттандыру жұмыстары жүруде. Каналдың абаттандырылатын бөлігі 1738 метрді құрайды. Осылайша, жаңғырған каналдың бойы тұрғындардың тынығатын демалыс орнына айналмақ.

Келесі кезекте қала әкімі Асқаров көшесінің соңындағы 16 шағын ауданға ат басын бұрды. Бүгінде аталған шағын ауданда 16 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүруде.
– Жаңа тұрғын үйлердің сапасы – біздің жіті назарымызда. Сондықтан барынша кемшіліктерге жол бермеуіміз қажет. Жалпы, жаңа үйлердің бағасын біз емес, халық беретінін ұмытпайық! Сондай-ақ тұрғын үйлермен қатар, аулаларға орнатылған ойын, спорт алаңшаларының да сапасын қаперден шығармаған жөн, – деген Бақытжан Әмірбекұлы бұл бағыттағы жұмыстар әрмен қарай да жалғасатынын жеткізді.
Сонымен қатар шаһар басшысы “Казпоселок” алқабы, Ниязымбетов көшесіне төселген жолдың сапасын тексерді.

🔹Айталық, ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 95,3 шақырымды құрайтын 127 көше орташа жөндеуден өтуде. Одан бөлек «Коммунальник», «Лето», «Ветеран», «Химик», «Юбилейный» және «Победа» алқаптарындағы жалпы ұзындығы 73,8 шақырымды құрайтын 165 көшеге шағал жол төселуде. Сонымен қоса биыл шаһарда 23 шақырымды құрайтын 12 жаяу жүргінші жолы салынуда. Сондай-ақ көптен бері өзекті болып келген «Бурыл» алқабындағы 75 көшенің былтыр 13 көшесі асфальтталса, биыл қалған көшелерге толықтай асфальт жабындысының бірінші қабаты төселді. Ал, «Барысхан» тұрғын алқабында биыл жоспарланған сегіз көшеге асфальт жабындысы толығымен төселіп бітті.

Бұдан кейін қала әкімі «Жамбыл су» мекемесіне берілген су жаңа техникалардың жағдайымен танысты. Атап айтсақ, аталмыш кәсіпорын 1 дана 16 орынды «Газель» шағын автобусы, 6 дана 5 орынды «Газель» жүк көлігі, 2 дана 5 орынды «JAK» маркалы жүк көлігі, 3 дана «JAC» вакуум ассенизатор көлігі, 1 дана «Илосос-ассенизатор» көлігі, 1 дана «Камаз», 1 дана «Камаз» кран-манипуляторы, 3 дана «MST» экскаваторы, 1 дана «JAK» жеңіл көлігін алған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.