Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазына қаражатын тиімді игеру – басты назарда

0 595

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында бюджет қаржысын тиімді пайдалануды қатаң бақылауда ұстаған жөн және қазына қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден-бір жолы көрпеге қарай көсілу екенін атап айтқан болатын.

Әрине, бюджеттің әр тиынының сұрауы бар. Сондықтан мониторинг жұмысын жолға қойып, бақылауды күшейту, одан бөлек процестердің ашықтығын қамтамасыз ету мен бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартылатыны, тапсырмалардың орындалу сапасы, осал тұстарды анықтау және түйткілдерін шешу тетіктері тұрғысынан егжей-тегжейлі талдау қажеттігі ескертілген.
Қаржы қорын қалыптастыруға және пайдалануға байланысты болатын бюджеттің жұмыс істеуі ерекше экономикалық нысандар – бюджеттің кірістері мен шығыстары арқылы жүргізіледі. Кірістер мемлекетті қажетті ақша қаражаттарымен қамтамасыз етсе, шығыстар орталықтандырылған ресурстарды, жалпы мемлекеттік қажеттіліктерді қамтамасыз етеді.
Ағымдағы жылдың алғашқы жартысында Тараз қаласы бюджетінің кіріс бөлігінің орындалуы 111,3 пайызды құрады. Есепті кезеңге жоспар 29 987,5 млн теңге болса, орындалуы 33 382,9 млн теңге болып, меже 3 395,4 млн теңгеге артық орындалған. Бұл нәтиже 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жергілікті бюджеттік кірістері 134,2 пайыздық өсіммен, 5 741,6 млн теңгеге артық орындалғанын көрсетті.
Бюджет кірістерінің көзі – салықтық және салықтық емес түсімдер, негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер және трансферттер түсімдері.
Бекітілген түсімдер жоспарына сәйкес, жоғары тұрған бюджеттен қайтарымсыз трансферттер есебінен 10 852,4 млн теңге түсім қалыптасқан. Атап айтқанда, ағымдағы нысаналы трансферттер – 457, 6 млн теңге, нысаналы даму трансферттері – 6 937,4 млн теңге, субвенция – 3 457,4 млн теңге трансферт бөлінген.
Салық және басқа да міндетті төлемдер бойынша (трансферттерді қоспағанда) орындалғаны 22 530,4 млн теңге, немесе 123,4 пайызды құрап, жоспардан 4 274,3 млн теңгеге артық орындалды. Оның ішінде салықтық түсімдер 116,5 пайызды құрап, бюджетке түскені 18 023,4 теңге, яғни 2 558,2 млн теңгеге артық орындалған. Ал салықтан тыс түсімдер 149,0 пайыз болып, бюджетке түскені 321,4 млн теңге немесе 105,7 млн теңгеге артық орындалған.
Негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 162,5 пайыз, бюджетке нақты түскені 4 185,6 млн теңге немесе 1 610,5 млн теңге артығымен орындалды. Сондай-ақ қала бюджетінің шығыс бөлігінің 2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша бюджет 99,9 пайызға игерілді. Осылайша жоспарланған 34 790,9 млн теңгенің игерілуі 34 770,8 млн теңгені құрады.
Республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебiнен іске асырылатын бағдарламалары бойынша жоспардағы 7 254,3 млн теңге 100 пайыз игеріліп, 101,6 мың теңге үнемделді. Облыстық бюджеттен берілген 5 201,8 млн.теңге трансферттер 100,0 пайыз игеріліп, 7,4 мың теңге үнем қалыптасты.
Қала бюджеті бойынша жоспардағы 22 334,7 млн теңгеден 20,0 млн теңге нақты шығынның жоспардан кем болуына байланысты игерілмеу қалыптасқан.
Есепті кезеңге шығыстар есебінен тұрғын үй құрылысы, инженерлік-инфрақұрылымды дамыту, жолдарды күрделі жөндеу, көшелердi жарықтандыру, елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және жол қозғалысы қауiпсiздiгін қамтамасыз ету және сумен жабдықтау жұмыстары жүргізілді.
Тараз қаласы әкімдігінің «Бюджет шығыстарының басым бағыттары бойынша төлемдердi жүргізу туралы» қаулысына сәйкес, жалақы, салықтар және әлеуметтік төлемдер бойынша, сондай-ақ трансферт есебінен іске асырылатын шығындардың бірінші кезекте төленуі әрдайым қатаң бақылауда болды.
Шығындар азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға, әлеуметтік тұрақтылық пен қорғауды нығайтуға бағытталады. Бюджеттік бағдарламалардың түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізу және бюджет қаражатын уақытылы игеру әрдайым өзекті болып қала береді.
Қала бюджетінен қаржыландырылатын бағдарламалардың орындалуына және бюджет қаражатының игерілмеу себептеріне сапалы талдау жүргізуге, жыл ішінде бюджеттің біркелкі атқарылуын қамтамасыз етуге, даму бюджетін іске асыру және қаланың даму жоспарының іс-шаралары мен нысаналы индикаторларын уақытылы орындау – басты назарда.
Осыған орай, бюджет қаражатының сапалы игерілуі ай сайын тұрақты қаралады және тиісті тапсырмалар беріледі. Қала әкімдігі тарапынан бюджет қаржысының тиімді жоспарлануына, пайдаланылуына қатысты қатаң талап қойылып, қаражатының толық игерілуін қамтамасыз ету қала әкімдігінің қатаң бақылауында.

Абылайхан УМИРБАЕВ,
Тараз қаласы әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.