Қалалық қоғамдық-саяси газет

Азаматтық қорғаныстың асқарындағы Абдимуслим

0 208

Қазақта «Бейнетіңнің зейнетін көр» деген жақсы тілек бар. Сондай-ақ «Бейнет түбі – зейнет», «Жасыңда бейнетін көрсең, қартайғанда зейнеті бұйырар» деп те мақалдатып жатады. Бір сөзбен айтқанда, бұлардың әрқайсысының астарында «Еңбек ете білсең, рақатын көресің» деген тәмсіл жатыр.

Еңбегімен еленген азаматтар арамызда баршылық. Солардың бірі азаматтық қорғау саласына 20 жыл өмірін арнаған Абдимуслим Мадибеков күні кеше зейнет демалысына шықты.
Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің мәжіліс залында өткен салтанатты шарада қызмет бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Жақсылық Бекбергенов құрметті ардагер атанған Абдимуслим Мадибековтің еңбек жолына тоқталып, жылы лебізін білдірді. Келесі кезекте қуаныш иесінің өзге де әріптестері жүрекжарды тілектерін арнады.
Абдимуслим Мадибеков 1976 жылы Байзақ ауданы, Сеңкібай ауылында дүниеге келген. Мырзатай атындағы орта мектепті үздік аяқтаған соң, қазіргі Астана қаласындағы №6636 әскери бөлімінде 2 жыл Отан алдындағы борышын өтеген ол азаматтық қорғау саласында 2006 жылдан бері қызмет атқарып келеді.
Ең алғашқы еңбек жолын Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіру автомобильдерінің жүргізушісі болып бастаған ол өзін тек жақсы қырынан көрсете білді. Сондай-ақ еңбексүйгіш әрі жауапты қызметкер ретінде танытты. Өрт сөндіру автокөліктері мен байланыс құралдарының тактика-техникалық сипаттамаларын жақсы меңгерген ол өрт болған жағдайда және апаттан құтқару жұмыстарында өзінің батыл іс-қимылымен, шапшаңдығымен, сауаттылығымен көзге түсті. Мәселен, осыдан шамамен 7-8 жыл бұрын кешкі мезгілде Тараз қаласындағы «Мыңбұлақ» (№9) ықшамауданындағы көпқабатты тұрғын үйдің бесінші қабатындағы пәтерден өрт шығып, тілсіз жаудың одан әрі шатырға жайылу қаупі туындайды. Ал қою түтін мен ыстың иісі тұрғындардың қолқасын қауып, тынысын бітейді. Осы кезде оқиға орнына жедел жеткен Тараз қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы жалынды сөндіру және адамдарды қауіпсіз орынға көшіру жұмыстарымен айналысады. Ал аталған шақырту орнына өрт сөндіруші-құтқарушыларды жедел жеткізген өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі Абдимуслим Мадибеков көлікті дұрыс әрі ыңғайлы жерге жедел орналастырып, үздіксіз әрі жоғары ағынды су беруді қамтамасыз етеді. Өзінің қызметтік міндеттерін атқарып қана қоймай, өзге өрт сөндірушілер жоғарыдан жас балаларды шабуылдық саты арқылы төмен түсіргенде, ол жерден қабылдап алып, алғашқы жәрдем көрсетіп, оларды медициналық жәрдем қызметіне тапсырады. Осылайша өрттің одан ары жайылуының алдын алған өрт сөндіруші-құтқарушылар өрт оқиғасы орнынан 7 адамды құтқарды. Айта кетер жайт, оның 3-і балалар болатын. Сондай-ақ 20 адамды қауіпсіз орынға көшіреді. Сонымен қатар ол өңірде ғана емес, өзге облыс аумағында орын алған, шамадан тыс мөлшердегі жауын суынан өзен-көлдер арнасынан тасу жағдайларында да өрт сөндіру автокөлігімен су жайылған аумақтағы су сору жұмыстарына белсенді қатысып, бірнеше тұрғын үйдің аулаларына жайылған суды сорып шығару жұмыстарын атқарған.
«Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» дегендей, осындай абыройлы қызметінің арқасында басшылық тарапынан түрлі марапаттарға ие болды. Мысалы, ІІІ және ІІ дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органындағы мінсіз қызметі үшін», Бауыржан Момышұлы атындағы медалімен, сонымен қатар түрлі сипаттағы Алғыс хаттармен және Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Міне, осылайша азаматтық қорғау органында ширек ғасырға жуық қызмет атқарған А.Мадибековті әріптестері өрт сөндірушілердің бұрыннан қалыптасқан дәстүрімен, яғни құтқарушының үстіне су шашу рәсімімен, соңғы рет дабылдатқышты қосып, ерекше құрметпен зейнетке шығарып салды.

Жұмаш Жолболды

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.