Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік шаралары

0 206

Жер сілкінісіне әрдайым дайын болу қажет. Жер сілкінісі қашан болатыны белгісіз, сондықтан үнемі дайындық үстінде болған жөн. Ол үшін төмендегі кеңестерге сүйенген абзал:
– Үйде, жұмыс орнында, мектепте, көшеде қауіпсіз орындарды бағдарлау;
– Отбасы мүшелерімен жер сілкінгенде не істеу керек екенін талқылап, алғашқы медициналық көмек беру ережесін үйрену;
– Дәрі қорабын дайындау және ондағы дәрі-дәрмекті қолдану ретін білу;
– Құжат, ақша, қалта шамын үнемі ыңғайлы орынға қою;
– Кереуетті терезе мен қабырғалардан алшақ орналастыру;
– Үйге кіретін жолды жиһаздармен, өзге заттармен бөгемеу;
– Шкафтар мен сөрелерді шегелеп бекіту, үстіне ауыр заттар қоймау;
– Улы химикат, тез тұтанатын сұйықтық секілді қауіпті заттарды жақсы оқшауланған сенімді орында сақтау.

Зілзала кезіндегі әрекет

Жер сілкінгенін ғимараттың шайқалғанынан, шамдардың теңселгенінен, ыдыс-аяқ пен әйнектердің сылдырынан, күшейіп жатқан гуілден білуге болады. Бұл жағдайда ең бастысы – үрейге бой алдырмау. Жер сілкінісі кезінде ең қауіпсіз жер – ғимараттан алыс көше мең алаң. Сондықтан бірінші дүмпуден кейін тез және қысқа жолмен далаға шығу керек. Өздігімен жүре алмайтындарға қауіпсіз орынға шығуға көмек берген дұрыс. Бұл жағдайда заттарды жинауға уақыт кетіруге болмайды. Мүмкін болса, тек құжаттар мен ақшаны алған дұрыс. Лифтіні пайдалануға тыйым салынады. Төменге баспалдақпен не өрт сатысымен түсу қажет. Мұндай жолмен ғимараттан шығу мүмкін болмаса, төсек жаймасынан арқан жасап, оны жылу батареясына байлаңыз да, терезеден түсуге болады. Бұл – балалар мен зардап шеккендерді құтқарудың тиімді тәсілі.

Жер сілкінісінен кейін не істеу керек?

– Дүмпулердің толық тоқтағанын күтіп, сабырлы болыңыз;
– үйде не пәтерде қалсаңыз, бүлінген заттарды түгендеп шығыңыз;
– электр желісінде, су құбырында ақау болса, ажыратыңыз;
– жарақаттанғандарға көмектесіп, оларға алғашқы медициналық көмек беріңіз;
– өрт ошақтарын анықтауға тырысыңыз және мүмкін болса, оларды сөндіру шараларын қолданыңыз;
– автокөлікті қауіпсіздікті қамтамасыз ету не көмектесу мақсатында ғана пайдаланыңыз;
– телефонды тек құқықтық тәртіп органдарының өкілдерін (102), өрт сөндірушілерді (101), дәрігерлерді (103), құтқарушыларды (112) шақыру үшін пайдаланыңыз;
– балконға шықпаңыз;
– зақымданған ғимараттардың жанынан өткен кезде сақ болыңыз.

Айдос Өтеген,
Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға офицері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.