Қалалық қоғамдық-саяси газет

Нашақорлық – ХХІ ғасыр дерті

0 223

Адамның денсаулығы – қоғам байлығы. Әрбір адам өз денсаулығының мықты болу жолдарын қарастырады. Өйткені дені сау адамның көңіл-күйі көтеріңкі болып, еңбекке әрқашан құлшына кіріседі. Халқымыз «Тәні саудың жаны сау» деп орынды айтқан. Салауатты өмір сүрудің бір негізгі күрделі мәселесі – жаман әдеттерден аулақ болу. Бүгінде ұрпақ санасын улайтын нашақорлық ғасыр дертіне айналып отыр.

Есірткі бағзы замандардан қолданылып келе жатқан дерт екені тарихтан белгілі. Біздің заманымызға дейінгі 2700 жылдары Қытайда апиын пайдаланылды деген дерек бар. Ал дүниежүзілік нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес 1987 жылдан бастап қолға алынды. Бүгінде бұл шаралардың еліміз үшін маңызы зор. Себебі Қазақстанда нашақорлықтың таралуы және қолдану проблемасы кәмелетке толмағандар мен жасөспірімдер арасында өте көлемді боп тұр.
Әуелі есірткіге әуестік білместіктен басталады. Жалпы жасөспірімдер қоршаған ортасының кері әсеріне иланғыш келеді. Топтық психология, еліктеушілік, бірге жүрген топ ішінде біреуі есірткі дәмін татқан болса, уақыт өткен соң топтың барлық мүшелері есірткіге әуестенуге әкеп соқтырады.
Әлемді жайлаған нашақорлық дерті күн сайын тамырын тереңге жайып барады. Нашақорлық – адамзат баласының денсаулығы мен еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін үлкен қатер. Есірткі – қармағына бір іліндірген соң, торға түскен балықтай қанша бұлқынғанмен, қайтып құтылу екі талай кесел. Әсіресе жастарды көктей орып, жуадай солдыратын көкнәр, апиын, наша тарту есірткіқұмарлыққа жатады. Есірткінің әлемнің көп елдеріне жайылып, жасырын бизнестің ең қауіпті түріне айналуы қазіргі кездің ең өзекті проблемаларының біріне айналып отырғаны жасырын емес.
Халқымыздың денсаулықты байлық пен басқадан да жоғары қоюынан-ақ оның қадірі қаншалықты екенін білуге болады. Осындай баға жетпес байлықтың қадірін түсінбей, өз өміріне өз қолдарымен балта шауып жүрген жандар қаншама. Өздерінің болашағын ойлаған, алдарына мақсат-бағдар қойып, өмірде жақсы белестерге жетеміз деген жастар есірткіден бойларын аулақ ұстағандары жөн.

Ботакөз ЮРЧИЕВА,
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық
әмбебап ғылыми кітапханасының
бөлім меңгерушісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.