Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа оқу жылына дайындық жайы қаралды

0 16

Осы аптаның сәрсенбісінде аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің міндетін атқарушы Ержан Әмірхановтың төрағалығымен кезекті кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов пен мәслихат депутаттары, аудан әкімдігінің бөлімдері мен оларға қарасты мекемелер, ауылдық округ, ауыл әкімдері, құқық қорғау, құзырлы органдардың өкілдері, аудандық білім бөліміне қарасты мектепке дейінгі тәрбие, білім беру мекемелерінің өкілдері және БАҚ өкілі қатысты.
Күн тәртібінде «Жылыту маусымына дайындық барысы туралы», «Оқу жылына дайындық барысы туралы» мәселелер қойылды.
Алғашқы мәселе бойынша аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Талғат Үсенбаев хабарлама жасады.
– Аудан бойынша білім саласы, денсаулық саласы, мәдениет, әлеуметтік және спорт саласы бойынша 108 қазандық оның 38-і 100 Гкалдан жоғары қазандықтар орналасқан.
Мойынқұм ауданы бойынша 2024-2025 жылдардағы барлық білім, әлеуметтік-мәдениет нысандарына – 13300 тонна көмір мен 395 тонна дизель отыны мен қамтамасыз ету жоспарлануда. Олар: аудандық білім бөлімінің мекемелеріне – 11023 мың тонна көмір, денсаулық сақтау саласына – 600 тонна көмір, мәдениет саласына – 598 тонна көмір, спорт саласына – 560 тонна көмір, аудандық полиция бөліміне – 169 тонна, №8 Мойынқұм колледжіне – 350 тонна көмір, сонымен қатар аудандық орталық ауруханаға қажетті – 240 тонна, аудан әкімі аппаратына қажетті – 115 тонна, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту бөліміне қажетті– 39,4 тонна дизель отыны қажет. Қазіргі таңда барлық қажеттіліктер бойынша конкурс жарияланып жеңімпаздар анықталған. Қатты отындар шетінен тасымалдануда, -деді Талғат Кәдірханұлы.

Келесі мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев хабарлама жасады.
Мойынқұм ауданының білім бөліміне қарасты 45 білім беру мекемесі бар. Оларды 24 мектеп (19 орта, 4 негізгі, 1 бастауыш), 15 балабақша, 7 мектеп жанынан құрылған шағын орталық және 5 мектептен тыс мекемелер, 1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті құрайды.
Жаңа оқу жылында білім алатын оқушылар саны: (болжаммен) – 2024-2025 оқу жылында 24 мектепте 5740 оқушы білім алмақшы. 590 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттағалы отыр.
Биылғы оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерге 45 млн. 216 мың теңге бөлінді. Оның ішінде оқулықтарды тасымалдауға 1,0 млн. теңге қаралды. Оқушыларды оқулықпен, оқу-әдістемелік кешендермен қамту мақсатында 7 баспамен келісім-шарт жасалып, мемлекеттік сатып алу порталына салынды.
Білім мекемесіне қарасты барлық білім беру ұйымдарында бейнебақылау камералары 100 пайыз орнатылған. Білім беру ұйымдарында 45 мекемеде 506 аналогтық және 73 цифрлық,барлығы 579 бейнебақылау камералары орнатылған.
Аудандық білім бөлімінің 2024 жылдың 29 шілдедегі №308 бұйрығымен 1 тамыз-30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы басталды. Бүгінгі таңға 37 оқушыға 740 000 теңге көлемінде мектеп формасы, мектепке қажетті құрал – жабдықтар алынды.
Аудан бойынша жалпыға міндетті білім беру қорынан 945 оқушыға 47398 теңгеден жалпы сомасы 44 791 110 теңге толық аударылды. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап 1-4 сыныптар барлығы болжаммен 2180 оқушы бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылатын болады.
Білім бөліміне қарасты білім беру мекемелерінде ағымдағы әктеу, сырлау жұмыстары толығымен аяқталды. Білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына дайын, -деп Жайдар Саттарқұлұлы сөзін қорытындылады.
Хабарламалар бойынша аудандық мәслихаттың депутаттары, ауылдық округ, ауыл әкімдері мен білім беру мекемелерінің өкілдері бірқатар сауалдар қойып, хабарламашылар нақты жауаптар берді.
Қаралған мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар хаттамаланып, әкімдік мүшелерімен қаулы қабылданды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.