Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көне шаһардың көркін ашқан жобалар

0 1  397

Бақытжан ОРЫНБЕКОВ,
Тараз қаласының әкімі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің өркендеуі ел дамуының берік негізі екенін баса айтқан болатын. Сондықтан екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз қаласын көркейту мақсатында үш жылдық даму жоспары қабылданған еді. Соған орай, тұрғындардың тұрмысын түзеп, инфрақұрылым игілігін арттыру бағытында ілкімді істер қолға алынып отыр.

Бас жоспар – басты бағдар

Бүгінде облыс орталығы Тараз қаласында 433 мыңнан аса халық тұрады. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңына сәйкес, қаладағы халық саны 400 мыңнан асқан кезде аудандар құрылады.
Ағымдағы жылғы 29 қаңтарда Үкіметтің қаулысымен қаланың жаңа Бас жоспары бекітілді. Осы Бас жоспарда екі аудан құру қарастырылған. Соған сәйкес, Тараз қаласымен іргелес жатқан Жамбыл, Байзақ аудандарынан аумағы 13 мың гектарды құрайтын, 45 701 тұрғыны бар 14 елді мекен қалаға қосылып, халық саны 479 мыңнан асады деп жоспарлануда. Қазір Тараз қаласының шекарасын өзгерту туралы Жамбыл облысы әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімінің жобасы әзірленуде. Аталған құжат ҚР Үкіметінен келісім алынғаннан кейін қабылданады деп күтілуде.
Екі аудан құру бүкіл қаланы бақылауды, қызметтерді тиімді ұйымдастыруды және қаланы оңтайлы басқаруды қамтамасыз етпек.
Жаңа Бас жоспарға сәйкес, шаһардың батыс бөлігінен «Шөлдала» алқабына барар жолда 1 150 гектар жер өндірістің әлеуетін көтеру үшін индустриалдық аймаққа беріледі. Осы мақсатта қазіргі таңда жалпы құны 47,6 миллиард теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобамен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-да «Тараз» индустриялық аймағы жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда қатысушылар ретінде 74,1 миллиард теңгеге 7 жоба айқындалған.

Жол жағдайын жақсарту – жауапты жұмыс

«Жол – экономиканың күретамыры» деп бекер айтылмаған. Өңірдің экономикалық әлеуеті жолдардың жағдайымен де өлшенетіні белгілі. Бүгінде осы бағыттағы жұмыстар да ерекше қарқын алып отыр.
Айталық, қазір облыс орталығында 1 445 көше болса, оның 902-сіне асфальт, 543-іне шағал тас төселген. Былтыр 87,5 шақырымды құрайтын 145 көшеге асфальт жабындысы төселіп, Саңырық батыр мен Д.Шостакович көшелері қайта жаңғыртудан өтті. Осының нәтижесінде, қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 61-ден 65 пайызға дейін артты. Ал биыл жалпы ұзындығы 68,6 шақырымды құрайтын 118 көше және 18 шақырым жаяу жүргіншілер жолы орташа жөндеуден өтуде. Бұдан бөлек, «Коммунальник», «Лето», «Ветеран», «Химик», «Юбилейный» және «Победа» алқаптарындағы жалпы ұзындығы 73,8 шақырымды құрайтын 165 көшедегі шағал жол да жаңғыртылуда. Осының арқасында қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 70 пайызға дейін жеткізуді көздеп отырмыз.
Сондай-ақ көптен бері өзекті мәселе болып келген «Бурыл А,Б,В» және «Барысхан» тұрғын алқаптарында да жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Мәселен, былтыр «Бурыл» алқабындағы 75 көшенің 13-і асфальтталса, биыл қалған көшелерге толықтай асфальт жабындысының бірінші қабаты төселеді. Ал «Барысхан» тұрғын алқабында биыл 8 көше асфальт жолдың игілігін көреді. Сондай-ақ ағымдағы жылы қала көшелері мен шағынаудандардың ішкі жолдарына ағымды жөндеу жұмыстарына да қаржы 5 есе көбейтіліп, мердігерлер тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, көлік жолдарындағы жүктемені азайту мақсатында екі бірдей көпір құрылысын салу да жоспарланған. Олардың біріншісі – «Абай даңғылының теміржол үсті арқылы өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелі бөлігінің құрылысын салу» жобасы. Құны 16,9 миллиард теңгені құрайтын құрылыс ірі құрылыс бойынша қазір мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Екіншісі – «Абай даңғылының Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейін Тараз қаласындағы теміржол және өнеркәсіптік аймақ арқылы эстакадамен жалғасын салу» жобасы. Оның құны 24 миллиард теңгені құрайды. Бұл бойынша да қазір мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Аталған қос жобаны 2024-2025 жылдары республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін ҚР Ұлттық экономика министрлігіне бюджеттік ұсыным ұсынылды.

Қоғамдық көлік қолайлы болып келеді

Тараз қаласының аумағы кеңейіп, халық саны өскен сайын қоғамдық көліктерге деген сұраныс та артып келеді. Бұл мәселе тұрғындар тарапынан да жиі көтеріледі. Қаланы өркендетуге бағытталған 3 жылдық даму жоспарында да бұған ерекше екпін түсірілген.
Жалпы қазіргі таңда Тараз қаласында жолаушылар көлігі тасымалын жандандыру, жетілдіру және тұрғындарды қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз ету мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленді. Бұл бойынша аймақ басшысы да нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Осының аясында 2023 жылы қалаға 73 бірлік жаңа автобус жеткізілсе, биылдың өзінде олардың қатары 117 автобуспен толықты. Биыл бұған қосымша тағы 40 қоғамдық көлікті жеткізу көзделуде. Осылайша осы жылға жоспарланған 70 автобус алу бойынша меже артығымен орындалды. Сондай-ақ биыл облыс орталығында 75 аялдама орнатылғанын да айрықша атап өткен жөн.

Жаңғырған үйлер – шаһар шырайы

Күннен-күнге өркендеген Тараз қаласы шұрайлы шежіресімен қоса, шырайлы көркімен де талайдың таңданысын тудырып келеді. Бұл, бір жағынан, көне шаһардың туризм орталығына айналуын жеделдете түседі. Әсіресе көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы келбеті қалаға аялдаған әрбір адамның назарын бірден аударары сөзсіз. Сондықтан Таразда осы бағытта ілкімді істер қолға алынды.
Ерекше айта кетерлігі, Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы және «Нұрлы жер» 2021-2025 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту бағдарламасы аясында көппәтерлі тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстары 2011 жылдан бастап қолға алынып, республикалық, жергілікті бюджет пен қайтарым қаражат есебінен 489 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, күрделі жөндеуді қажет ететін көппәтерлі тұрғын үйлердің үлесі 43-тен 39 пайызға төмендеді. Сондай-ақ Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша 2024 жылға 53 көппәтерлі тұрғын үй жаңа кейіпке енуде. Бұл бойынша бюджеттік өтінім Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне ұсынылып, биыл тиісті қаржының бөлінуі қарастырылды.
Бұған қоса, 2025 жылы 54 үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттік өтінім Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне тапсырылған. Сонымен қатар «Интерстрой Азия» ЖШС тарапынан Төле би көшесінде орналасқан №11, «Тұрғын үй жөндеу», «Абырой Инвест» және «TarazGazNur» ЖШС-нің мердігерлігімен «Қаратау» ықшамауданы, №37 «А», №39 және «Салтанат» ықшамауданы, №29 «А», №29 «Б» жатақханаларына ішкі әрлеу, су, жылу, кәріз, электр қуатын жөндеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, коммуналдық меншікте тұрған «Бәйтерек» ықшамауданындағы №5, 8, 12, 14, 31, 39 үйлерге «Арқас-А», «Юг-ТехСнаб» ЖШС мердігерлігімен жөндеу жұмыстары қолға алынды.
Биыл облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, тек шағынаудандар ғана емес, орталықтағы үйлерге де басымдық берілуде. Соның айқын айғағы – «Қаратау құрылыс-2030» ЖШС мердігерлігімен Төле би даңғылында орналасқан №38, 40, 44, 48, 50, 52, 54, 56, 57, 58, 59 – жалпы саны 11 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеттері, шатырлары күрделі жөндеуден өтуде. Құрылыс жұмыстары қыркүйек айының ішінде аяқталды. Ал қалған 13 үйді келесі жылы жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Осы ретте айта кетерлігі, Абай даңғылындағы №117, 121, 123, 128, 129, 130, 132, 134, Желтоқсан көшесіндегі №71, Әйтеке би көшесі, №1, 2 және Қазыбек би көшесі, №103, 113, 120, 140 тұрғын үйлерді жаңғырту мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Жалпы Тараз қаласының тұрғын үй қорында тіркелген 1 438 көппәтерлі тұрғын үйдің барлығы келешекте жоспарға сай кезең-кезеңімен жаңғыртылады.

Отыз жылда жаңғырған жылу желілері

Соңғы бірер жылдың бедерінде қыс айларында еліміздің солтүстік аймақтарында орын алған апаттар жылу желілерін жаңғырту жұмыстарын жедел қолға алу керегін айқын аңғартты. Бұл бойынша ел Президенті де нақты тапсырмалар жүктеген болатын.
Осыған орай, 2023 жылы «Тараз қаласы Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелерінің бойындағы «М-1» жылу магистралін қайта жаңғырту» жобасы әзірленді. Аталған жылу желісінің ұзындығы 6,1 шақырымды құрайды.
Ағымдағы жылға аталған жобаны жүзеге асыру масқатында қазынадан тиісті қаржы бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмыстары 19 сәуірде басталды. Бекітілген өндірістік жұмыс кестесіне сәйкес, құрылыс жұмыстары өз мерзімінде аяқталуға жақын. Сонымен қатар «Тараз қаласының Жамбыл даңғылы, Д.Қонаев, С.Сейфуллин көшелері бойындағы «М-3» жылу магистралін қайта жаңарту» жобасына мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Жалпы тозығы жеткен кварталішілік жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша 10 жоба әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім берілді Аталған жобалардың сапалы жүзеге асуы облыс әкімі Ербол Шырақпайұлының тікелей бақылауында.

Шағынаудандар самаладай жарқырап тұр

Тараз қаласының тұрғындары тарапынан жиі көтерілетін тақырыптың бірі – жарықтандыру мәселесі. Көшелердің бойына орнатылған жарықтандыру шамдары шаһар мәдениеті мен көркінің ажырамас бөлігі болып есептеледі. Жарық жүйесі іңір қараңғылығы түскенде іске қосылып, жолаушыға жол сілтеп, мектептен қайтқан оқушыларға барар жолын көрсетіп қана қоймай, түнгі уақытта адамдар қауіпсіздігіне де қорған болады. Осы мақсатта былтыр облыс орталығындағы 83 көше жарықтандырылса, биыл 76 көшеге жарық жүргізілуде. Сондай-ақ облыс әкімінің пәрменімен қалалық бюджеттен 368 миллион теңге бөлініп, 10 шағынауданда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы жарықтандырылған. Нәтижесінде, 353 көпқабатты тұрғын үй аулалары, 79 кіреберіс жолдар және 44 359 тұрғын түнгі жарықпен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстарды келесі жылы қаланың өзге де аумақтарында іске асырылады.
Бұдан бөлек, С.Сейфуллин көшесінің бойына, нақтырақ айтсақ, Д.Қонаев көшесінен Саңырық батыр көшесі аралығы және Жамбыл даңғылына, Қ.Сәтбаев көшесінен Сыпатай батыр көшесі аралығындағы жаяу жүргіншілер жолына түнгі жарық шамдары орналастырылды. Сондай-ақ «Шөлдала», «28 саяжай» тұрғын алқаптарын электр желісімен қамтамасыз ету бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары толығымен аяқталып, 5 775 тұрғын үй абоненттеуден өтті. Енді ағымдағы жылы қала маңындағы саяжай алқаптарын электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында жоғары вольтты желілер мен қосалқы станциялар құрылысы басталды. Құны 8,7 миллиард теңгені құрайтын жоба 2025 жылы аяқталады.

Әрине, көне шаһардың көркін ашқан жобалар тек бұлармен шектелмейді. Айталық, қазіргі таңда Тараз қаласында 2 522 пәтерлі 50 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 50 үйдің құрылысын аяқтау көзделуде. Оның ішінде 34 тұрғын үй №15 шағынауданда, 16 тұрғын үй А.Асқаров көшесінің соңындағы алқапта орналасқан. Бұдан бөлек, Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде ағымдағы жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 669 пәтер сатып алынады. Сондай-ақ биыл облыс орталығында 9 алаңша ел игілігіне беріледі. Бұдан бөлек, биыл қала аумағында 14 спорт алаңшасы қалпына келтірілді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.