Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құс шаруашылығы қанат жайып келеді

Облыс орталығында өндірістік инкубатор іске қосылды

0 255

Кеше Таразда «Алель Агро» акционерлік қоғамы Жамбыл филиалының өндірістік инкубаторы іске қосылды. Нысанның ашылу рәсіміне Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, кәсіпорынның құс шаруашылығына тың серпін беретінін айрықша атап өтті.

– Мемлекеттің жан-жақты қолдауының нәтижесінде, облыс орталығы – Тараз қаласы да инвестиция игілігін сезініп келеді. Бүгінде осы бағытта қаламызда құны 35 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Жобалар іске қосылғанда, 944 жаңа жұмыс орындары ашылады деп көзделуде. Сонымен қатар құны 48 миллиард теңгені құрайтын 3 инвестициялық жоба бойынша арнайы келіссөздер жүргізілуде. Осы ретте, бүгін өз жұмысын бастаған «Алель Агро» акционерлік қоғамының облыстық филиалы қаламыздағы кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп, дамудың жаңа белесіне бастайды деп сенемін, – деген Бақытжан Әмірбекұлы шаһардың өндірісін өркендету бағытындағы жұмыстар мұнымен тоқтап қалмайтынын жеткізді.
Жылына 38 миллионға жуық балапан басып шығаруға қауқарлы инкубатор кешенінде 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Құны 2 миллиард 689 миллион теңгені құрайтын өндіріс орны заманауи құрал-жабдықтармен толығымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ инкубаторға қажет шикізаттар компанияның өз өндірісі арқылы жүзеге асырылады. Ал өнімдерді негізгі өткізу көздері – «Алель Агро» АҚ-ның меншігіндегі құс фабрикалары мен фермерлік қожалықтары.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.