Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ғылыми әлеуетті арттыра түседі

0 140

Президент биылғы Жолдауында еліміздегі жоғары білім беруді интернационалдандырудың маңызын атап өтті. Бұл қадам еліміздің білім жүйесін дамыту мен оның халықаралық қоғамдастыққа кіруі үшін аса маңызды екені сөзсіз.

Интернационалдандыру – жоғары білім саласының деңгейін арттырып қана қоймай, еліміздің ғылыми әлеуетін нығайтатын стратегиялық бағыт. Өзбекстан сияқты көршіміз де интернационалдандыру стратегиясын таңдап, онда бүгінде 30-ға жуық шетелдік жоғары оқу орны жұмыс істейді. Алайда олардың тәжірибесіне жасалған алғашқы талдауға қарасақ, филиалдар мен қос дипломды бағдарламалардың ашылуы елдің жоғары білім жүйесін жақсартуға қажетті нәтиже бермейтінін байқаймыз. Қазақстан Болон үдерісіне қатысуының нәтижесінде, Орталық Азиядағы басқа мемлекеттерге қарағанда біраз артықшылыққа ие. Осы арқылы еуропалық стандарттарға сәйкес келуге, шетелдік жоғары оқу орындарын тарту бойынша бастамаларды тиімді іске асыруға болады. Интернационализация сонымен қатар академиялық мобильділікті арттыруға, білім сапасын жақсартуға ықпал етеді. Отандық университеттер базасында шетелдік жоғары оқу орындарының филиалын ашу жергілікті және шетелдік оқытушылар арасында білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Бұл оқыту деңгейін арттырып қана қоймай, ғылыми дағдылардың өсуіне, бірлескен ғылыми жобалардың көбеюіне ықпал етеді. Нәтижесінде, Қазақстан өзге елдерден студенттерді тарта отырып, Орталық Азияның білім беру хабына айналады.
Интернационалдандыру стратегиясын іске асыру барысында шешілетін тағы бір мәселе – студенттердің басым көпшілігі шоғырланған Алматы, Астана сияқты ірі қалалардың шамадан тыс жүктемесінің болуы. Өңірлік жоғары оқу орындарының базасында шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу, сондай-ақ басым мамандықтар бойынша, оның ішінде техникалық және инженерлік мамандықтар бойынша оқытуға нысаналы гранттар мен квоталарды енгізу өңірлердің дамуын ынталандыру және таланттарды сақтау үшін маңызды қадам саналады. Бұл үлкен қалалардағы тұрғындар санын азайтып қана қоймай, адам ресурстарын бүкіл ел бойынша біркелкі бөлуге мүмкіндік береді.
Елімізде шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының ашылуы «Болашақ» бағдарламасының өзгеруіне де ықпал етуі мүмкін. Студенттерді шетелге жіберудің орнына, сапалы білімді әлдеқайда арзан бағаға алуға жағдай жасап, ішкі ресурстарды тиімді пайдалануға болады. Мысалы, Қазақстандағы шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарында оқу шетелге қарағанда арзан болып, сол білім деңгейін қамтамасыз ете алады. Бұл мамандарды елімізде даярлау үшін жағдай жасайды. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасының ресурстарын PhD және постдокторантура бағдарламалары бойынша ғылыми кадрларды даярлауға бағыттайды.
Президент осыған қоса қолданбалы ғылымның дамуы туралы айтты, мұнда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары маңызды рөл атқарады. Университеттердің тек оқытумен айналысып қана қоймай, ғылымды дамытып, ғылыми-зерттеу орталықтарын ашып, ғылыми жобаларды тартуы маңызды. Интернационалдандырудың тағы бір маңызды аспектісі – сапалы білім экспортының құралы ретінде қызмет ететін отандық жоғары оқу орындарының филиалдарын шет мемлекеттерде ашу. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Өзбекстандағы филиалы және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалының Ресейде ашылуы еліміздің білім беру сапасын өзге елдерде де мойындайды дегенді білдіреді.
Осылайша шетелдік жоғары оқу орындарының филиалын ашып, жоғары білім беру саласында халықаралық қоғамдастықты дамыту өңірлер мен жалпы елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, жоғары білім беру сапасын арттыруға, ғылыми қызметі мен еліміздің халықаралық аренадағы ұстанымын нығайтуға ықпал етеді.

Қуаныш ЕРҒАЛИЕВ,
Назарбаев университетінің профессоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.