Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әлем қолөнершілері – Әулиеата төрінде

0 240

Күні кеше әлем қолөнершілері Әулиеата төрінде бас қосып, ұрпаққа ұран болар із қалдырды.
«Тараз – қолөнершілер қаласы» ұранымен үш күнге ұласқан көрме «Көне Тараз» тарихи- этномәдени кешенінде түндігін түріп, оған Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Швейцария, Болгария, Моңғолия, Үндістан, Кувейт сияқты шет мемлекеттермен қатар, еліміздің Алматы, Шымкент қалалары мен Батыс Қазақстан облысының қолөнершілері ат ізін салды. Шеберлер өз қолдарынан шыққан бұйымдарын жұртшылыққа ұсынып қана қоймай, өзара тәжірибе де алмасты.

Тағылымы мол шараның ашылуында қонақтарды Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек қарсы алып, көрменің өңірдің туристік әлеуеті үшін маңызын ерекше атап өтті.
– Ежелден Ұлы Жібек жолы бойындағы қолөнер және сауда орталықтарының бірі ретінде әлемге танымал болған тарихы терең Тараз қаласы 2022 жылдың 1 қазанында Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енгізілді. Бұл іс-шараны біздің өңірдің мәдени-туристік саласындағы ең ірі оқиға деп санауға болады. Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізімі 2014 жылдан бері қалыптасып келеді және бүгінде бұл тізімге әлемнің 25 мемлекетінің 65 қаласы енген. Ал біздің қасиетті Таразымыз осы тізімге 56-шы болып енгізіліп, Қазақстанның алғашқы қолөнершілер қаласы мәртебесін иеленді. Бұл ауқымды оқиға өңірдің мәдени-рухани және туристік салаларының дамуына жаңа серпін беріп, облыс көлемінде қолайлы туристік ахуал құруға ықпал етеді, – деді Әбілхайыр Ғалымұлы.
Өз кезегінде сөз алған Қырғыз Республикасының қолөнершілер қауымдастығының президенті Нұрзат Жээнбекқызы Тараз қаласы мен қолөнершілер шаһарына келгендегі алғашқы әсерімен бөлісті.
– Киелі Тараз жеріне, ұрпақтан-ұрпаққа ұлттық өнерді насихаттап, әлемдік қолөнершілердің халықаралық қауымдастығының мүшесі атанған шаһарға келу – мен үшін үлкен қуаныш. Шараға қатысушы барлық шеберлерді, әріптестерімді бүгінгі қолөнер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Тараз бұған дейін тасын түртсе, тарихы көрінетін шаһар ретінде танылса, енді міне, дүниежүзілік қолөнершілердің басы тоғысатын алтын ордаға айналып отыр. Бұл Тараздың абыройын тағы асқақтататыны анық, – деді Қырғыз Республикасы қолөнершілер қауымдастығының президенті.
Мәртебелі меймандардың қатарында Санта-Фе халықаралық қолөнер көрмесінің басқарма кеңесінің кеңесшісі, АҚШ өкілі Lopez Carol Robertson, Тәжікстан өкілі Ахмадчон Одилович, «Хунарманд» қауымдастығының жетекшісі Сухроб Шодиев, Кувейт қолөнер қауымдастығының төрағасы Хусейн Али Албаззаз, Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің президенті Саад Хани Аль-Каддумидің болғаны да көрменің бағасы мен беделін тағы биіктете түсті.

Көрме барысында Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің өкілдері Тараздағы «Қолөнер үйі», «Мирас» жеке кәсіпкерлігі, «Аспара» колледжі, «Анаға тағзым» орталығы, «Жас қолөнерші», «Төрткүл» керуен сарайы секілді нысандарға арнайы ат басын бұрып, қолөнер шеберханаларының жұмысымен танысты. Мұнда шеберлер өткен дәуірлердің қолөнершілері жасаған тарихи бұйымдар мен заманауи өнер туындыларын тамашалады. Бұдан бөлек, шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, онда қолөнер саласында ұзақ жыл тер төгіп келе жатқан шеберлер тәжірибе алмасып, өз жұмыстарын көрсетуге мүмкіндік алды. Одан әрі шара «Дәстүрлі және қазіргі заман» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласып, «Aspara fashion» сән көрсетілімімен жалғасты. Ал ұлттық құндылықтарды ұлықтаған мазмұнды шараның алғашқы күні гала-концертпен түйінделіп, эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздар қонақтарға естен кетпес кеш сыйлады.
Халықаралық көрменің екінші күні Тараз қаласының әкімі
Бақытжан Орынбеков пен Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесі өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылған борт-митингпен басталды.
Басқосуда әуелі шаһар басшысы сөз алып, қолөнер саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– 2014 жылдан бері қалыптасып келе жатқан Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне бүгінде әлемдегі 25 мемлекеттен 65 қала енген. Ал бұл мерейлі мәртебеге Қазақстаннан тұңғыш рет Тараз қаласы қол жеткізді. Демек, бұл тек өңіріміздің ғана емес, тұтас еліміздегі рухани-мәдени оқиға деп санауға болады.
Бүгінде қолөнерді дамыту мақсатында Таразда ілкімді істер қолға алынуда. Айталық, қазір көне шаһарда қолөнермен айналысатын «Өшпес мұра», «Қолөнер Тараз», «Қолөнершілер одағы», «Шебер Шаңырақ» қоғамдық бірлестіктері мен 190-ға жуық қолөнерші жұмыс істейді. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға бағытталған тағылымға толы іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Осы бағытта жұмыс істеуге ниетті кәсіпкерлерге де жарқын жобаларын жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар күні кеше шаһарда «Қолөнершілер үйі» өз жұмысын бастады. Мұнда қолөнер шеберлеріне барлық жағдай жасалған. Жастардың осында келіп шеберлерден тәлім алуына да мүмкіндіктері мол. Осының нәтижесінде, өскелең ұрпақтың қолданбалы өнерге қызығушылығы артып келеді, – деген Бақытжан Әмірбекұлы халықаралық көрменің жоғары деңгейде өтуіне атсалысып жатқан мәртебелі меймандарға алғысын жеткізді.
Ал Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің президенті Саад-Аль-Каддуми Тараз шаһарындағы халықаралық көрменің ұйымдастырылу барысына жоғары бағасын берді.
– Осыдан екі жыл бұрын Тараз қаласы Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енген болатын. Содан бері халықаралық кеңес өкілдері қолданбалы өнерді дамыту бағытында осында атқарылған жұмыстарды әрдайым назарда ұстады. Жан-жақты зерделеу нәтижесінде, кеңес сарапшылары бүгін Тараз қаласын ұйымның аккредитациясынан өткізу туралы шешім қабылдады. Осылайша тарихы бай көне шаһар өзінің Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне қосылуға лайық екенін толығымен дәлелдеді, – деген ұйым басшысы қала әкіміне Тараздың аталған тізімге енгенін растайтын сертификатты ресми түрде табыс етті.
Осылайша Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесі көне шаһарға деген адал да әділ бағасын беріп, құрметін көрсетті. Бұдан бөлек, көрмеге белсене қатысқан қолөнер шеберлері аталған кеңестің сертификаттарымен марапатталса, саланы дамытуға үлес қосқан бірқатар азаматқа «Дүниежүзілік қолөнершілер ұйымына – 60 жыл» мерейтойлық медалі табысталды.
Көрменің үшінші күні қонақтар «Жеңіс» саябағына тал көшеттерін отырғызып, «Таза Қазақстан» акциясына өз үлестерін қосты. Сонымен қатар «Үшбұлақ» жағалауын тамашалап, жасыл-желекті шаһардың сұлулығына тәнті болды.
Үш күнге созылған қолөнершілер көрмесінің қорытынды жиынында Азия-Тынық мұхит аймағы қолөнершілерінің дүниежүзілік кеңесінің президенті Азиз Муртазаев сөз алып, қолөнер түрлерін дамыту мақсатында көне шаһарда жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстарға дән ризашылығын білдірді.
– Тараз өзінің Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне кездейсоқ таңдалмағанына тағы да көзіміз жетті. Бұл бағытта атқарылған ілкімді істер көңіл қуантады. Осы ретте ауқымды жұмыстарды үйлестіріп, дұрыс жолға қоя білген қала басшылығына ризашылығымды жеткізгім келеді. Енді олар осымен тоқтап қалмай, қолданбалы өнердің көкжиегін одан әрі кеңейте түседі деген сенімдемін, – деген Азиз Муртазаев шаһарға Дүниежүзілік қолөнершілер қалалары топтастырылған жинақ кітапты тарту етті.
Осылайша төрткүл дүние көз тіккен Тараздағы қолөнершілер көрмесі көптің көңілінен шықты. Енді одан қандай мұра қаларын уақыт көрсете жатар. Ең бастысы, ұлттық өнерімізді ұлықтаған мұндай шаралардан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық.

Аман ЕСЕН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.