Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шетелдік маманға да шектеу бар

0 230

Қала әкімдігінің мәжіліс залында облыс орталығындағы әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу бойынша үшжақты комиссия отырысы өтті.

Толғанай АТАБАЙ

Отырысты қала әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұржан Баймұратов ашып, жүргізді. Әлеуметтік әріптестік жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның атқарылған жұмыстары және шетел жұмыс күшін тартатын кәсіпорындардағы жұмыскерлердің жалақысы мен еңбек жағдайлары мәселелері бойынша өткен басқосуға облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Молдашев, үшжақты комиссия мүшелері мен жұмыс беруші кәсіпорын өкілдері қатысты. Отырыс барысында облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Момынқұлұлы шетел мамандарын жұмысқа алған кәсіпорындар жайын баяндап, орын алған олқылықтарды ортаға салды.

– Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан облысқа 774 шетел маманына квота белгіленген болатын. Аймақ бойынша 28 кәсіпорынға берілген рұқсаттарға сәйкес 249 шетел азаматы жұмыс атқаруда. Аталған 28 жұмыс беруші кәсіпорынның 19-ы Жамбыл облысында тіркелген. Республика бойынша мемлекеттік еңбек инспекторларымен биыл шетел мамандарын тартатын кәсіпорындарға тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде өңірде 15 заң бұзушылық анықталды. Кәсіпорындарда кеткен кемшіліктердің басым бөлігі жалақыны уақытында төлемеу, еңбек келісімшартын тоқтатқаннан кейінгі жұмыскерге тиесілі соманы бермей міндеттен жалтарған. Сондай-ақ жергілікті жұмыс беруші компаниялар арасында қазақстандық жұмыскерлердің ақысын төмендету, шетелдік жұмыскерлерді біліктілікке сәйкес келмейтін лауазымдарға тарту фактілері секілді олқылықтар орын алған, – деген баяндамашы шетелден жұмыс күшін тартудың тәртібін түсіндіріп өтті.

Бұдан кейін қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұржан Сайлауұлы үшжақты комиссияның есепті мерзім аралығындағы атқарылған жұмыстары туралы баяндама жасады. Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірге келетін шетел мамандары ішкі еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша тартылуда. Олардың негізгілері: сапа жөніндегі инженер, инженер-энергетик, инженер-электроник, жабдықтарды жинақтау жөніндегі инженер, жөндеу және сынақтан өткізу жөніндегі инженер, инженер-жобалаушы, метрология бойынша инженер, электр жабдықтарын жөндеу және бақылау жөніндегі электромонтер және тағы басқа мамандықтар.
Жиын соңында шетел мамандарын тартатын кәсіпорындар меморандумға қол қойды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.