Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразда халықаралық қолөнершілер көрмесі жалғасуда

0 214

Көне шаһарды кешелі бері думанға бөлеген «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты ІІІ халықаралық қолөнершілер фестивалі бүгін де жалғасуда.

Екі күнге ұласқан ауқымды көрме аясында Тараз қаласына Дүниежүзілік қолөнершілер ұйымының арнайы Сертификатын табыстау рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, халықаралық қолөнершілер қауымдастықтарының өкілдері, сарапшылар мен қолөнер шеберлері қатысты.

Әуелі Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің президенті Саад-Аль-Каддуми мен Азия-Тынық мұхит аймағы қолөнершілері дүниежүзілік кеңесінің президенті Азиз Муртазаев сөз алып, биылғы халықаралық көрменің ұйымдастырылу барысына жоғары баға берді.
– Осыдан екі жыл бұрын Тараз қаласы Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енген болатын. Содан бері халықаралық кеңес өкілдері қолданбалы өнерді дамыту бағытында осында атқарылған жұмыстарды әрдайым назарда ұстады. Жан-жақты зерделеу нәтижесінде кеңес сарапшылары бүгін Тараз қаласын ұйымның аккредитациясынан өткізуге шешім қабылдады. Осылайша тарихы бай көне шаһар өзінің Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне қосылуға лайық екенін толығымен дәлелдеді, – деген ұйым басшылары қала әкіміне Тараздың аталған тізімге енгенін растайтын арнайы Сертификатты табыстады.

Келесі кезекте Бақытжан Әмірбекұлы көрмеге арнайы келген мәртебелі меймандарға алғысын білдіріп, бұл бағыттағы әріптестік байланыс әрі қарай да беки түсетінін жеткізді. Сондай-ақ шаһар басшысы қолөнерді өркендетіп, шеберлерге қолдау көрсету мақсатындағы жүйелі жұмыстар үздіксіз жалғасатынын да айрықша атап өтті.

Сонымен қатар шара барысында фестивальге белсене қатысқан қолөнер шеберлері дүниежүзілік кеңестің сертификаттарымен марапатталса, саланы дамытуға үлес қосқан бірқатар азаматқа «Дүниежүзілік қолөнершілер ұйымына – 60 жыл» мерейтойлық медалі табысталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.