Қалалық қоғамдық-саяси газет

Татами тарланы – туған жер құшағында

0 1  594

Дзюдодан Парижде өткен Жазғы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Ақмарал Науатбекті туған жері Жуалы жұртшылығы ерекше құрмет-қошеметпен қарсы алды.

Салтанатты шараға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков, Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев пен ардагерлер және жастар қатысты.
Әуелі сөз алған Нұржан Қырықбайұлы жерлесіміздің жарқын жетістігіне кеңінен тоқталып, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтау хатын оқыды. Сондай-ақ Жамбыл облысының Құрметті ардагері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Әбілқасым Ергебеков ақ батасын берсе, «Садыбай-Байтана» қорының президенті Досжан Әлжапаров, профессор Бейсенбай Төлебеков, медицина саласының ардагері Тұрғын Жігітеков, ауданның шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерінің атынан Серік Садиров, Еркебай Нағашыбеков, Сыбанбай Арынов, Әсет Олжабаев, Мұхамеджан Әсемов, Диқан және Қайрат ауылынан Жарас Сармурзин, Бақтыбай Жартыбаев ақжарма тілектерін арнады.
Шара барысында Жуалының жампозына демеушілер тарапынан 5 миллион теңгенің сертификаты табысталса, жаттықтырушысы Айдын Анапинге аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен 1 миллион теңге сыйақы берілді. Чемпионның анасы да құрметтен кенде қалмай, иығына ақ орамал мен қазақы нақыштағы қамзол жабылды. Бұған қоса «Садыбай-Байтана» қорының атынан Ақмарал Науатбектің жарына арғымақ сыйға тартылды.
Бұдан кейін Қайрат ауылындағы Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының музейіне ат басын бұрған чемпион даңқты қолбасшының рухына тағзым етіп, осында өз қолтаңбасын қалдырды. Сонымен қатар туған ауылы Диқанға да арнайы барып, аула клубының жанынан ашылған дзюдо күресі үйірмесінің лентасын қиды.
Осы ретте айта кетерлігі, 48 келі салмақ дәрежесінде топ жарған Ақмарал Науатбек тек дзюдо ғана емес, барлық спорт түрінен Паралимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ қызы.

Аман ЕСЕН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.