Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сапасыз ауызсу сан соқтырады

0 64

Су – тіршіліктің негізі. Біз онымен үнемі қарым-қатынас жасаймыз: ішеміз, тамақ пісіреміз, жуынамыз, өсімдіктерді суарамыз… Сондықтан оның сапасы өте маңызды. Себебі онда зиянды қоспалардың аз мөлшері кездессе де, егер токсиндермен байланысы аз, бірақ үнемі болатын болса, денсаулыққа үлкен зиян келтіруі мүмкін. Тұрғындардың денсаулығы мен санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығының деңгейі де тікелей осыған байланысты.

Жалпы ауызсуға қойылатын негізгі талаптар – эпидемиялық және радиациялық жағынан қауіпсіз, химиялық құрамы бойынша зиянсыз және жағымды органолептикалық қасиеттері болуы керек. Алайда тіршілік нәрінің тазалығын анықтау мүмкін емес, өйткені ондағы көптеген зиянды заттар толығымен көрінбейді екен. Сондықтан судың сапасына күмәнданбау үшін оны зертханалық тексеруден өткізу керек. Бұл тұрғыда ғылыми әдіс-тәсілдер ауадай маңызды. Қазіргі таңда «Жамбыл су» мекемесінің аккредиттелген сынақ зертханасы ауызсудың, сумен жабдықтау көздерінің, өндірістік кәсіпорындардың ағынды суларының сапасын ғылыми негізде бақылайды.
Сынақ зертханасы өз қызметінде ҚР қолданыстағы заңнамасын, ұйымдастырушылық және әдістемелік құжаттарды басшылыққа ала отырып, әртүрлі санаттағы нормативтік құжаттамамен қамтамасыз етілген. Аталған зертхана әртүрлі іс-шараларға қатысып, өз құзыреттілігін үнемі растап келеді. Мәселен, судың ионды-тұзды стандарттық үлгілерін бақылаумен зертханааралық салыстырмалы сынақтарға жыл сайын қатысып, үнемі жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Осының жарқын дәлелі – сынақ зертханасы Сапа күніне орай «Эксперт» Оқу орталығы» ЖШС-нде өткен «Үздік зертхана» байқауына қатысып, жүлделі бірінші орынды иеленген болатын.
Зертхананың құрылымы ауызсу және ағынды судың химиялық және бактериологиялық бөлімдерінен тұрады. Химиялық және бактериологиялық бөлімдер бір-бірімен тығыз байланысты. Олардың негізгі міндеттері – Тараз қаласының таратқыш желісін және таратушы желісін орталықтандырылған сумен жабдықтау көздерін толығымен химиялық, бактериологиялық талдау. Ауызсудың органолептикалық, бактериологиялық және химиялық құрамын бақылау күн сайын «Жамбыл су» мекемесінің басшылығымен бектілген және ҚР Денсаулық сақтау министірлігінің Жамбыл облысы бойынша қоғамдық денсаулықты сақтау комитетімен келісілген кесте бойынша жүргізіледі.
2015 жылғы 16 наурыздағы «Су көздеріне, шаруашылық ауызсу мақсаттары үшін бөгеттердің орындарына, шаруашылық ауызсумен қамтамасыз ету және тұрмыстық-мәдени су пайдалану орындарына, сонымен қатар су нысандарының қауіпсіздігі» туралы №209 санитарлық ережесінің талаптарына сәйкес, бақыланатын параметрлер қатарына 29 көрсеткіш енгізілген. Соған сәйкес ауызсуды ғылыми зерттеу барысында иісі, дәмі, түсі, мөлдірлігі, жалпы қаттылық, жалпы минералдау (құрғақ қалдық), перманганат тотығу және құрамындағы органикалық емес заттарға баса мән беріледі. Осы ретте айта кетерлігі, ауызсу сапасын бақылау бағдарламасына сәйкес жылына бір рет радиологиялық бақылау енгізілген.
Бүгінде Тараз қаласында орталықтандырылған шаруашылық ауызсу, өндірістік және өртке қарсы сумен жабдықтау біріккен жүйесі қызмет етеді. Сумен қамтамасыз ету үшін Талас-Аса кен орынның жерасты сулары ғана пайдаланылады.
«Жамбыл су» мекемесінің сынақ зертханасының деректері бойынша ұнғымалардан, сондай-ақ жергілікті ұнғымалар арқылы берілетін судын құрамы Санитарлық ережелер талаптарына сәйкес, сондықтан қосымша тазартуды талап етпейді. Суды тұтынушыға берілетін жолдары арқылы залалсыздандыру үшін және оны желіге қосар алдында натрий гипохлоритімен хлорландырады (ас тұз электролизімен). Ол үшін су бөгеттерінде «Хлор-2001» хлорлы қондырғылар қолданылып, сағат сайын хлор қалдығы анықталады. Ауызсудағы хлордың болмашы иісі су бактериологиялық ластанудан залалсыздандырылғанын және стандартқа сай келетінін көрсетеді. Хлордың жеңіл қоспасы – қалдық хлор. Ол судың тұтынушыға берілетін жолдары бойынша зақымдануының алдын алуға қажет. Сондай-ақ ол денсаулық үшін мүлдем зиянсыз, ашық ыдыста немесе қайнатқан кезде иісі тез ұшып кетеді.
Сынақ зертханасындағы аса маңызды бөлімдердің бірі – төгілетін тазартылған сарқынды суларды бақылау. Аталған бөлімнің негізгі қызметтеріне өндірістік ұйымдардан қалалық кәрізге ағызылатын сарқынды сулардың, сүзілу алаңдарына қабылданатын ағынды сулардың сапасын және сүзгілеу алаңдары орналасқан ауданда ұңғымаларды ай сайын бақылау жатады.
Қазіргі таңда зертхананың материалдық-техникалық базасы да нығайып, қажетті өлшеу құрылғыларымен, зертханалық сынау және көмекші құрал-жабдықтармен, химиялық реактивтермен, қоректік орталармен және көрсеткіштерін анықтау үшін арнайы ыдыспен толығымен қамтамасыз етілген. Оны жаңарту және жетілдіру бойынша тиісті жұмыстар ҚР нарығында жаңа жабдықта тапжылмай жүргізілуде. Жыл сайын осы мақсаттар үшін қаражат геометриялық прогрессияда бөлінеді. Сынақ зертханасына үнемі су сапасын бағалау мен бақылаудың жаңа әдістемесі де енгізілуде. Бүгінгі күні қолданыстағы өлшеу құрылғылары және сынақ жабдықтары сынақтың толықтығын және дұрыстығын, нәтижелерінің дәлдігін талаптарға сәйкес қамтамасыз етеді.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.