Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бактериологиялық зертхана туберкулезге тосқауыл қояды

0 2  005

Туберкулез – әлемдегі ең жұқпалы әрі қауіпті аурулардың бірі. Бұл кеселді жұқтырған адамдардың өмірі түбегейлі өзгереді. Өйткені науқастар тек физикалық ауырсынумен ғана емес, емдеудің ұзақ уақытқа созылуына байланысты туындайтын күйзеліспен де күреседі. Тіпті ондай адамдар қоғам тарапынан түрлі қысымға да ұшырайды. Сырқаттың белгілері бірден пайда болмайды. Яғни ауру белгілері жұққаннан кейін бірнеше ай немесе жылдан соң ғана білінуі мүмкін.

Туберкулез қоздырғышын 1882 жылы неміс ғалымы Роберт Кох ашқан. Негізгі таратушы – туберкулезбен ауырған адам, оның қақырығы. Ал жануарлар арасында аталған дертпен әсіресе ірі қара мал жиі ауырады. Туберкулез ауа тамшылары арқылы жұғады, яғни қатты сөйлегенде, түшкіргенде, жөтелгенде бірнеше кішкентай бөлшектері ауаға бөлінеді. Ол жылына 10-15 адамға жұғуы мүмкін. Ауамен бірге туберкулез микобактериясы өкпеге түсіп, сау адам ауыруы ықтимал. Алиментарлы жолы арқылы көбінесе туберкулезбен ірі қара малдар ауырады. Шошқа, ит, тауық, қой және жылқы сирек шалдығады. Демек, адамға ауру малдың сүтінен де жұғатын жайттар аз емес.
Дегенмен бұл құрт ауруы барлық адамға бірдей жұға бермейді. Онымен негізінен ішінде иммунитеті төмендеген, әлсіз адамдардың ауырып қалу қаупі жоғары. Қазіргі таңда аталған кеселдің алдын алу шараларын сақтаған дұрыс. Туберкулез таяқшасы, әсiресе өкпе туберкулезiнiң жұқпалы (ашық) түрiмен ауырған адамның қақырығында көп болады. Алайда туберкулездiң жабық түрiмен ауыратын науқас фтизиатр дәрiгердiң бақылауында болуы керек. Өйткенi, ол сәл ауырып, көңiл-күйi нашарласа, тәннiң инфекцияға қарсыласуы әлсiреп, туберкулездiң белең алуы ықтимал. Көп жағдайда туберкулезбен халық арасында әлсіз адамдар ауырады. Олардың денін білімі төмен, жұмыс істемейтін, бірақ жұмысқа қабілетті 18 бен 45 аралығындағы адамдар құрайды.
Туберкулездің негізгі белгілері – салмақ тастау, тершеңдік, кеуде қуысындағы ауыру сезімі, қан түкіру, жалпы әлсіздік және тез шаршау, ұзақ уақыт бойы дене қызуының көтерілуі. Құрт кеселінің белгілері байқалған жағдайда дереу жақын маңдағы емханаға немесе аурухана дәрігерлеріне қаралып, қақырық анализін, туберкулез таяқшаларын анықтау сараптамаларын жүргізу және өкпесіне рентген жасау қажет. Қажетті фтизиатр мамандардың кеңесін алып, диагноз дәлелденсе, қажетті схемалар бойынша емделіп, ал туберкулезге күмән болса, диспансерлік «О» топта қаралып, тексерілуден кейін ол адамға қажетті қорытынды берілуге тиіс.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді халық даналығы. Расында, кез келген кеселдің алдын алу аса маңызды. Сол секілді туберкулезден түбегейлі құтылудың да жалғыз амалы – кеселді ерте анықтап, қажетті ем-дом шараларын қабылдау.
Айталық, құрт ауруымен күресте облыстық фтизиопульмонология орталығы жүйелі жұмыстар жүргізуде. Әсіресе орталықтың бактериологиялық орталығын айрықша атап өткеніміз жөн. Аталған зертхана былтыр дәріге сезімталдықты тексеру үшін сапа бойынша сыртқы бағалаудың халықаралық раундына қатысқан болатын. Оның ішінде жаңа және қайта бейімделген препараттар да бар. Осылайша бактериологиялық зертхана еліміздегі Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының, ҚР Ұлттық референс-зертханасының және Орталық Азияда туберкулезді жою жөніндегі USAID жобасының қолдауымен өз мүмкіндіктерін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жалпыұлттық зертханасында кәсіби түрде сынақтан өткізді. Оның қорытындысы бойынша, бактериологиялық зертхана туберкулезді, оның ішінде дәріге төзімді формаларын уақытылы және нақты диагностикалау жағынан жоғары кәсіби біліктілігін дәлелдеп, емтиханнан өткендерін растайтын халықаралық сертификатқа ие болды. Бұған дейін мұндай іс-шараға ҚР Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының Ұлттық референс-зертханасы ғана қатысып келген еді. Енді бұл қатарға облыстық бактерологиялық зертхана да қосылып, жамбылдық медицинаның дамуына серпін берді.
Бүгінде ғаламдық қор және USAID-тің қолдауымен орталықтандырылған облыстық бактериологиялық зертхана мен Талас, Байзақ, Меркі, Шу, Қордай, Т.Рысқұлов, Сарысу аудандарының орталықтарында орналасқан зертханалар «Джин экспорт МТВ риф» құралымен толық қамтамасыз етілген. Осы ретте жоғары деңгейлі мұндай зертханалардың көптеп ашылып, материалдық-техникалық базасының нығаюына Жамбыл облыстық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігері Дабыл Шымыровтың қосқан үлесі қомақты екенін айрықша атап өткен абзал.
Орталықтың зертханасында молекулярлық генетикалық «Бионее» әдістерінің көмегімен 3 сағат аралығында туберкулез таяқшасын анықтап, оның дәріге сезімталдығы айқындалады. Ал «Хайн-тест» әдісі микроскопиясы оң нәтижеден шыққан сынаманың дәріге сезімталдығын нақты көрсетеді. Сондай-ақ фенотипті әдіс бойынша «Бактек» автоматтандырылған жүйесінде сұйық қоректік ортаға патологиялық сынамаларды егу арқылы туберкулез таяқшасын қысқа мерзімде анықтап, тиісті емді тағайындауға, оны үзбей қабылдатып, толық сауығуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар аталмыш зертханада туберкулез таяқшасынан бөлек, өзге демикроорганизмдерді жылдам анықтау үшін биыл «Феникс» аппараты алынды. Аталған аппаратпен клиникалық маңызы бар микроорганизмдерді жылдам анықтау және микробтарға қарсы сезімталдықты тексеру жүргізіледі.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.