Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында баспасөз конференциясын өткізуде. Брифинг барысында Әбілхайыр Ғалымұлы жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға қарсы қолға алынған шаралар жөнінде баяндады.
– Бүгінде облыста барлығы 289 жер қойнауын пайдалану обьектісі бар. Оның ішінде қатты пайдалы қазбаларды барлауға және өндіруге арналған келісімшарттар және лицензиялар саны 110, кең таралған пайдалы қазбалар бойынша келісімшарттар және лицензиялар саны – 179-ды құрайды. Ағымдағы жылы келісімшарттардың міндеттемелерінің орындалуына мониторинг жүргізіліп, 38 жер қойнауын пайдаланушыға бұзушылықты жою туралы жөнінде хабарлама жіберілді. Нәтижесінде 11 адамның келісімшарттары, лицензиялары, рұқсаттары кері қайтарылды. Сондай-ақ облысқа салық түсімдерін ұлғайту мақсатында қызметін негізінен осы аймақта жүзеге асыратын салық төлеушілердің заңды мекенжайларын қайта тіркеу бойынша жұмыстар жүргізіліп, қатты пайдалы қазбалар бөлігінде 3 кәсіпорын облысқа тіркелді. Ал 6 кәсіпорын облысқа тіркелуге ниет білдіріп отыр.
Сонымен қатар ағымдағы жылы жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық тау-кендік шекарасынан тыс өндірудің 6 фактісі анықталып, шара қолдану үшін тиісті уәкілетті органдарға ақпарат жолданды. Осыған орай, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жер қойнауын заңсыз пайдаланушылармен күресу жөніндегі іс-шара жоспары әзірленіп, бекітілді. Соған сәйкес аудан, қала әкімдіктерімен Мобильді топтар құрылды. Мобильді топтар аудан аумағына қарасты жер учаскелерінде пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру фактілерін анықтап, заң бұзушылықтар туралы материалдарды шара қолдану үшін тиісті уәкілетті органдарға жолдайды, сонымен қатар аталған материалдар БАҚ және әлеуметтік желілерде тұрақты жарияланады, – деді Әбілхайыр Ғалымұлы.