Қалалық қоғамдық-саяси газет

Туризм дамыса, табыс та артады

0 165

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында баспасөз конференциясын өткізуде. Баяндамасы барысында Әбілхайыр Ғалымұлы аймақтағы туризм саласының ахуалына тоқталды. Оның айтуы бойынша, жыл басынан бері облыста жалпы туристік саланы дамытуға бағытталған бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылып, көптеген жетістіктерге қол жеткізілген.

– Ағымдағы жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша облысқа 40 844 турист келді. Оның 545-і шетелдік, 40 299 еліміздің басқа өңірлерінен келген туристер. Келушілерге 509 млн теңгеге қызмет көрсетілді.

2023 жылдың қорытындысы бойынша туризм саласына салынған инвестиция көлемі 25,6 млрд теңгені құрап, жоспар 209%-ға орындалса, бұл көрсеткіш ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында 10,3 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 220%-ға артығымен орындалып отыр.

Туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Осы уақытқа дейін Жамбыл ауданында орналасқан «Ақыртас» сарай кешенінде ауызсу тапшы еді. Жеке инвесторлардың қаражаты есебінен бұл нысан ауыз сумен қамтамасыз етілді. Тараз қаласынан 35 шақырым жерде орналасқан «Таскөл» демалыс орталығы өндірістік инфрақұрылымды жүргізу қағидаларына сәйкес 77 млн теңгеге электр желісімен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, 4 туристік нысанның инфрақұрылымын дамыту бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді, – деді Ә. Тамабек.

Бұдан бөлек, туризм саласына инвестиция тартумәселесі бойынша жалпы сомасы 15,9 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр екен. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 200 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.