Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ғасыр дертінің алдын алуға болады

0 2  806

ЖИТС (СПИД) – жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы Жер шарындағы адам өліміне әкелетін ең қауіпті 5 аурудың қатарына кіреді. Ал адамның иммун тапшылығы вирусын АИТВ (ВИЧ) жұқтырып алу ЖИТС індетіне себепші болады. Сондықтан қауіпті дерттен сақтанудың ең сенімді амалы – иммун тапшылығы вирусын жұқтырмау. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында қаншама рет айтылып та, жазылып та жүр. Халықтың да сауаттылығы жоғарылап, көзқарасы өзгерді, қорқыныш азайды. Дегенмен бұл жұқпаны тасымалдаушылар әлі де бар.

ЖИТС – иммундық қуаттың әлсіреуіне соқтыратын жұқпалы ауру. Дәрігерлердің дәлелдеуі бойынша, ауру адамның иммундық жүйесіне зақым тигізіп, қорғаныс қабілетін кемітеді. ЖИТС-пен ауырған кезде адам денесінде Т-лимфоцит деп аталатын қан клеткаларының саны азайып, дененің ауруға қарсылық көрсететін күші жойылады. Кесел адамды ақырын әлсіретеді. Сондықтан оны «ХХ ғасырдың обасы» деп бекер атамаған. Қорқынышты жағдайдың себебі – ауруды жұқтырған адамды емдейтін дәрі-дәрмек жоқ. АИТВ инфекциясынан толықтай сауықтыратын дәрі әлі ойлап табылмаған. Сондықтан оның алдын алу мен оған шалдыққандардың өмірін жеңілдету шарасы ғана жасалады.
Вирустың жұғу жолдарының үш түрі белгілі. Олар:
1. Қорғану тәсілдерін қолданбай жыныстық қарым-қатынаста болған кезде жұғады.
2. АИТВ инфекциясын жұқтырған адамның және сол қаннан жасалған препараттар арқылы (қан препараттары, қан жұққан шприц пен ине, сондай-ақ тазаланбай қайта пайдаланған дәрігерлік құрал-саймандар).
3. АИТВ инфекциясын жұқтырған анадан бойдағы балаға, яғни нәрестеге беріледі.
Вирус адамға жұққаннан кейін бірнеше апта өткен соң ауру белгілері байқала бастайды. Адам себепсіз дел-сал күйге еніп, қызуы көтеріліп, басы ауырып, іші өтеді. Егер желкедегі, қолтықтағы, бұғана үстіндегі бездер үлкейсе, ол аурудың өте күдікті белгілері болып саналады. АИТВ инфекциясы орталық жүйке жүйесіне әсер етіп, есалаңдыққа шалдықтырады.
АИТВ жұқтырған адамдар жылдар бойы өздерін дені сау адамдардай сезінеді және сыртқа да солай көрінеді. Олар жылдар бойы осы ауруды жұқтырғанынан бейхабар жүруі де мүмкін. Бірақ жыл өткен сайын алғашқы белгілері біліне бастайды.
Салмағы күрт төмендеп, үлкен дәрет созылмалы сұйық түрде кететін болып, әлсіздік белең алады, қоздырғыштар мен бактериялар тудыратын аурулар жиілей бастайды. Бірнеше жылдан, бәлкім, айдан соң ЖИТС өзінің бар екенінен толықтай хабар береді. Ауыр жұқпалы аурулар, ісіктер, орталық жүйке жүйесі қызметінің бұзылуы біліне бастайды.
Сізде АИТВ-ның бар-жоғын білудің бір ғана жолы бар. Ол – сараптама жасату. Дәрігер арнайы жасалған сараптама нәтижесінде ғана адамның АИТВ жұқтырғанын анықтай алады. Елімізде 20 аймақтық және бір республикалық ЖИТС-ке қарсы күрес жүргізу және оның алдын алу орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтардың бәрінде АИТВ инфекциясы бар-жоғын анықтау үшін сараптама жасалады. Дәрігерлер сіздің күретамырыңыздан қан алып, онда АИТВ-ның антиденесі бар-жоғын тексереді. Қанды алмас бұрын және нәтижелерін хабарламас бұрын олар сізге сараптама нәтижелерінің оң және кері нәтижесі жайлы мағлұмат беріп, сұрақтарыңызға жауап беруге тиіс.
АИТВ-ға сараптаманы өз тегіңізді айтып немесе жасырын түрде тегін жасатуыңызға да болады. Сараптама нәтижесі медициналық құпия болып есептеледі және оны жария еткені үшін медицина қызметкері заң алдында жауапкершілікке тартылады. Сіздің сараптамаңыздың қорытындысын тұрғылықты жеріңізге, жұмысыңызға немесе оқу орныңызға жария етуге олардың құқығы жоқ.
АИТВ да, ЖИТС те әзірге толықтай жазылып кетпейді, алайда күн сайын әлемде әлдеқайда тиімді, өмірді ұзартып, денсаулықты сақтауға көмек беретін дәрі-дәрмектер пайда болуда.
Тараз қаласында ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жүргізу орталығы 1989 жылы ашылған. Орталық тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шегінде АИТВ жұқтырғандарға және ЖИТС-пен ауыратындарға мамандандырылған амбулаториялық-емханалық медициналық көмек көрсетеді және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді. Орталық өз кадрларының біліктілік деңгейін мақтан тұтады және персоналдың білімін жетілдіру, жас мамандарды даярлау бойынша үнемі жұмыс істейді. Мұндағы медицина қызметкерлерінің жоғары және бірінші деңгейлі біліктілік санаттары бар.
Орталық мамандары АИТВ тіркелген науқастарды диспансерлік тізімге алып, қадағалап отырады. Сонымен қатар жастар арасында, халық арасындағы қауіпті топтарды құрайтын нашақорлар, жезөкшелер мен гомосексуалдар ішінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жұғу жолдарын ескерту үшін және басқа да іс-шаралар өткізу үшін «Достық кабинеті», «Сенім пункті» және жылжымалы «Сенім пункті» бар. Егер Сіздің сұрақтарыңыз болса, осы кабинеттерде анонимді түрде тексеріліп, жыныстық қатынас арқылы жұғатын аурулардан ақысыз емделуге болады. Егер де жасырын түрде қаныңызды АИТВ (ВИЧ) инфекциясына тексергіңіз келсе, біздің орталығымыз Тараз қаласы, Төле би даңғылы №64 «Г» мекенжайында орналасқан. Байланыс телефонымыз: 45-65-32.

Орынкүл АБДИКЕРИМОВА,
Жамбыл облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы
синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығы
бас дәрігерінің орынбасары

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.