Қалалық қоғамдық-саяси газет

Облыс орталығындағы озық оқу ошағы

0 279

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында отандық жоғары оқу орындарының білім сапасын арттыруды тапсырған болатын.

Әрине, Президент атап өткендей, халқымыздың «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген ұлағатты сөзінен білімнің баға жетпес үлкен рухани қару екенін, тек рухани қару ғана емес, сонымен қатар аса зор өндіргіш күш екенін білуіміз тиіс. Білімнің қуатына тең келетін басқа идеялық рухани күш-қуат көзі жоқ екені белгілі. Өйткені білім – тек ғылымның іргетасы ғана емес, сонымен бірге тасы өрге домалаған еңсесі биік елдермен терезесі тең мемлекет болудың күретамыры, ел дамуының алтын қаруы. Білім бар жерде даму, жетілу, кемелдену үрдісі бір сәтке толастамайды. Бұл бағытта облыс орталығындағы Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының атқарған жұмыстары аз емес.
Аталған оқу ошағының тарихына зер салсақ, Тараз инновациялық-гуманитарлық институты (ТИГУ) атауымен сонау 2008 жылдан бастау алады. Ал 2009 жылдың 18 мамырында 27 бакалавриат және 10 магистратура мамандығы бойынша білім беру қызметіне АБ №0064058 мемлекеттік лицензиясын алған болатын. Оқу орны құрылған күннен бастап білім берудің кредиттік технологиясын қабылдап, академиялық ұтқырлық туралы Болон декларациясының мүшесі болды. Сонымен бірге 2015 жылы Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік аттестациясынан сәтті өтіп, 2017-2022 жылдары арасында барлығы 39 білім бағдарламасы Білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз агенттігінен бағдарламалық аккредиттеуден сыртқы сарапшылардың оң шешімімен «Білім беру бағдарламаларын халықаралық аккредиттеу туралы» куәлігін алады. Сондай-ақ 2021 жылы шағын және орта кәсіпкерлердің ұсыныстары негізінде институт ұжымы университет мәртебесін институтқа өзгертуді шешеді. Осылайша институттың оқу және ғылыми жұмысының әлеуетіне жүргізілген талдау барысында дамудың басым бағыттары белгіленіп, құрылтайшылар жиналысының мақұлдауымен институттың мәртебесі мен атауын өзгерту туралы шешім қабылдап, 2020-2021 оқу жылының II жартыжылдығынан Халықаралық Тараз инновациялық институты болып жұмысын жалғастырып келген еді.
Бәрімізге мәлім, 2022 жылы елімізде Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміз Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы өткен болатын. Дүбірлі той аясында шаһар төріндегі Халықаралық Тараз инновациялық институтының бас ғимаратының алдында Шерхан Мұртаза ескерткіші ашылып, тау тұлғаның есімі Халықаралық Тараз инновациялық институтына берілген болатын. Институтта «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы 2009 жылдан жұмыс істеп келеді. «Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы бола алмайды», – деп ұлы Ғабит Мүсірепов айтқандай, әдебиеттің атқаратын орасан зор қызметімен ештеңе де теңесе алмайды. Осы тұрғыдан алғанда, Шерхан Мұртаза саналы ғұмырын қазақ әдебиеті мен руханиятының дамуына арнап, оған өлшеусіз үлес қоса білген дара дарын, біртуар тұлға болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Аталған орталықтың атқарып жатқан шаруалары аз емес. Мәселен, орталықтың бастамасымен Шер-ағаның 5 томдық шығармалар жинағы қайтадан шығарылды. «Бір кем дүние» кітабы өңделіп, жұртшылыққа қайта таратылды. Жаңа әкімшілік ғимараты бой көтерді, «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы жаңадан жасақталды, Студенттер үйінің алды күрделі жөндеуден өтіп, әуенді фонтан соғылып, «Шерхан аллеясы» демалыс скверіне айналды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» аты Жолдауында: «Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек», – деген еді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сайкес, студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету мақсатында оқу ордасы ұжымының шешімі бойынша 2018 жылы қала орталығында орналасқан «Тараз» қонақ үй кешені студенттік жатақхана үшін реконструкциялау арқылы 430 миллион теңгеге сатып алынып, 500 орындық Студенттер үйі қолданысқа берілді. Білімгерлер үйінде тәулік бойы жұмыс істейтін электрондық оқу залы, бизнес-тренингтер мен шеберлік кластарын, интеллектуалды ойындар мен пікірсайыстар өткізуге, ағылшын тілін үйренуге арналған коворкинг орталығы, «Cinema Hall» кино залы, online-семинарлар мен вебинарлар өткізуге арналған видеостудия конференц-залы, студенттік асхана, «Адалдық дүкені», 2 қабатты душ бөлмесі, гимнастика залы, студенттердің сұлулық салоны, шағын футбол алаңы, студенттердің шығармашылық орталығы, қызығушылығы бойынша үйірмелер мен клубтар қатарлы танымдық, мәдени және әлеуметтену орталығы болып саналатын заманауи үлгідегі кешен студенттердің барлық қажеттіліктерін бір орталықтан алуына толық мүмкіндік жасалған.
Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге жасаған жұмыс сапары аясында институттың Студенттер үйінде оқу орнының оқытушыларымен және студенттермен кездесіп, мемлекеттің білім саласына айрықша мән беріп отырғанын атап өтіп: «Еліміздің болашағы – жастар. Жаңа буын, жаңа толқын өсіп келеді. Білім алу өте маңызды. Абайша айтқанда, толық адам дегеніміз – ойы ұшқыр, зерек, білімге құштар адам. Әр нәрседе қанағат болуы керек. Бірақ білімге келгенде, қанағат болмауы керек. Әрдайым іздену керек. Еліміздің болашақта дамып, көркейген елге айналуы алдымен сіздерге байланысты. Біз сіздерге сенеміз, үлкен үміт артамыз», – деп оқу ошағының студенттеріне үлкен жауапкершілік жүктеген болатын.
Жалпы адам жаратылысынан білімге, ізгілікке жаны құмар болып өседі. Бұл жолда оның сенімді серігі, шынайы досы кітап екені анық. Бұл бағытта институттың атқарып жүрген шаруалары аз емес. Мәселен, ақпараттық кітапхана орталығы оқырмандардың отандық және шетелдік цифрлық ресурстарға қашықтықтан қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін электронды кітапханалар мен электронды кітапханалық жүйелер сатып алынды, олардың көлемі 150 000-нан астам ресурстарды құрайды. Электрондық кітаптар мен электронды кітапханалар жүйелеріне қосылу арқылы институт студенттерге білім беру мақсатында ұсынылған көптеген әдебиеттерге қашықтықтан қолжетімділікті қамтамасыз етті. Ресурс ғылыми қоғамдастықта – жоғары және орта арнаулы оқу орындарында, көпшілік кітапханаларында, мемлекеттік және жеке құрылымдарда белсенді қолданылады. Сонымен қатар ЭКЖ «IPR BOOKS» соңғы 10 жылдағы басылымдарды қамтиды, олардың тізімі үнемі өсіп отырады, мазмұны ай сайын жаңа электрондық басылымдармен, мерзімді басылымдармен жаңартылып отырады.
Бүгінгі күнге жалпы кітапхана қорында 500 мыңға жуық құжаттар жинақталған, құрамында кітаптар қоры, мерзімді басылымдар қоры мен электронды ресурстар қоры бар. Олар кітаптар, электронды оқулықтар, авторефераттар, магистрлік диссертациялар, газет-журналдар, электронды ресурстар, оқу-әдістемелік кешендерді құрайды. Кітапханалық қор ҚР білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес, оқулықтар, оқу-әдістемелік және ғылыми басылымдардан тұрады, жылына 10-35 мың дана басылымдармен жүйелі түрде әртүрлі жолдармен, яғни сатып алу, сыйға алу және тағы басқалар толықтырылады. Атап айтқанда, ҚР жоғары оқу орны қауымдастығы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Қазақ университеті», «Экономика», «Отан», «Фолиант», «Makmillan», «Ғылым ордасы», Жамбыл облыстық тілдерді дамыту басқармасы, Ресей баспалары және ХТИИ баспаханасы басып шығарған өнімдермен толықтырылып келеді. Жаңа басылымдармен таныстыру мақсатында «Мамандар декадасы», «Ақпарат күндері» өткізіліп, «Жаңа кітаптар» көрмелері, шолулар жасалып, «Дайджест» және «Жаңа кітаптар» бюллетеньдерінің дәстүрлі және электронды нұсқалары тұрақты тұтынушылар назарына ұсынылып тұрады. Қазіргі таңда Ақпараттық-кітапханалық орталығында 3 оқу залы, абонемент, электронды оқу залы, кітап қорын толықтыру және өңдеу секторы, кітап сақтау секторлары қызмет жасайды, штатында 11 қызметкер бар. Электронды оқу залдарындағы компьютерлердің барлығы интернет жүйесіне қосылған, локальді желіде жұмыс жасайды. Ақпараттық-кітапханалық орталықтың web-сайты, ашық форматта 24/7 форматта жұмыс жасайды, меншікті электронды каталогтар дерекқоры мен иемденген отандық, ресейлік электронды-кітапханалық жүйелерді, электронды кітапханаларды және шетелдік деректер базаларына қолжетімділік ұйымдастырылған. Және заманауи пайдаланушының кітапхана қызметін қашықтан қолдану, жедел ақпаратқа қол жеткізу, ақпаратты ұсыну және тарату қызметін жетілдіру мақсатында web-портал арқылы дәстүрлі және онлайн-сервистiк қызметтер ұсынылады. Заманауи пайдаланушының кітапхана қызметін қашықтан қолдану, жедел ақпаратқа қол жеткізу, ақпаратты ұсыну және тарату қызметін жетілдіру мақсатында web-портал арқылы дәстүрлі және онлайн-сервистiк қызметтер ұсына алатынын айта кеткеніміз жөн.
Сонымен қатар 2015 жыл – оқу ордасы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті тарапынан мемлекеттік аттестациядан табысты өтіп, мемлекеттік аттестаттаудың нәтижелері бойынша ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің 2015 жылғы 03 маусымдағы №795 бұйрығына сәйкес, бакалавриаттың 28 мамандығы және магистратураның 12 мамандығы бойынша білім беру қызметінің мемлекеттік лицензиясына 001 нөмірлі қосымшасы беріліп, 4 қабатты заманауи оқу ғимараты қолданысқа берілген болатын. Сонымен бірге «Тараз инновациялық көпсалалы колледжі» мекемесі Құрылтайшылар Кеңесі шешімімен аралымды басқару құқығы негізінде құрылып, меншік субьектісі ретінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне 2017 жылы тіркеліп, өз жұмысын бастады. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің 2017 жылы №KZ0LAA00009763 сериялы мемлекеттік лицензиясы берілген болатын.
Бүгінгі ұшқан құстай дамыған заманда цифрландыру – қоғам өмірінің сапасын жақсартатын және экономиканың бәсекелестігін арттыратын негізгі факторларының бірі. Бұл бағытқа ерекше назар аударған ҚР Президенті Қ.Тоқаев 100 мың IT-маман дайындауды тапсырып, Қазақстан цифрлық хабқа айналуы керек деген болатын. Осыған орай, институтта IT академиясы ашылған болатын. ІТ-мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының түлектеріне болашақта нарықтық экономиканың үрдісіне тиімді енуге және де кәсіби ынтымақтастық пен бәсекелестік жағдайында табысқа жетуге мүмкіндік береді. IT-академия бүгінгі күні облыстың IT білім беру саласында көшбасшыға айналып келеді. Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты өткен жылдың тамыз айында Дрондар Академиясы ашылған болатын. Академиясының мақсаты – курс тыңдаушыларын осы аппараттардың конструкциясымен, программалау негіздерімен, жалпы жаңа материалдармен таныстыру. Ұшқышсыз ұшақ түрлері, оларды қолдану мақсаты, тактикалық-техникалық сипаттамасы, жалпы құрылымы және оларды жинақтау әдістерімен таныстыру сабақтары жүргізілуде. Бүгінгі күні технология жетістіктерінің нәтижесінде, дрондар әртүрлі салада кеңінен қолданыста. Дронды басқару және программалау барысында академия тыңдаушылары физика және геометрия сияқты ғылыми концепцияларды іс жүзінде меңгеруде.
Сонымен бірге студенттердің денсаулығын нығайтуға және спортты жетілдіруге, институт қызметкерлері, профессор-оқытушылар құрамының және барлық қалаушылардың салауатты өмір салтын қолдауға бағытталған бұқаралық дене тәрбиесі және спорттық іс-шаралар ұйымдастыру, жоғары оқу орнында дене тәрбиесін жаппай дамытуға көмектесу, Қазақстан Республикасы шегіндегі спорттық резервтер және жоғары білікті спортшыларды дайындау жүйесін жетілдіру, аймақтық және халықаралық жарыстарға, турнирлік кездесулерге студенттердің құрама командаларының қатысуын қамтамасыз ету, туризмді дамыту және ұлттық, аймақтық студенттер спорт федерациялары және клубтарымен халықаралық спорттық байланысты нығайту мақсатында спорт кешені жұмыс жасайды. Онда спорттың 12 түрінен үйірмелер жұмыс атқарады. ХТИИ жанынан ашылған Жер шарының түкпір-түкпірінде кездесетін тропикалық және шөлейтті аймақтарда өсетін 450-ге жуық өсімдіктер бағында студенттер мен келуші қонақтар үшін қолайлы микроклимат жасалған. Әрі институтта материалдық-техникалық базаны дамытуға өзінің стратегиялық даму бағдарламасында ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінгі күнге дейін 100-ге жуық аудитория жабдықталып, «Спорттық-бұқаралық кешен» мен бірнеше ғылыми орталық іске қосылған. Аталған институт алғашқы құрылған жылдары-ақ кадрлық әлеуетті білім беру үдерісіне озық технологиялар мен әлемдік тәжірибелерді енгізу мақсатында шетелдік профессор-оқытушылар құрамымен толықтырып отырған. Мысалы, Корей, Қытай, Канада елдерінен профессор-мамандар арнайы шақыртумен келіп, студенттерге тек сабақ беріп қана қоймай, оқытушылар арасында семинар-тренингтер ұйымдастырып тұрады. Сонымен бірге аймағымызда алғаш болып институт базасында жағажай волейболына арнап арнайы алаң салынған. Қазіргі таңда студенттердің ойынға деген қызығушылығы күн санап артып келеді. «ХТИИ жағажай волейболы» құрамасы талай турнирлердің, Жазғы Универсиада ойындарының жеңімпазы екенін ескерсек, салынған нысан алдағы жарыстарға дайындалуға үлкен мүмкіндік берері сөзсіз.
Бүгінде еліміздің барлық жоғары орындарында болашақ студенттерді білім нәрімен сусындату мақсатында қабылдау науқаны өтуде. Ал білімгердің грантқа түскені ата-ана үшін үлкен қуаныш, аз да болса көмек болатыны хақ. Бұл бағытта Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты білім беру гранттары арқылы мамандар даярлайды. Оқу ордасында білім алуға ниетті жастар үшін республикалық жалпы конкурс нәтижесімен институттың барлық білім бағдарламалары бойынша мемлекеттік гранттар беріледі. Әрі барлық әлем Қазақстанды аграрлық мемлекет ретінде таниды. Еліміздің ұлттық экономикасының дамуы ауыл шаруашылығының жағдайына, осы саланың мамандарының сапасына, аграрлық ғылымның дамып, жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты. Сондықтан институтқа биылғы жылы «ветеринария» және «өсімдік шаруашылығы» (агрономия) білім бағдарламалары бойынша арнайы квотамен 40 мақсатты мемлекеттік грант бөлініпті. Сондай-ақ жастардың әртүрлі категорияларын қолдау мақсатымен ректордың гранттарын тағайындау және «100 грант» жобасы іске асуда. Ағымдағы жылдың 7 тамызындағы есеп бойынша институтты тандап, құжаттарын 1 100 адам тапсырып, олардың ішінде 90 талапкер мемлекеттік білім беру гранттарын иеленіпті.
Қорыта айтқанда, институт құрылған жылдан бері өңірдің ғана емес, отандық ғылымның өркендеуіне ықпал етіп келеді. Өйткені жастар осы жоғары оқу орнынан алған білімімен қазақстандық ғылымның көкжиегін кеңейтіп, әр салада абыройлы еңбек етіп жүр.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.