Қалалық қоғамдық-саяси газет

Енді Таразда да сәбилерге күрделі ота жасалады

0 2  926

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр сөзінде дені сау, интеллектуал ұлтты қалыптастыру керек екенін және жаңа жаһандық сын-қатерлерді ескере отырып, білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет пен спортқа шығындар ұлғаятынын айтып келеді. Осыған орай, күні кеше Таразда алғаш рет балалар кардиохирургиясы бағытындағы күрделі шеберлік сыныбы өтті.

Шарада кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығында Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының, яғни UMC Жүрек орталығының атақты кардиохирург-дәрігері Дмитрий Горбунов туа біткен жүрек ақаулары бар науқастарға күрделі операция жасап, бұл бағыттағы тәжірибесін жергілікті дәрігерлермен бөлісті.
Жалпы кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының балалар кардиохирургиясының меңгерушісі Икром Мұхамедов атап өткендей, науқас – Шу ауданынан келген, туа біткен жүрек ақауы, АВК (атриовентрикулярлық канал) толық түрі, 3 дәрежелі диагнозы бар: атриовентрикулярлық клапан жеткіліксіздігі, жүрекшелер мен қарыншалар қалқасының ақауы, жоғары өкпе гипертензиясы, қосымша Даун синдромы бар алты айлық нәресте. Патология бала туғанға дейін, яғни ананың жүктілігі кезінде анықталған.
Туғаннан кейін диагноз расталып, орталықтың бақылауында болған. Соңғы бір айда тыныс алудың тарылуы, тершеңдік, салмақ қосудың нашарлауына байланысты директор Сейітхан Жошыбаев, директордың орынбасары Ибадат Әміреқұлова, Икром Мұхамедов, жан сақтау бөлімінің меңгерушісі Зафар Розбаев, перфузиолог Алмас Әлібеков сынды кеңестің шешімімен, кардиолог Әлия Әзімжанова, балалар кардиологы Юлия Уколова және емдеуші дәрігер Александра Зеленцова хирургиялық емдеуді ұсынған.
– Бүгін біз Таразға үш адамнан тұратын топпен – хирург, анестезиолог, перфузиологпен бірге күрделі туа біткен жүрек ақауы бар кішкентай науқасқа ота жасау үшін келдік. Атриовентрикулярлық септальды ақау – бұл жүрекшелер мен қарыншалар аралық септумдарда (жүрекшелер арасындағы және жүрек қарыншалары арасындағы қабырғалар) ақаулар (саңылаулар) және митральды және трикуспидті жүрек қақпақшаларының бөлінуі (екіге бөлінуі) бар жүрек ақауы. Жүректің екі қарыншасында (сол және оң) бір ортақ қақпақша бар. Жүректің барлық бөлімдері үлкен жүктемемен жұмыс істейді, қан көлемінің үнемі ұлғаюы, қан айналымының кіші шеңбері толып кетеді. Ондағы қысым көтеріліп, өкпе тамырларындағы қайтымсыз өзгерістер дамиды. Патология басқа органдардың (көкбауыр, бауыр) басқа туа біткен ақауларымен немесе ауыр генетикалық аурулармен (Даун синдромы) біріктіріледі, – деп түсіндірді Дмитрий Валерьевич.
Шеберлік сыныбында ақауды түбегейлі түзету, клапанды қайта құру және ақауларды жабу жүзеге асырылды, яғни екі патчты пайдаланып, ақаулар жабылды және жалпы клапан жұмыс істейтіндей етіп екі құрамдасқа бөлінді. Осылайша күрделі операция сәтті өтті.
Сарапшылар атап өткендей, бұл ақау клиникалық тұрғыдан қиын. Өйткені жүрек жеткіліксіздігінің белгілері өмірдің алғашқы айларында пайда болып, баланың жағдайы тұрақты дәрілік қолдауды қажет етеді. Жүрек көлемі тез ұлғайғандықтан, барлық төрт камера шамадан тыс жүктеліп, оны жеңу қиынға соғады. Бала тамақтанғанымен нашар дамиды, жиі ауырады, соңы суық тию, пневмониямен аяқталуы да мүмкін. Оған нақты диагноз қойылғаннан кейін дереу хирургиялық араласу қажет. Бұл ақауды түбегейлі түзетуді 3-6 айлық жаста жүргізу ұсынылады. Бұған дейін бұл операция түрін жасау үшін ата-аналар Астанаға немесе шетелге баруға мәжбүр болған. Енді осы шеберлік сабағынан кейін облыс тұрғындары өз аймағында жоғары, білікті хирургиялық ем ала алады.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.