Қалалық қоғамдық-саяси газет

Су шаруашылығы мамандары Таразда даярланады

0 634

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында су үнемдейтін технологияларды енгізу аса маңызды және шұғыл міндет екеніне тоқталып, еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан еш кем емес екенін еске салған болатын.

Тіршілік нәрінің тапшылығын болдырмау үшін ағымдағы жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңесте Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын тиісті материалдық-техникалық қамтамасыз ету арқылы қалпына келтіру шараларын қабылдауды тапсырған еді. Аталған міндетті іске асыру шеңберінде Үкімет «М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамын қайта құру және оның негізінде екі жоғары оқу орны – «М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамын және «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру туралы шешім қабылдаған болатын. Осыған байланысты күні кеше М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің қатысуымен Қазақ Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің ашылуына байланысты кәсіби бағдар беру семинары өтті.
Жиынды Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы, ректор Мұхтар Байжұманов ашып, жүргізіп отырды. Шарада Мұхтар Қазбекұлы кездесудің маңыздылығы туралы айтып, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Биыл Әулиеата жері үшін, біз үшін ерекше жыл болайын деп тұр. Әсіресе жоғары білім саласына мамандар даярлау саласындағы жаңалықтар баршамызды қуантып отыр. Былтырдан бері Ресейдегі Д.Менделеев атындағы университетінің филиалын ашу, бірігіп қос дипломды маман дайындау жұмысы қарқынды жүрді. Нәтижесінде, ұйымдастыру жұмыстары аяқталып, талапкерлерді қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Осыдан екі ай бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын қайта қалпына келтіру туралы шешім шығарған болатын. Әрине, ол шешім шыққаннан екіұдай пікірлер айтылып, біршама сұрақ қойылды. Жуырда осы мәселеге қатысты үлкен кездесу де болды. Алдағы уақытта бұл жұмыстар өз мәресіне жетеді, – деді Мұхтар Қазбекұлы.
Мұнан соң су шаруашылығы институтының деканы Ғалия Омарова бұрынғы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының жаңа ұлттық университет ретінде ашылуы үшін жасалған шараларды баян етті.
– Қазіргі таңда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде су шаруашылығы және табиғатты үйлестіру институты жұмыс атқаруда. Институтта 9 кафедра бар. Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институтының кадрлық әлеуеті мықты, ұжымда 15 ғылым докторы, профессорлар, 40-тан астам ғылым кандидаты, доценттер, 11 PhD докторы, 27 магистр республиканың су ресурстарын тиімді және ұтымды пайдаланудың негізгі оқу-ғылыми мәселелерін шешуге атсалысып жүр. Институттың екі кафедрасы – «Су ресурстары» және «Мелиорация және агрономия» тікелей су шаруашылығы мамандарын даярлаумен айналысады. Осы кафедраларда 28 бағыт бойынша білім беру бағдарламалары дайындалуда. Қазіргі кезде Дулати университетінде су саласы бойынша 2022-2024 жылдарға арналған Жол картасы дайындалды. Сонымен қатар ҚР су ресурстарын басқару жүйесінің 2024-2030 жылдарға дейінгі концепциясы, Дулати университетінің 2023-2029 жылдарға арналған Даму бағдарламасы негізінде ауқымды Жол картасы кеңейтіліп жасалды. Бұл құжаттардың негізінде мамандар 4 негізгі бағытпен даярланады, – деді Ғалия Еділбекқызы.
Жалпы Ұлттық университет ағымдағы жылы 1 қыркүйектен бастап студенттер қабылдайды деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар су шаруашылығы маманы болуға ынталы жастар үшін 2024-2025 оқу жылына 615 мемлекеттік грант бөлінген. Болашақта Тараздағы оқу орны су шаруашылығы мен ирригация жүйесі үшін жоғары білікті кадрларды тұрақты түрде даярлайтын үлкен оқу ошағына айналады деп сенеміз.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.