Қалалық қоғамдық-саяси газет

Азғынның «апаны»

0 2  726

Бүгінде бесіктен белі шықпай жатып бүлінетін жастар аз емес. Әсіресе кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстар жаға ұстатып тұр. Оның бірінде әлі бүршік жармаған балғынды төсек қатынасына өзінің туысы тартса, енді екінші жағдайда жас баланы жыныстық қатынасқа көршісі азғырған. Әрбір орын алған екі жағдайдың бірінде бүлдіршіннің болашағы бүлініп жатқанын аңғару қиын емес. Тек некен-саяқ жағдайда жасөспірім азғындықтан аман қалып жатады. Ересектердің бұлайша азғындыққа баруына не себеп? Бұның түп тамырына балта шабу мүмкін бе? Балаларымызды азғындардан қалай қорғаймыз? Санаға салмақ салған сауалдарға жауап іздеп көрсек…

Тараз қаласы ПБ ЖПҚБ ювеналды полиция бөлімшесі берген ақпаратқа сүйенсек, ағымдағы жылдың бес айында кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстар 28,6, ал 16 жасқа толмаған тұлғамен жыныстық қатынасқа түсу 66,7 пайызға төмендеген екен. Алайда зорлау, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер және жас баланы азғыру 100 пайызға өсіп кеткен.
– Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстардың алдын алу өте қиын. Өйткені әрбір екінші қылмысты үй-жайға жақын адамдар, бірге тұратын өгей әкелері, көршілері немесе жақындары жасап жатады.
Тіркелген деректерді талдау кезінде ең бірінші жұмыссыз халықтың көбеюінен қылмыстардың саны артып жатқанына көз жетті. Одан бөлек, интернет-желілердің қолжетімділігі, ата-аналар тарапынан өз балаларының қауіпсіздігі мәселесіне аз көңіл бөлуі, олардың байланыстары мен бос уақытын бақылаудың жеткіліксіздігі жыныстық сипаттағы қылмыс түрін өршітуде. Мәселен, бес айда тіркелген жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылықтың бір дерегі өзінің танысымен жасалған. Ал 16 жасқа толмаған жасөспіріммен жыныстық қатынасқа түсудің 3 дерегі өзара келісім бойынша болған. Жас баланы азғырудың 2 дерегі өзінің танысымен орын алса, 1-і нағашы ағасымен жасалған. Бір қылмысқа көршісі барған.
Жыныстық сипаттағы қылмыстардан ең белең алып тұрған 16 жасқа толмағандармен жыныстық қатынасқа түсу Тараз қаласы аумағында тіркеліп отыр. Үш деректе де жасөспіріммен жыныстық қатынасқа түсу өзара келісіммен орын алған, – дейді Тараз қаласы ПБ ЖПҚБ ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Айбек Асабаев.
Иә, бұл, шын мәнінде, төбе шашыңды тік тұрғызатын жағдай. Жат емес, жақының осындай қиянат жасап жатса, елге не бетіңді айтасың? Ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Айбек Асабаевтың сөзіне сүйенсек, көп жағдайда жасөспіріммен жыныстық қатынасқа түсіп қойған тұлғалар отбасы абыройын ойлап, азаматтық некеге тұруға тырысады екен. Ал кейбірі ата-баба дәстүрін алға тартып, жасөспіріммен некеге тұрып, қылмыстық жауапкершіліктен жалтаруға жан салатын көрінеді. Осылайша олар жыныстық қатынас өз еркімен болды деп бұрмалап алуда.
Негізі, тәртіп сақшылары мен психологтар бала тағдырына ата-ана тікелей жауапты екенін айтады. Көп жағдайда жайсыз отбасылардан бұзық балалар мен зорлық-зомбылық көрген жасөспірімдер шығып жататыны да белгілі. Ювеналды полиция бөлімшесі жүргізген талдау нәтижесіне көз жүгіртсек, жыныстық сипатындағы зорлық көрген жәбірленушілердің 87,5 пайызы толық емес отбасынан шыққандар екен. Екеуінің ата-анасы бұрын сотты болған. Енді екеуі «қорғау нұсқамасы шығарылған» санаттары бойынша есепте тұрған әке-шеше.
Тағы бір айта кетерлігі, «азғындыққа жол берді» деген күдіктілердің жасы – 18 бен 62 жас аралығында. Жыл басынан ұсталған 4 ересек азаматтың орта білімі бар болса, 1 күдіктінің өзі буыны әлі қатпаған колледж білімгері. 1 азамат «шартты түрде сотталған» санаты бойынша полиция бөлімінде есепте тұр.
Қылмыстар бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізу барысында жасөспірімдермен және оларға қарсы қылмыс жасаудың негізгі себебінің бірі үйден кету деректері болған.
– Қала аумағында жыл басынан бері 91 кәмелетке толмаған жасөспірімнің үйден кету хабарламасы тіркелді. Оның 45-і қыздар болса, 46-сы ұл бала. 91 жастың 63-і мектеп оқушылары. 24-і колледж білімгері болса, 4-і еш жерде оқымайтын тұлғалар. Міне, осылайша жасөспірімдер үйден қашу арқылы от басып жатады. Сондықтан біз ата-аналармен де жіті түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, балалардың үйден кету себептерін анықтап, алдын алып жатырмыз. Ол үшін кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияда 60 іс-құжатты қарап, арнайы мектепке 8 жасөспірімді орналастырдық.
«Түнгі қаладағы балалар» атты жедел алдын алу іс-шарасын да қолға алып, беймезгіл уақытта көше кезген балаларды үйлеріне қайтардық, – дейді ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Айбек Асабаев.
Міне, байқап тұрсаңыздар, қолайлы орта көрмеген бала қылмысқа барып немесе өзі қылмыскердің құрбанына айналып жатады. Осы қараусыз жүрген балалардың қаншауы зорлық-зомбылық көріп жатқанын тап басып айту қиын. Өйткені тәртіп сақшылары мен ата-ана көп жағдайдан беймәлім болып жататын кезі көп. Ал мектеп пен орта оқу орындары жыныстық сипатындағы қылмысты жасыруға тырысып жататындығын көз көріп, құлақ естіп жүр. Ересек не қатарластары тарапынан зорлық көрген кейбір жастар ішіндегісін бөлісетін адам таппай, соңы ауыр шешімге келіп жатады. Оның ең өзектісі – өз-өзіне қол салу. Ағымдағы жылдың бес айында суицидтің 8 дерегі тіркелсе, оның 2-і өліммен аяқталған. Өз-өзіне қол салғандардың 6-ы қыз бала болса, 2-і ұл. Олардың 3-і мектеп оқушысы. 4-і колледж білімгері. 1-і ғана еш жерде оқымайды. Бұлардың да дені толық емес отбасынан шыққан.
Әзірге, бүгінгі медицина, психология, тәртіп сақшылары, тіпті билік өкілдері психологиялық ауытқуға түскен адамды ерте анықтап, қылмыстың алдын алуға мүмкіндігі болмай жатқан тұста бауыр еті балаңызға өзіңіз сақ болғаныңыз абзал. Ертең бармақ тістемес үшін бүгін балаңызбен ашық сөйлесіп, қоршаған ортасы мен қандай күйді бастан кешіп жүргенін қазірден білгеніңіз жөн. Сонда ғана қауіптің бетін қайтара аласыз.

Саян Тілеужан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.