Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шәкірті мол Шайза әпкей

0 337

Бала күнімізде әр нәрсе таңсық еді. Алғаш мектеп табалдырығын аттағанда басқа әлемге еніп кеткендей күй кешкенім есімде. Содан үш жыл бойы алғашқы ұстазымыз Гүлсара Жантайбекова апайдың тәлімін алып, бастауыш сыныпты да бітірдік. Жоғары сыныпқа өттік.

Жоғары сыныптың өзі бізге уайым еді. Себебі бастауыш сыныпта негізінен бір ғана мұғалім барлық сабақтан дәріс берсе, есейген сайын ұстаздардың қатары көбейе береді екен. Әр мұғалімнің мінезі, талабы әртүрлі. Оны да ойлайсың. Сонымен үш айлық демалысты жалаң аяқ жантақ басып жүріп, ойынмен өткізіп, қыркүйекте ақ көйлек, қызыл галстукпен мектепке келдік қой. Бізді өзі жап-жас, өзі әдемі әпкей сыныпқа кіргізіп, түгендеді. Сыпайы сөйлейді, көңілінде шуақ бар. Мұндай сыпайы әпкейді көріп, біздің де көңіліміз орнына түсейін деді. Шуақты. Шуағын төгіп тұрғандай жылы әсерге бөлендік. Өзін: «Сынып жетекшілерің Шайза Баймұратова әпкейлерің боламын», – деп таныстырды. Сыныпта 13 оқушы, бәрімізбен танысып, аты-жөнімізді сұрап шықты. Сол жылы Алматыдағы қыздар педагогикалық институтын бітіріп келіпті.
Сонымен, бізге уайым болған жоғары сыныптың оқушысы болып шыға келдік. Қиын ештеңесі жоқ сияқты. Әр сабақтан әр мұғалім бергенімен, бәрі де мықты ұстаздар, өз ісінің шеберлері. Сенің қалай оқып келгеніңді, не ойлап тұрғаныңды біле қояды. Шайза әпкей сынып жетекші әрі тарих пәнінен сабақ береді. Әр сабағын қызықты өткізе біледі. Мен онсыз да оқу озаты едім. Тарих пәнін тіпті жақсы көріп кеттім. Оған себепкер – Шайза әпкей.
Ол кезде әр сыныпта «отряд кеңесінің төрағасы» деген оқушылардан сайланатын лауазым болатын. Қоғамдық жұмыс қой. Мені отряд кеңесінің төрағасы әрі староста етіп сайлады. Өзім жуастаумын. Бір сыныптың тәртібі мен тәрбиесіне жауап беру маған қиын соқты. Өзімнен басқа 12 оқушы – 12 әлем. Сол кезде Шайза әпкей маған оңашада ұрысып алатын. Шынықсын, піссін, ширасын дегені шығар. Жаңағы лауазымдарының бәрінен бас тартқым келеді кейде. Бірақ Шайза әпкеймен бірге жұмыс істеу қызық. Сондықтан кетпедім. Шайза әпкейдің қасында жүріп, қоғамдық жұмысқа бейімделдік, ширай түстік.
Бал күндерде басыңнан не өтпейді?! Бір жолы сыныпта үзілісте отырып ұлдар жағы бір-бірімізге ұятсыздау сөзбен хат жазыстық. Балалық қой. Қасым, Әділхандар ойға ой жалғап, хат жазу жұмысын қыздырып жіберді. Сол кезде қоңырау соғылып, сыныпқа қазақ тілі мен әдебиетінен беретін Аманкүл Құрманәлиева әпкей кіріп келгені. Ол кезде парта үстінде әлгі шиыршықталған хат қағаздар шашылып жатқан. Ал Аманкүл әпкейдің алдында мен жазған ұятсыздау сөздер жазылған қағаз түсті. Тұзым жеңіл ғой. «Досалиев осылай жазып жүр ме?», – деп таңданды. Мен оқу озатымын, қоғамдық жұмыста белсендімін ғой. Мені ондай балалардың қатарына қимағаны ғой. Содан Аманкүл әпкей мені кешіре алмады. Кешірмегені сол, екі тоқсан бойы жазалап, өзім шемішкеше шағатын, өзім ерекше қызығатын қазақ тілі мен әдебиетінен «5» шығармай қойды. Бұл мен үшін ауыр жаза болатын.
Шайза әпкей ше? Шайза әпкей сол кезде қатты қиналды. Сенген тәртіпті оқушысы менмін. Менің ісім мынау. Бірақ шошытып жіберген жоқ. Түсінуге, кешіруге тырысты. Бәлкім, әке-шешеміздің малда екенін, ауылда мектеп жасындағы 4 бауыр тұратынымызды ескерген болар. Маған деген жылы шуағынан, сенімінен айныған жоқ. Сол үшін сізге рақмет, Шайза әпкей!
Арада жылдар өтті. Шайза әпкей Талас ауданындағы біз оқыған Бөлтірік Әлменұлы атындағы орта мектепте он жылдан астам ұстаз болып, Тараз қаласына ауысқан. Қазір Тараз қаласындағы №56 орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі. Шәкірттері пән олимпиадаларына қатысып, облыстық, республикалық байқауларда жүлдеге ілініп жүр. Өмірлік жары Қанат ағай екеуі алтындай ұл-қыздарын өсіріп, олардан немере сүйіп отыр. Шайза Советқызының ұзақ жылғы еңбектері елеусіз қалған жоқ. Әр жылдары облыс әкімдігі білім басқармасының, Тараз қаласы әкімінің және Тараз қалалық білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Оның жетістігін әріптестері де үнемі бағалап, құрметпен қарайды.
Уақыт сынаптай сырғып, зымырайды. Кеше ғана 22 жасында бізді қабылдап, сынып жетекшіміз болған жап-жас Шайза әпкей, міне, биыл алпысыншы көктемін қарсы алыпты. Өзінің жүрегі сүйген ұстаздық мамандықта келе жатыр. Ол кісі – нағыз ұстаз. Шәкірттің жүрегіне жол тапқан.
Тағдыр бізге Шайза Баймұратова секілді аяулы ұстаз бергеніне үнемі шүкіршілік айтып жүремін.

Есет ДОСАЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.