Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Ағын судан зардап шеккендерге 200 ерікті қол ұшын созды

0 450

Бүгінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында Жамбыл облысында ауқымды шаралар атқарылуда. Оған дәлел ретінде кеше Жаңатас қаласында ұйымдастырылған тазалық жұмыстарын айтуға болады. Игі іске әр ауданнан келген 200-ге жуық ерікті қатысып, су тасқынынан кейін қиын жағдайда қалған жұртшылыққа қол ұшын созды.

Ауқымды шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің өзі тікелей ұйытқы болып, сарысулық бұқарамен тілдесіп, хал-ахуалдарын білді.
– Қайырымдылық – халқымыздың қанында бар қасиет. Ежелден жұрт болып жұмылып, ағайын-бауырларға қол соза білген елміз. Осындай игі істің жанынан табылу ерлік деп білемін, – деп атап өткен облыс әкімі жастардың жалынды жігеріне алғысын білдірді.
Сондай-ақ аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев аудандағы төтенше жағдай салдарын жою шараларын бақылауға алып, су басқан баспаналар мен аулаларды аралап, тұрғындардың жағдайымен танысты. Олардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдап, назарға алды.
Облыс әкімі мемлекет тарапынан барлық көмектер көрсетілетінін, зардап шеккен тұрғындардың ешқайсысы қолдаусыз қалмайтынын жеткізді.
Жауаптыларға бүлінген нысандарды техникалық тексеру, бағалау, шығын көлемін анықтау жұмыстарын жүйелі түрде, тездетіп жүргізуді тапсырды.
Бұдан бөлек, Ербол Қарашөкеев Жаңатас-Саудакент бағытындағы автожолдың су тасқынынан кейінгі жағдайын көрді. Бір апта ішінде облыстық маңызы бар жолды қалпына келтіру керектігін ескертті.
Еске сала кетейік, 7 шілде күні Сарысу ауданы аумағында қатты жауын-шашын салдарынан көлбеу ағын қалыптасып, 400 аула, 47 жеке тұрғын үй мен бір мектептің жертөлесін су басқан болатын.
Жедел қабылданған шаралар нәтижесінде, Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдар суды бұру және айдау, сондай-ақ арық желісін нығайту жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде 20 100 текше метр су сорылды. Оқиға орнына 300-ге жуық қызметкер, 67 техника, 39 мотопомпа, 1 су сорғыш құрал жұмылдырылды.
Сарысу ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, қазіргі таңда арнайы құрылған комиссия шығындарды есептеу жұмыстарын жүргізуде.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.