Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құрылыс сапасы қатаң бақылауда

0 402

Қала әкімі Бақытжан Орынбеков бірқатар әлеуметтік және құрылыс нысанын аралады. Шаһар басшысы әуелі «Қайнар» алқабына ат басын тіреді.

Бүгінде аталған аумақтағы Жайық көшесінің тұрғындарынан шағым түскен. Осыған орай, Бақытжан Әмірбекұлы азаматтармен кездесіп, мәселенің мән-жайына қанықты. Тараптарды мұқият тыңдаған шаһар басшысы мәселенің сот арқылы шешілетінін, заңсыз құрылыс салынған жердің мемлекет меншігіне қайтарылатынын айтты. Сот шешімі талап етсе, азаматқа өзге телім берілетінін де еске салды.
Келесі кезекте қала әкімі А.Асқаров көшесінің аяғындағы №16 шағынаудандағы тұрғын үйлердің құрылыс алаңында болды. Қазіргі уақытта мұнда 16 үй салынуда. Мердігердің айтуынша, аталған алқапқа қажетті инфрақұрылымның барлығы тартылған. Бүгінде үйлердің ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Өз кезегінде Б.Орынбеков жұмыс қарқынын арттырып, қажет болса 2 ауысымда жұмыс істеу қажеттігін айтты. Сондай-ақ жұмыстың сапасына баса назар аударып, аулалардың абаттандырылуын жоғары деңгейде жүргізу қажет екенін ескертті.
Содан соң шаһар басшысы «Ұлы дала» шағынауданында инвесторлардың көмегімен құрылысы жүріп жатқан Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратында болды. Мердігердің берген мәліметі бойынша, мұнда қызмет алушыларға қажетті барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар мен балалы аналарға арналған бөлмелер қарастырылған. Мердігер компания орталықты жиһаз, компьютерлік техника секілді керек-жарақпен де толық қамтамасыз етпек. Орталық ашылған соң, осы аумақтың тұрғындарына қызмет көрсетеді. Ғимаратты толық аралап шыққан Бақытжан Орынбеков ауланы абаттандыру және көлік тұрағын ыңғайластыруды тапсырды.
№15 мектеп-гимназиясында болған шаһар басшысы ондағы жапсарлас салынып жатқан ғимараттардың құрылысымен танысты. Жұмыстарды толықтай қараша айында аяқтау көзделуде. Оған дейін мектепте білім алатын 818 бала жақын маңдағы 3 мектепте оқуын жалғастырады. Қала әкімі құрылысшыларға сапаға көңіл бөліп, жұмысты мерзімінде аяқтау қажеттігін айтты.
Келесі кезекте «Құмшағал» алқабындағы №19 мектепте болған Б.Орынбеков мектептің ескі ғимаратындағы күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. Оқу ордасы жаңа ғимаратқа көшкен соң бос қалған 2 қабатты ғимарат жөндеуден өткенде, қосымша білім беру орталығы болып қайта ашылмақ. Онда шығармашылық орталық және оқушыларға арналған үйірмелер жұмыс істейді екен. Мердігерлер құрылысты оқу жылының басына дейін аяқтауға уәде беріп отыр. Жұмысқа оң бағасын берген Бақытжан Әмірбекұлы балалардың қауіпсіздігі мақсатында құрылысты барынша сапалы етіп жүргізіп, ауланы абаттандыру, қоршау секілді қажеттіліктерді де естен шығармау керегін айтты.
Сондай-ақ шаһар басшысы «Химик» алқабына ауызсу беру жайымен танысты. Қазіргі уақытта су беру жүйесі толық сынақтан өтіп, аудандарға тіршілік нәрін беру басталып кеткен. Мәселен, «Химик» алқабындағы 380 ауланың 180-і орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылып үлгерген.
Абоненттеу жұмыстарын жүйелі өткізу керек екенін айтқан Б.Орынбеков жауапты тұлғаларға тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін еске салды.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.