Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көне шаһарды көркейтуге көп көңіл бөлінуде

0 274

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласының тұрғындарымен кездесті. Аймақ басшысы азаматтардың мәселелеріне құлақ түріп, бақылауға алды. Ербол Қарашөкеев алдымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін атап өтіп, көне шаһарды дамыту жоспарларымен бөлісті.

Жиында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков баяндама жасап, облыс орталығында атқарылып жатқан жұмыстар жайын тілге тиек етті.
– Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысымен Тараз қаласының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасты. Атап айтқанда, инвестиция көлемі 144 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 111,5 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығы саласында өсім 100,4 пайыз, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 100,1 пайыз, бөлшек сауда 101,1 пайызды құрады.
Жыл қорытындысымен өнеркәсіп көлемін 105 пайызға, ауыл шаруашылығы саласында өсімді 110 пайызға, инвестиция көлемін 147 пайызға, құрылыс жұмыстарын 110 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемін 108 пайызға, бөлшек сауданы 102 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз.
Өздеріңіз білетіндей, бүгінде облыс орталығы Тараз қаласында 432 мыңнан аса халық тұрады. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңына сәйкес, «Облыстық маңызы бар қаладағы халық саны 400 мыңнан асқан кезде қалада аудан құрылады» делінген. Сәйкесінше, екі аудан құру қала дамуының жаңа Бас жоспары аясында қарастырылған.
Былтырғы жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында «Қаланың Бас жоспарын бекіту туралы» қаулы жобасы қаралып, 2024 жылдың 29 қаңтарында №44 қаулысымен бекітілді.
Бас жоспарға сәйкес, Тараз қаласы маңындағы Жамбыл, Байзақ аудандарынан аумағы 13 мың гектарды құрайтын, 46 538 халқы бар 14 елді мекен қалаға қосылып, халық саны 478 мыңнан асады деп жоспарлануда. Бүгінге Тараз қаласының шекарасын өзгерту туралы Жамбыл облысы әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімінің жобасы әзірленуде. ҚР Үкіметінен келісім алынғаннан кейін Тараз қаласында 2 аудан құру туралы облыс әкімдігі мен мәслихаттың бірлескен шешімі қабылданады. Екі аудан құру бүкіл қаланы бақылауды, қызметтерді тиімді ұйымдастыруды және қаланы оңтайлы басқаруды қамтамасыз етеді.
Осы Бас жоспардың негізінде қалада өзекті болып отырған біраз мәселе өз шешімін табары анық. Біріншіден, көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, көлік жолдарындағы жүктемені азайту. Осы мақсатта екі бірдей көпір құрылысын салуды жоспарлап отырмыз. Олар – Абай даңғылының теміржол үсті арқылы өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелі бөлігінің құрылысын салу. Жоба құны – 16,9 млрд теңге. Қазір мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Абай даңғылының Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейін Тараз қаласындағы теміржол және өнеркәсіптік аймақ арқылы эстакадамен жалғасын салу. Құны 24 млрд теңге болса, қазір мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Аталған қос жобаны 2024-2025 жылдары республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін ҚР Ұлттық экономика министрлігіне бюджеттік ұсыным ұсынылды.

Екіншіден, Тараз қаласында кәріз суларды тазарту. Жалпы дәл қазір кәріз сулары көршілес Жамбыл ауданында орналасқан 217 гектар аумақтағы сүзгі алаңдарына құйылуда. Сүзгі алаңдары шамадан артық толғандықтан, Аса өзені мен жерасты суларының ластану қаупі бар. Сондықтан Тараз қаласының кәріз суларын тазарту кешенінің құрылысын салу бойынша Жол картасы әзірленді. Аталған құжатқа сәйкес, Еуропалық қайта құру және даму банкінен грант бөлініп, техника-экономикалық негіздеме әзірленді. Бүгінге техника-экономикалық негіздеме мемлекеттік сараптамадан өтуде, сараптама қорытындысын келесі айда алу көзделуде. Құрылыс жұмыстары 2025-2027 жылдары жүргізуді жоспарлануда. Болжамды құны – 35 млрд теңге, қуаттылығы тәулігіне 100 мың текше метр болады деп болжануда, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Шаһар басшысының айтуынша, Таразда 22 мың азамат коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне тіркелген. Аталған мәселені шешу үшін 2023 жылы 3 279 пәтерлі 62 үйдің құрылысы жүргізіліп, 12 үй пайдалануға берілген. Нәтижесінде, 754 отбасы баспаналы болған. Қазіргі таңда Тараз қаласында 2 531 пәтерлі 50 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін барлығының құрылысын аяқтау көзделуде.
Одан бөлек, «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде ағымдағы жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 9,9 млрд теңгеге 669 пәтер сатып алынады екен. Оның ішінде 162 пәтерге республикалық бюджет есебінен 2,2 млрд теңге, 507 пәтерге «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ есебінен 7,7 млрд теңге қаралған. Бүгінгі таңда сатып алуға жоспарланған пәтерлердің құрылысы басталған. Жыл соңына дейін толық аяқталуы күтіліп отыр.
Бұған қоса, №14 мөлтекауданда 22 көпқабатты тұрғын үй құрылысына жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Қазір республикалық бюджетке өтінім ұсынылыпты. Ал А.Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқапқа қосымша 66 тұрғын үй құрылысына жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр екен.
Жалпы Таразда тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін алуға арнайы кезекте 2005-2024 жылдар аралығында 125 431 азамат тіркелген. Былтыр «Құмшағал», «Қарасу» алқаптарынан 1 497 жер учаскесі берілді. Қазіргі уақытта жеке тұрғын үй құрылысына жер кезегінде тұрған азаматтарға жер учаскесін беру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
– Өздеріңізге мәлім, Тараз қаласының тұрғын үй қорында 1 438 көппәтерлі тұрғын үй бар. Қала аумағында өзекті мәселелерге жататын 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан, оның ішінде 489 үй күрделі жөндеуден өткізілді, қалған 614 үй жөндеуден өткізу жоспарлануда.
Биыл 5,1 млрд теңгеге 53 көпқабатты тұрғын үйді модернизациядан өткізу жоспарланып отыр. Республикалық бюджет есебінен қаржысы толық қарастырылды.
Сондай-ақ қаланың орталық көшелеріндегі 24 көпқабатты тұрғын үйдің сәулеттік келбетін жаңарту жобасы қарастырылды. Оның ішінде 11 үйдің сырт келбеті мен шатырын жөндеу жұмыстары бүгінгі күні қарқынды жүруде. Құрылыс жұмыстары 15 тамызға дейін аяқталады. Ал қалған 13 үйді келесі жылы жаңғыртуды жоспарлап отырмыз.
2023 жылы «Тараз қаласы Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелерінің бойындағы «М-1» жылу магистралін қайта жаңғырту» жобасы әзірленіп, құны 10,7 млрд теңгені құрады. Жалпы жылу желісінің ұзындығы – 6,1 шақырым. Биыл аталған жобаны атқару үшін қазынадан 7,1 млрд теңге қарастырылды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 19 сәуірде басталды. Бекітілген өндірістік жұмыс кестесіне сәйкес, құрылыс жұмыстарын биылғы жылдың 1 қазанына дейін аяқтау жоспарлануда.
Ал Тараз қаласының «Жамбыл даңғылы, Д.Қонаев, С.Сейфуллин көшелері бойындағы «М-3» жылу магистралін қайта жаңарту» жобасына мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Құны – 2,1 млрд теңге.
Жалпы тозығы жеткен кварталішілік жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша 10 жоба әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім берілді. Жоба құны – 18,8 млрд теңге.
Сонымен қатар Тараз қаласында ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары да қарқынды жүруде. Былтыр 6,6 млрд теңгеге «Казарма», «Шөлдала», «Құмшағал» және «28 саяжай» тұрғын алқаптарында 7 256 жеке тұрғын үй ауызсумен қамтамасыз етілді. Ал 2024 жылы 1,2 млрд теңгеге «Шалғай Қарасу» 1,2,3,4,5,6,7» алқабы, 859 млн теңгеге «Ақжол», «Қайнар», «Мичуринец», «Родничок» алқаптары орталықтандырылған ауызсумен қамтылады. Нәтижесінде, орталықтандырылған ауызсумен қамтылған халықтың үлесі 100 пайыз болмақ.
Сондай-ақ қала тұрғындарын сапалы ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында жаңадан бұрғыланатын 35 дана су ұңғымасының құрылысына жоба әзірленіп, құны 4,8 млрд теңгені құрады. Магистралды су құбырларының тозығы жетуіне байланысты «Теміржолсу-Алматы» ЖШС-нің теңгеріміндегі су құбырлары қала әкімдігінің коммуналдық меншігіне алынды. Қазіргі таңда жаңғырту жобасы әзірленуде.
Тараздықтармен кездесу барысында көп қойылатын сауалдардың бірі – көше жарығы. Осы мақсатта былтыр облыс орталығындағы 83 көше жарықтандырылса, биыл 76 көшені жарықтандыруды қолға алып отырмыз. Бұл мақсатта биыл қалалық бюджеттен 368 млн теңге бөлініп, 10 шағынауданда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын жарықтандыру жұмыстарын жүргіздік. Бұрын қараңғылық құшағындағы көпқабатты үйлер қазір самаладай жарқырап тұр. Бұл жұмыстарды келесі жылы қаланың өзге де аумақтарында іске асыруды көздеп отырмыз.
Осы қатарда «Шөлдала», «28 саяжай» тұрғын алқаптарын электр желісімен қамтамасыз ету бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары толығымен аяқталды. 5 775 тұрғын үйге абоненттеу қамтамасыз етілді.
Ағымдағы жылы қала маңындағы саяжай алқаптарын электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында жоғары вольтты желілер мен қосалқы станциялар құрылысы басталды. Құны – 8,7 млрд теңге. Жоба 2025 жылы аяқталады, – деді шаһар басшысы.
Б.Орынбеков қаладағы қоғамдық көлік жұмысына да кеңінен тоқтап өтті. Бүгінде Тараз қаласында қалалық жолаушы бағытында 9 тасымалдаушы мекеме қызмет көрсетеді. 2023 жылы тасымалдаушы компаниялармен 73 дана автобус сатып алынып, ескі көліктер жаңартылған. Халық сұранысына сай 4 жаңа бағыт ашылған. Жергілікті бюджет есебінен тасымалдаушы компанияларға 3,5 млрд теңге субсидия берілген. Жалпы жыл басынан Тараз қаласына 65 бірлік автобус жеткізілсе, жыл соңына дейін қосымша 60 жаңа автобус әкелу көзделуде. Сондай-ақ 3 жаңа бағыт ашылмақ.
Ағымдағы жылы әлеуметтік маңызы бар қалалық және қала маңындағы жолаушылар қатынастары тізбесіне енгізілген автобус бағыттарының шығындарын өтеуге 3,8 млрд теңге субсидия қаралып отыр екен. Сондай-ақ биыл облыс орталығында 75 аялдаманы орнату жұмыстары басталыпты.
– «Жол – экономиканың күретамары» деп бекер айтылмаған. Былтыр 3,6 млрд теңгеге 87,5 шақырымды құрайтын 145 көшеге асфальт жабындысы төселді. Сондай-ақ Саңырық батыр мен Шостакович көшелері қайта жаңғыртудан өтті.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 61 пайыздан 65 пайызға дейін артты. Ал биыл жалпы ұзындығы 68,6 шақырымды құрайтын 118 көшені және 18 шақырым 7 жаяу жүргінші жолы орташа жөндеуден өтеді. Одан бөлек, «Коммунальник», «Лето» алқаптарындағы 200 көшеге шағал жол салынады. Сондай-ақ биыл қала көшелері мен шағынаудандардың ішкі жолдарын ағымды жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 900 млн теңге қарастырылды. Конкурс нәтижесі бойынша жеңімпаз мердігерлермен келісімшарт жасалып, қазіргі таңда жұмыстар жүргізілуде.
Көптен бері өзекті мәселе болып келген «Бурыл А,Б,В» және «Барысхан» тұрғын алқаптарында да жол жөндеу жұмыстары жүруде. «Бурыл» алқабындағы 75 көшенің былтыр 13 көшесі асфальтталса, биыл қалған көшелерге толықтай асфальт жабындысының бірінші қабаты төселеді. Ал «Барысхан» тұрғын алқабында биыл сегіз көшеге асфальт жабындысын төсеу жоспарлануда.
Ағымдағы жылы аулаларды абаттандыру, оның ішінде балалар ойын алаңшасын салуға қала бюджетінен 500 млн теңге қаражат бөлініп, 18 мекенжайда абаттандыру жұмыстары басталды. Сонымен қатар қосымша 7 мекенжайды абаттандыру мақсатында бюджетті нақтылау барысында 224 млн теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
2024 жылы Тараз қаласында спорт нысандарының құрылысы бойынша жергілікті бюджет есебінен 225 млн теңге бөлініп, 9 шағын футбол алаңшасының құрылысы басталды. Сондай-ақ қала ішіндегі 14 футбол алаңшасы күрделі жөндеуден өтуде, – деді Бақытжан Орынбеков.
Қаланы абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Қала әкімінің айтуы бойынша, 2024 жылы қаланы абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстарына бюджеттен 2,6 млрд теңге қаражат бөлінген. Қаланы көгалдандыру және жасыл аймақ құрудың жоспарына сәйкес, «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2024 жылы 20 мың түп ағаш отырғызу жоспарланып, көктем мезгілінде 10 мың түп ағаш көшеттері отырғызылды. Қалған 10 мың түп ағаш күз мезгілінде отырғызылады.
Бұдан бөлек, қаланың орталық көшелеріне, саябақтарға және басқа да аллеялар мен скверлерге жалпы саны 10 мыңға жуық әртүрлі ағаштар отырғызылды. Ал қаланың сәнін келтіретін гүл көшеттерін отырғызу бойынша биыл 1 миллионға жуық біржылдық гүл егу жоспарланса, бүгінде 800 мыңға жуық гүл көшеттері отырғызылды. Жұмыстар одан әрі жалғасын табады. Сонымен бірге жоспарланған көпжылдық 15 мың раушан гүлінің 12 мыңнан аса көшеті қала ішінде жайқалуда. Күзде қосымша 3 мың түп раушан гүлінің көшетін егу жоспарда.
Қаланы абаттандырудағы маңызды салалардың бірі – көгалдандыру, оның ішінде жасыл желектерді суару мәселесі. Бүгінгі күні қаланы ағын сумен қамтушы арық жүйелерінің тозығы жеткен. Осы орайда, жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Жобаны 2023-2025 жылдарда жүзеге асыру көзделген. Өткен жылы осы мақсатқа бюджеттен 1 млрд теңге қаражат қарастырылып, шағынаудандарда 40 шақырымды құрайтын ескі лотоктарды монтаждау және демонтаждау жұмыстары жүргізілді. Ал биылға аталған жобаға бюджеттен 400 млн теңге бөлінді. Қазір тиісті мөлтекаудандарда құрылыс жұмыстары жүруде. Нысан өтпелі болып есептеледі.
Қала аумағындағы 6 ирригациялық және 2 дренаж каналын механикалық тазалауға қала бюджетінен 250 млн теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Жалпы механикалық тазалау жұмыстарын ағымдағы жылдың маусым айының соңына аяқтау жоспарланған.
– Қала бойынша есепті кезеңде жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 0,8 пайызға төмендеген. Ең төменгі күнкөріс деңгейі 44 451 теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,7 пайызға өскен. Қалалық өңірлік жұмыспен қамту картасы дайындалып, соған сәйкес биыл 23 857 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып, бүгінгі күнге жұмыспен қамтылғандардың саны 9 129 адамды құрап отыр.
Былтыр 7 мектеп, 1 бөбекжай-бақша ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 2,1 млрд теңге қарастырылып, жұмыстар атқарылды. Ағымдағы жылы №19 орта мектепті күрделі жөндеуге 309 млн теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ биыл 7 мектептің құрылысы қолға алынса, оның төртеуі «Жайлы мектеп» жобасы арқылы құрылысы жүруде. Қалған үш мектеп республикалық бюджеттің есебінен салынуда.
Қаладағы өзекті мәселелер мен қолға алынған ілкімді істер Тараз қаласының үш жылдық Даму картасында айқын көрсетілген. Осыған орай, нақты әрі тиісті жұмыстар атқарылуда. Дегенмен бюджет мүмкіндігіне байланысты барлық мәселелерді бір жылдың ішінде шешу мүмкін емес. Сондықтан баршаңызды облыс орталығы – Тараз қаласының дамуы үшін бірге жұмыс істеуге шақырамын, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Сұрақ-жауап бөлімінде тараздық тұрғындар негізінен көшелерді асфальттау, жарықтандыру, жол белгілерін орнату, балалар ойын алаңшасын салу, ауызсу мен арық жүйесін ретке келтіру, қоғамдық көліктердің қатынауына қатысты сауалдары мен ұсыныстарын білдірді.
Ербол Қарашөкеев пен Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков барлық сауалдарға нақты жауап берді. Көтерілген мәселелер қараусыз қалмай, арнайы іс-шаралар жоспары әзірленеді.
Кездесуден кейін Ербол Қарашөкеев пен Бақытжан Орынбеков қала тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.