Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кемел келешек – жастардың қолында

0 369

Мемлекеттік жастар саясатының басты мақсаттарының бірі – еліміздің әлеуметтік, экономикалық, мәдени дамуына үлес қосуға, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға тәрбиелеу. Бұл саясат жастарға еліміздің толыққанды азаматы болуға жақсы мүмкіндік беруде.

Жастар саясатын қалыптастырудың рухани факторлары бос уақытты дұрыс ұйымдастырумен байланысты. Кез келген қоғамда терең білімі мен іскерлік қабілеті бар жастар ертеңгі күні өз білімдерін еліміздің болашағына жұмсауға тиіс. Бұл орайда Жастар ресурстық орталығы тарапынан жастар саясатын іске асыруға бағытталған бірқатар шаралар жүргізілуде. Қазіргі уақытта Тараз қаласының жалпы тұрғындар саны 433 122 адамды құраса, оның 120 902-сі 14 пен 35 аралығындағы жастар. Яғни қала халқының 27,91 пайызын жастар құрап отыр.
Биыл орталық тарапынан 11 бағыт бойынша 831 іс-шара ұйымдастырылып, оған 36 мыңға жуық жас қамтылды. Орталыққа қарасты «Қазақстан студенттер Альянсы» волонтерлық қозғалыстары 7 бағыт бойынша тұрақты жұмыс жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, жастар мен жасөспірімдер арасында волонтерлық бағытты дамыту мақсатында 82 іс-шара ұйымдастырылып, оған 3,5 мыңға жуық жас қамтылды.
Елімізде жас азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған және білім беру жобаларына тарту мақсатында бірқатар шара қабылданған. Осы орайда, «Мансаптық орталық» филиалымен бірлесіп, 6 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі мен 32 кеңес беру алаңы өткізіліп, NEET жастар және жас отбасылар кәсіптік бағдарлау шараларына қатысты. Бүгінгі таңда «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіндегі базаға 11 228 жас енгізілді. Қалған NEET санатындағы жұмыссыз 23 жаспен жұмыс жүргізілуде.
Ағымдағы жылы жастарды уақытша жұмыспен қамту бағытында «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысын ұйымдастыруға 245 жас қамтылды. Күніне 8 сағаттық уақытша жұмыспен қамтылатын жастардың бір айлық жалақысы 85 мың теңгені құрады.
Сондай-ақ «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары қаладағы саябақтар мен көшелердің күл-қоқыстарын тазалаумен қатар, қала өмірінің гүлденіп, дамуына өз үлестерін қосуда. Атап айтқанда, «Жасыл ел» еңбек жасақтары қаладағы саябақтарда жұмыстар жүргізіліп, Ы.Сүлейменов, Желтоқсан, Б.Майлин, Қ.Тұрысов көшелеріндегі ағаштардың жабайы бұтақтарын кесіп, арықтарын қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, 19 наурыз күні – Жаңару күніне орай Қ.Рысқұлбеков саябағына «Жасыл желек – жердің көркі» атты акция аясында зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері мен қала тұрғындары 700-ге жуық тал көшетін отырғызды.
«Таза Қазақстан» атты 5 апталық республикалық экологиялық акциясын өткізу бойынша желілік кесте әзірленіп, 10 сәуірі мен 12 мамыр аралығында тазалық жұмыстарын жүргізу, тал балақтау, аула, ескерткіш маңдарын абаттандыру бағытында 50 іс-шараның тізбесі әзірленді. Сондай-ақ кестеден бөлек, әр аптаға тақырыптық жоспарлар бекітілді. Жоспар бойынша 10 сәуір мен 12 мамыр аралығында жалпы 153 іс-шара ұйымдастырылып, оған 17 151 адам қатысты. 10-14 сәуір аралығында «Таза өлке» апталығы аясында қала аумағында 29 тазалық іс-шара ұйымдастырылып, көп қабатты үйлердің аулаларына, қала көшелеріне санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, 2 175 ағаш көшеті отырғызылды. 16-21 сәуір аралығында «Киелі мекен» екінші апталығы аясында тарихи мәдени ескерткіштердің маңын абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылып, 5 146 ағаш пен 500 раушан гүлі отырғызылды. 22-28 сәуір аралығында «Жасыл аймақ» үшінші апталығында скверлерде, қала көшелеріне, саябақтар мен шалғай аумақтарға 2 453 көшет екті. 29 сәуір мен 5 мамыр аралығында «Өнегелі ұрпақ» төртінші апталығында қаланың белсенді жастары, «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің қызметкерлері ҰОС ардагерлері, тыл еңбеккерлері, зиялы қауым өкілдері мен қарттар үйіне санитарлық-тазалық, ағаш бұтау, сырлау жұмыстарын жүргізіп, зиялы қауым өкілдерімен TEDx форматта еркін сұхбаттасу ұйымдастырылды. Ал 6-12 мамыр аралығында «Мөлдір бұлақ» бесінші апталығында су қоймаларының айналасы, өзен-көлдерді күл-қоқыстан, жабайы шөптерден тазалау жұмыстары жүргізілді.
Қала аумағында 28 мамыр күні республикалық телеарналардың қатысуымен «Қапал», «Үшбұлақ», «Қарасу-1», «Қарасу-2», «Төрегелді» каналдарының механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді және 10 маусым күні «Мамыр» тоғайында санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізіліп, радио-концерт ұйымдастырылды. Сондай-ақ осы күні «Ұлы дала» ықшамауданында тұрғындардың қатысуымен «Біздің аула» атты ағаш отырғызу, тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. «Әулие бұлақ» каналының бойында волонтерлар тазалық жұмыстарын өткізіп, «Үздік волонтер» анықталып, ынталандыру мақсатында сыйлық табыс етілді.
Бұдан бөлек, мемлекетте әр жас азаматтың толыққанды дамуына арналған әлеуметтік-экономикалық даму, жас отбасыларды баспанамен қамту, табыс деңгейін көтеру, білім алу мүмкіндігін кеңейту және өзге де жан-жақты тетіктер жасақталған. Орталық бұл бағытта да арнайы білікті мамандардың қатысуымен құқықтық кеңестер ұйымдастырып отырады.
Жастардың саясат пен қоғамдағы рөлі де маңызды екені даусыз. Олардың саяси қозғалыстар мен ұйымдарға қатысуы жастардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сондай-ақ елді басқарудың жаңа идеялары мен көзқарастарын қалыптастыруға ықпал етеді.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – деген даналық сөзі бар. Өткен заманның басында айтылса да, әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған бұл сөзі арқылы А.Байтұрсынұлы жаңа заманда еліміздің әрбір азаматы жоғары білім мен табанды еңбектің нәтижесінде ғана биік белестерден көрінетінін ашық жеткізді. Ел азаматтарын Отанымыздың алдында адал қызмет етуге, абыройлы іс жасауға, терең білім алып, ерінбей еңбек етуге шақырды.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Жастар – жаңа идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан біз жас ұрпақтың осы әлеуетін дұрыс бағыттап, оны тиімді пайдалануымыз керек», – деген сөздері жастардың қуатты және дамыған мемлекет құрудағы маңызды рөлін айқындайды. Күш-қайрат тасып тұрған шақта оны тек өз игілігіңе жұмсай білу өскелең ұрпақтың парасатты қадамы болмақ.

Абзал ЕСІРКЕПОВ,
Тараз қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.