Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тіл – ұлттың рухани негізі

0 877

Тіл – рух. Тіл – құдірет. Ұлттық мүдде де тілден басталады. «Тіл тағдыры – ұлт тағдыры» дейтініміз де сондықтан. Тәрбиенің де негізі тілде жатыр. Тіл – ұлттың тамыры дейміз, сол тамыр шірісе, тіл өледі, тіл құрыса, ұлт жойылады. Сонымен қатар  тіл – татулық тірегі екені де рас. Тарихы мыңжылдықтарға кететін халқымызбен бірге жасап келе жатқан құдіреті – оның тіл.

Расында қазақ халқының басына талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасына дарыған ана тілі ғана. Ақиық ақын Қадыр Мырза Әлі:

Ана тілің — арың бұл,

Ұятың боп, тұр бетте,

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте! – деп жырлағандай, рухани қайта түлеу ана тілсіз мүмкін емес. Ұлы ағартушы, мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов атамыздың «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген сөзі де – соның бір айғағы. Өйткені, тіл ұлттың бар құндылығын тасымалдаушы құрал.

Қарапайым күнделікті қарым-қатынаста бір-бірімізбен қазақша сөйлеспейміз. Отбасы дастарқан басында бір тілде сөйлемейінше және бір шаңырақ астында мұсылманшылық жоралғысы бірдей болмайынша, мемлекеттік деңгейде руханият мәселесінің шешімін табу қиын. Отбасы — шағын мемлекет деген осы.

XX ғасырдың басында ғұлама-ғалым Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың жоғалуына себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл, сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп еді. Еліміз тәуелсіздік жолының жиырма жетінші жылына қадам басқан тарихи шақта, басқа елдермен иығын тең тіресер кезеңде тіліміздің қазіргі жайы кімді болмасын толғандырмай қоймайды. «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде. Тілсіз ұлт болмайды. Өз тілімізді сақтау, өз тілімізді құрметтеу отаншылдық рухты оятуға қызмет етеді. Қандай мемлекет болмасын оның, ең әуелі, мән беріп, ұлықтайтын тілі – әрине, мемлекеттік тіл. Өйткені, мемлекеттік тіл әлемдік қауымдастықтағы мемлекеттердің сипатты белгілерінің бірі, ұлттық саясатының көрсеткіші. Міне, осы бағытта еліміз мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыруға күш салып отыр. Бұл мәселе – тек қазақ халқының ғана емес, елімізде тұратын өзге ұлт өкілдерінің де алдында тұрған міндет. Мемлекеттік тілге деген шынайы құрмет жоғарыдан бастау алып, қарапайым халыққа үлгі болса, қазақ тілінің тұғыры беки түсер еді. Әрбір маманның, қызметкердің өз қызметі шегінде, кәсіби біліктілігі аясында мемлекеттік тілді меңгеру межесі нақты айқындалып, жаңа міндеттер жүктелуі қажет.

Мемлекеттік тіл, яғни, қазақ тілі- әлемдегі   тілдердің ішіндегі  қолдану өрісі  жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондық  қатарындағы тіл. Сондай –ақ, ол дүние жүзіндегі  ауызша және  жазбаша тіл мәдениеті  қалыптасқан  алты жүз тілдің  және мемлекеттік  мәртебеге  ие екі  жүз тілдің қатарында тұр. Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тілсіз халық өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған  ел болуы үшін  тіліміздің  жұлдызын биіктету керек.  Қазақ тілі – тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл – ортақ тіліміз. Ендеше, тіліміздің мәртебесін көтеруге бірге ат салысайық! Тілімізді, отбасымызды ұлтымызды  қадірлегендей  қадірлейік!

Эльниза КЕМЕЛБАЕВА, 

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті

«Конвергентті журналистика» білім беру бағдарламасының

2-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.