Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастарға арналған жарқын жоба

0 2  688

Жуырда Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «JasSAQ» этно-реалити телевизиялық жобасы өтті.

Әртүрлі сала жастарын тарта отырып, қазақтың ұлттық спорт және ойын түрлерінен жарыстар өткізу арқылы жастар арасында ұмыт болып бара жатқан ұлттық құндылықтар мен дәстүрді қайта жаңғыртып, телевизиялық жоба арқылы келер ұрпаққа дәріптеуді мақсат еткен шараға еліміздің 10 облысынан келген және жамбылдық 65 жас қатысты.
Әуелі қатысушылар Тараз қаласының тарихи-мәдени орындарына саяхат жасап, көрікті нысандармен танысты. Бұдан кейін қатысушылар 6 командаға бөлініп, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, қол күресі, қой көтеру, ләңгі тебу, сиыр сауу, көмбе (таба) нан пісіру және арқан тарту сынды 8 түрлі ұлттық ойындардан өзара сынға түсті.
Сайыс нәтижесінде, қостанайлық Жасұлан Бекболат қазақ күресінен, ақтөбелік Айбек Тәшкенбай садақ атудан, алматылық Дана Рүстембекова көмбе (таба) нан пісіруден, жамбылдық Дәурен Доғдырбай қой көтеруден, Айдос Аппасов ләңгі тебуден, Аяулым Мұхаметқали сиыр сауудан үздік атанды. Сондай-ақ «Сұңқар» командасы (Батыс Қазақстан облысы ) – 3, «Алаш» командасы (Қостанай облысы) – 2, «Сақ» командасы (Түркістан облысы) 1-орынды еншіледі.
Сайыстың марапаттау рәсіміне арнайы қатысқан Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Махпал Досымбекова және Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиев жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтарын, ал «JasSAQ» этно-реалити жобасының эстафеталық туын 2025 жылы шараны өткізетін Түркістан облысына табыстады.

Гүлдана ЖҰМАДІЛ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«Конвергентті журналистика» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.