Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттік рәміздер кеңінен ұлықталуда

0 944

Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің тұғыры, елдігіміздің айғағы. Сондықтан оларды әрдайым ұлықтап, кеңінен насихаттауға тиіспіз. Бұл тұрғыда Тараз қаласында да тиісті жұмыстар атқарылуда.

2024 жылдың 1-30 сәуір аралығында Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, қаладағы мекемелерде (қалалық бөлімдер мен мекемелер, жоғары және арнаулы оқу орындары, құқық қорғау органдары) Мемлекеттік рәміздердің пайдалануы мен қолдануына зерделеу жұмыстарын жүргізді. Талдау жұмысы барысында барлығы 94 мекеме қамтылды. Нәтижесінде, Мемлекеттік рәміздер туралы заңнама талаптарының сақталмауы анықталды.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік рәміздері туралы» Заңының 4-бабы, 1.1-тармағында Мемлекеттік Ту және 6-бабы, 1.1-тармағында Мемлекеттік Елтаңба мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарының, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың ғимараттарында міндетті (ұдайы) түрде орналастырылады (көтеріледі, тігіледі) деп көрсетілген.
Заңға сәйкес, әрбір Қазақстан Республикасының азаматы мемлекеттік рәміздерді құрметтеп ұстауға, оларға ұқыппен қарауға міндетті болса, бекітілген мемлекеттік стандарттарға сәйкес рәміздерді жыртылған, кірленген, тозған, сынған қалпында қолдануға жол берілмейді.
Сондай-ақ мемлекеттік ұйымдардың Мемлекеттік Туларындағы мемлекеттік стандартқа сай келмейтін ұштықтарды пайдалануы орын алған. Конституциялық Заңның 6-бабы, 3-тармағында Мемлекеттік Елтаңба оның көлеміне қарамастан, ұлттық стандартқа сәйкес келуі тиіс.
2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ҚР СТ 989-2014 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының» жаңа стандарты қолданысқа енгізіліп, 2017 жылдың 1 шілдесінен ҚР СТ 989-2008 стандарттағы Мемлекеттік Елтаңбаны пайдалану (бейнесін қолдануға) тоқтатылған болатын.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 458-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Елтаңбасын және олардың бейнелерін заңсыз пайдалану, сондай-ақ Мемлекеттік Гимнін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұза отырып пайдалану және орындау және 2-тармағында Мемлекеттiк рәміздерді пайдалану мiндеттi болып табылатын жағдайларда оларды пайдаланбау лауазымды адамдарға елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады.
Аталған Кодекстің 418-бабының 1-1-тармағында (2017 жылғы 28 желтоқсандағы енгізілген өзгерістерге (№ 127-VI) сәйкес) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын және Елтаңбасын мемлекеттік нышандар туралы заңнамасын бұза отырып пайдаланса (орнату, орналастыру) ескерту жасауға немесе лауазымды адамдарға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Аталған Заңның 685-бабының 2-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, жергілікті полиция қызметінің бастықтары мен олардың орынбасарлары 458-бабында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар үшiн ішкi iстер органдарының атынан әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға және әкiмшiлiк жазаларды қолдануға құқылы.
Осы орайда, мекеме, ұйым басшыларын айбынымызды асырып, рухымызды аспандатар Мемлекеттік рәміздерді құрмет тұтып, олардың қолданылуы мен насихатталуына үлкен жауапкершілікпен қарап, заңға сәйкестендіріп, қатаң бақылауға алуға шақырамын.
Мемлекеттік рәміздерді ұлықтау тек мұнымен шектелмейді. Соның жарқын дәлелі – күні кеше Тараз қаласында Мемлекеттік рәміздер күніне орай патриоттар форумы өтті. Шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.
Әуелі ҚР Мемлекеттік Гимні орындалды. Бұдан кейін аймақ басшысы ізгі тілегін білдіріп, патриотизмді нығайтуға, облыстың қоғамдық-саяси өмірінің дамуына үлес қосқан бірқатар азаматқа облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыстады. Шара соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.
Мемлекеттік рәміздерді ұлықтау бағытындағы жұмыстар үздіксіз жалғасады.

Зухра Мырзалиева,
Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.