Күннің аптап ыстығында жағалауда күн нұрына қыздырынып, сергу үшін суға шомылу – көпшіліктің қалаулы демалыс үрдісі. Қала тұрғындарының бір бөлігі отбасылық демалыс үшін арнайы жасақталған хауыздар мен сергіту орталықтарына барып, жайлы әрі қауіпсіз демалысты таңдайды. Алайда қала маңындағы су тоғандарымен құтқарушы топ кезекшілік етпейтін жабайы жағалауларға жиналатын адамның қарасы да аз емес.
Арнайы дайындықтың жоқтығы, ересектердің бейқамдығы мен балалардың бақылаусыз қалуы, жүзуді білмеуі қайғылы жағдайдың орын алуына әкеледі. Осындай оқыс жағдайлардың алдын алу мақсатында Тараз қаласы білім бөлімі мен Тараз қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері бірлесіп «Шомылу маусымындағы судағы қауіпсіздік», жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар, дәрістер өткізді. Ағымдағы жылдың мамыр айында атқарылған жұмыс барысында мектеп оқушылары мен мекеме ұжымына суға шомылу кезінде талап етілетін сақтық шараларының орындалу тәртібі баяндалып, су айдындарында жүріс-тұрыс ережелеріның нұсқаулықтары қамтылған кітап бүктемелері таратылды.
Тараз қаласы білім бөлімі ,Тараз қаласы ТЖБ қызметкерлері “ӨСжАҚҚ” РММ жедел құтқару жасағы және “Апаттар медицина орталығы” мамандары Талас өзенінің бойында жоғары сынып оқушыларына судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау және алғашқы медициналық көмек көрсету даярлық дәрістерін ұйымдастырды. Бұдан бөлек Тараз қаласы бойынша 44896 оқушы «Су айдындарындағы қауіпсіздік» онлайн нұсқаулық сабағына қатысты.
Ең көп қайғылы оқиғалар суға шомылуға арналмаған су айдындарында орын алады. Ата-аналар балаларыңыздың жазғы демалысын сапалы жоспарлап, оларды тиым салынған су тоғандары мен қауіпті жағалауларға бармауын бақылауда ұстаңыздар.
Ата-аналар назарына!!!
Суға шомылу кезінде:
– Бейтаныс жерде, көпірлер мен бөгеттердің астында жүзуге;
– Су түбінің тереңдігі мен бедерін білмей биіктіктен сүңгуге;
– Арнайы қоршаулар мен буйкалардан жүзіп кетпеуге;
– Қайықтарға және басқа да жүзу құралдарына жақындауға;
– Қайықтан, кемелерден, айлақтардан суға секіруге;
– Суда ойнау кезінде бір-бірінің қол-аяқтарынан жармасуға жол берілмейді.
Жүзе алмайтындар тереңдігі 1-2 метрден аспайтын арнайы жабдықталған жерлерде ғана шомылуға болады.
«Суға шомылуға тыйым салынады!» ескерту аншлагымен жабдықталған су нысандарында шомылуға қатаң тыйым салынады.
Есіңізде болсын! Тек судағы қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз сақтау ғана қайғыға жол бермейді.
Жанболат Сәрсенов,
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Тараз қаласы білім бөлімінің АҚ және ТЖ бойынша әдіскері