Қалалық қоғамдық-саяси газет

Рәміздерім – елдігімнің айғағы

0 804

Тараз қаласында ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне орай «Туған жерім менің – Қазақстаным!» атты патриоттар форумы ұйымдастырылды. Шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.

Әуелі Мемлекеттік Гимн шырқалып, көк байрақ желбіреді. Содан соң аймақ басшысы тұрғындарды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Мемлекеттік рәміздер – кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін ажырамас бөлігі. Тәуелсіздіктің бойтұмарына айналған мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, құрмет көрсету – әрқайсысымыздың парызымыз, қастерлі борышымыз!
Рәміздеріміз арқылы біз бейбітшілік пен тыныштық, ізгілік пен татулықты ту еткен ел екенімізді бүкіл әлемге жеткіземіз. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан патриоттар форумы биыл Жамбыл облысының 85 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
Бүгінгі форум ел тұтастығын, тұрақтылық пен бірлікті одан әрі нығайтуға зор септігін тигізетініне сенім мол. Тәуелсіздігіміз баянды, Мемлекеттік рәміздеріміздің мәртебесі асқақ болсын! – деген Ербол Шырақпайұлы патриотизмді нығайтуға, өңірдің қоғамдық-саяси өмірінің дамуына үлес қосқан және бейбіт күннің батырлары атанған бірқатар азаматқа облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарын табыстады.
Форум соңы К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филормониясы өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, патриоттық сарындағы әндер шырқалды.
Айта кетейік, осы тұрғыдағы түрлі шаралар облыстың барлық аудандарында да ұйымдастырылды.

Қарақат Пәрімбек,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«Конвергентті журналистика» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.