Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жемқорлықты жеңу – өз қолымызда

0 1  597

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында айтылған маңызды мәселелердің қатарында сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі тұр. Бұл да қазіргі кезеңдегі белең алған бір індет десе де болады. Сондықтан жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізген жөн.

Президент өз сөзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес елдің стратегиялық даму басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Осы бағытта бірқатар маңызды міндеттер іске асырылды. Айталық, Қазақстан «ГРЕКО» халықаралық ұйымының мүшесі болып, нормативтік-құқықтық актілерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптау институтының жұмысы жаңартылды, бағыныштылардың сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін басшыларды қызметтен босату қағидаты заңнамалық түрде енгізілді.
– Сыбайлас жемқорлық құбылыстарының себептері мен жағдайларын жоймай, бұл бос әурешілік. Адамдар шенеунікті немесе қандай да бір басшыны жауапкершілікке тартып қана қоймай, олар жұмыс істеген мемлекеттік органдардың жұмысында оқиғалардың қайталануын болдырмайтын түбегейлі өзгерістер болғанын көруге тиіс. Әзірге мұндай кешенді және алдын алу жұмыстарын көріп отырған жоқпын. Шенеуніктер бірінен соң бірі өзгеріп отырады, ал жүйелі мәселелер шешілмейді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің барлық бағыттар бойынша жаңа серпін беру қажеттігін де атап өтті. Осы мақсатта Жолдауда деректер базасын одан әрі интеграциялау және мемлекеттік қызметтерді жедел цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аудару тапсырылды.
– Бас прокуратура кәсіпкерлерді қылмыстық қудалау шеңберіне негізсіз тарту фактілерінің жолын тез арада кесуге тиіс. «Өткен жылғы Жолдауымда мен заңды бизнеске кедергі жасау аса ауыр мемлекеттік қылмыс болып табылатынын айтқан болатынмын. Бұл туралы барлық құқық қорғау органдары, соның ішінде Бас прокуратура да есте сақтауы тиіс. Бизнес пен инвесторлар сыбайлас жемқорлық қысымынан мықты қорғанысты сезінуі тиіс, – деген Президент жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық саласында қоғамдық бақылауды күшейтуді жүктеді.
Аталған құнды құжатта құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілер мен пара алудағы делдалдардың сыбайлас жемқорлық үшін жазаны қатаңдату бөлігінде Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу қажеттігіне екпін түсірілді. Сыбайлас жемқорлыққа жол берген тұлғаларға қатысты Президент оларға шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануды тоқтатуды да тапсырды.
Жалпы сыбайлас жемқорлықтың көптеген түрлері, яғни көріністері бар. Олар: парақорлық, тамыр-таныстық, қоғамдық ресурстар мен қорларды заңсыз бөлу және қайта бөлу, қоғамдық ресурстарды жеке мақсатта заңсыз иемдену, заңсыз жекешелендіру, саяси құрылымдарды заңсыз қолдау және қаржыландыру, бопсалау, жеңілдікті несиелер, тапсырыстар беру. Мұның қай түрі болмасын, ауыр қылмыс әрі ол заң бойынша қатаң жазаланады. Осыған орай, 2023 жылғы 29 тамызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының «Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзгеше түрде жәрдем көрсететін адамдарды көтермелеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы қабылданды. Құжат өткен 15 қыркүйегінде күшіне енді. Бұл ретте бұйрықтың басты міндеті – қазақстандықтарды парақорлыққа қарсы белсенді күресуге шақыру. Қазақстандықтар ақшалай сыйақының болуына қарамастан, жемқорлық туралы хабарлауға құлықсыз. Мұның басты себептері – қорқыныш және жұмыс орнынан босатылу қаупі. Бірақ өткен жылы қолданысқа енгізілген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңға сәйкес, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдар Қылмыстық іс жүргізу және Еңбек кодекстеріне сәйкес мемлекеттің қорғауында болады. Сонымен қатар «Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен де қорғалады. Олармен арнайы келісім жасалып, сотта хабарлаушының қорғалуына кепілдік беріледі.
Әрине, сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде.
Қорыта келгенде, сыбайлас жемқорлықпен күрес – кез келген мемлекет үшін өзекті проблемалардың бірі. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады.

Сарсенкүл ЖҰМАНОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы
әмбебап ғылыми кітапхананың
өнер жөніндегі әдебиеттер бөлімінің меңгерушісі
Тараз қаласы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.