Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әкеммен өткізген әрбір күн бағалы

0 529

Биыл Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері, әкеміз Мектеп Дүйсембиевтің туғанына 100 жыл толды.

Әкемнің ата-анасы жұт кезінде қайтыс болып, алты айлығында жетім қалған. Сөйтіп, еңбектеп жүрген жерінен оны туыс жеңгесі арқалап алып кетіп, өз баласындай өсірген. Кейін ол кісі әкеміз 12 жасқа толғанда босанып, ұл тапты.
1945 жылы 2 ақпанда әкем Ташкент қаласынан соғысқа шақырылды. Содан ол атқыштар танк дивизиясының құрамында болған. Сондай-ақ 13-ші гвардиялық механикаландырылған танк дивизиясының сапер взводының командирі ретінде де сан мәрте ұрысқа кірді.
Әкем бүкіл Еуропаны жаяу жүріп өтіп, Ленинград облысы, Новгород облысы, Пала стансасы, Выру қаласы Эстония жерлерін миналардан тазартуға қатысты. 1954 жылы Австриядан туған жерге оралды.
Өмірінің қиындығына қарамастан, әкеміз ешқашан өзінің тағдырына шағымданған емес. Қайта: «Сендер бақыттысындар, әкелерің де, аналарың да бар. Ал мен ата-анамның бет-жүзін де көрген емеспін», – деп көзіне жас алатын. Сонда немересі: «Ата, Сіздің бетіңіз – анаңыздың беті», – деп атасын сан мәрте ду күлдірген.
Соғыс жылдарынан аман өткендердің барлығының жүрегіне қан майдан айықпас жара қалдырды. Әкеміз тарихтың куәгері, даналық пен өмірлік тәжірибені сақтаушы еді. Оның өмірі ерліктерге, күреске және адалдыққа толы. Әкем жастық шағы мен денсаулығын болашақ ұрпақтың тыныштығы үшін берді. Оның жанқиярлығы мен қайсарлығы – бізге үлгі. Тіпті әкемізді білетіндер оның әрдайым адал болғанын айтады.
Оның даналығы өмірдің ең қиын сәттерінен өтуге көмектессе, мейірімділігі, жанының жомарттығы және сүйіспеншілігі айналасындағылардың көңіліне сенім ұялатып, жүректерін ізгілікке толтырды. Онымен өткізген әрбір күн біз үшін бағалы. Ол біздің тату, көпбалалы отбасымыздың тірегі болды. Батыр анамызбен ұзақ та бақытты өмір сүріп, бәрімізді адалдыққа, шындыққа, еңбекке тәрбиеледі. Сексен жасында атқа мініп, тоқсан жасына дейін көзәйнекті газет оқығанда ғана киетін, есту қабілеті де жақсы еді.
Әкеміз біздің жүрегімізде ұмытылмас із қалдырды. Оның әңгімелері – жай ғана сөз емес, өскелең ұрпаққа таусылмас тағылым. Ол тіпті бейбітшілік кезеңде далада электр сымына ілініп қалған жасөспірімді аман алып қалады. Көмекке мұқтаж адамға қол ұшын созу да ерлікпен тең. Бүгінде ол азаматтың өз отбасы бар екен.
Әкемнің еңбегі мен ерліктері көптеген орден, медальдармен айшықталды. Оның қан майдандағы ерлігі туралы естеліктер мұрағаттар мен Ресей Федерациясының «Соғыс батыры» сайтында сақтаулы. Сондай-ақ есімі «Жеңіс» саябағындағы мемориалдық кешенге қашалып жазылған. Бұдан бөлек, туған ауылы Сарысудағы мектептің алдына және мемориалдық кешенге де есімі қашалған.
Әкемнің жарқын бейнесі мәңгі жадымызда.

Алтынкүл Дүйсембиева,
ардагер ұстаз,
«Еңбек ардагері», «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерінің иегері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.