Қалалық қоғамдық-саяси газет

Балаларға базарлық

Тараздық оқушылар жазғы демалысын қалай өткізеді?

0 381

Жазғы демалыс – басқа каникулмен салыстырғанда оқушының ең көп демалатын мерзімі. Сыныптан сыныпқа көшу кезіндегі тынығу әрі тағы бір жылға есеюдің белгісіндей. Осы кезде оқушының уақыты да көп. Сол себепті баланың уақытын тиімді ұйымдастыру үшін жазғы сауықтыру лагерьлері жұмыс істейді. Онда олар жаңа достар табады, демалады, серуендейді, мәдениет ошақтарын аралап, рухани байиды. Лагерьлер баланың күш жинап, денсаулығын нығайтуға, шығармашылық жұмыс жасау қабілетін арттыруға көп көмектеседі. «Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз» деп балалық шақтың көңілді сәттерін қуаныш пен шаттыққа ұласқан естеліктерге толтырады.

Жамбыл облысында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға қала сыртындағы 7 жазғы сауықтыру лагері қызмет көрсетеді. Оның төртеуі мемлекеттік болса, біреуі сенімгерлік басқаруға берілген, екеуі жекеменшік сауықтыру лагерьлері.
Демалыс орындары оқушыларды 1 маусымнан бастап қабылдайды. Облыс бойынша барлығы 7 454 баланы жазғы лагерьмен қамту жоспарлануда. Бұдан бөлек, 405 мектеп жанындағы тамақтандырумен ұйымдастырылатын лагерь 36 259 баланы, 430 мектептің демалыс алаңдарында мектеп аумағын көгалдандыру, абаттандыру, экологиялық және өзге де топтарда 28 мыңға жуық бала, түрлі бағыттағы экскурсиялармен 23 мың бала, мектептегі және мектептен тыс үйірмелерде 103 мыңнан аса бала және дебаттық, пәндік олимпиадаларға дайындық жүргізіп, «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдердің белсенді топтарына 19 мыңнан аса бала шұғылданбақ. Жалпы балалардың жазғы уақытын қызықты және тиімді өткізуге 193 мыңнан аса баланы қамту жоспарлануда.
Бұл ретте аталған жұмыстар Тараз қаласында да мықтап қолға алынған. Білім бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, бүгінде қаладағы 115 білім мекемесінде (63 мектеп, 1 кешкі мектеп, 45 балабақша, 4 қосымша білім беру ұйымы және 2 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті) 76 842 оқушы білім алуда. Жазғы демалыс уақытында балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында оқушылар жазғы сауықтыру және демалыс шараларымен қамтылады деп күтілуде.
Жалпы жыл сайын оқушы мен ата-аналардың қалауымен оқушылардың 70-75 пайызы жазғы демалыс шараларымен қамтылып келеді. Дегенмен білім беру ұйымдары оқушылардың каникул уақытын тиімді өткізуіне қатысты кешенді жұмыстарын атқаруды тоқтатпаған.
– Биыл да балалардың жазғы демалысы мектептерде 2 бағытта жүргізіледі. 1-ші бағыт бойынша 45 763 бала немесе оқушылардың 62 пайызы мектеп жанындағы және қала сыртындағы сауықтыру лагерьлерінде демалады.
Оның ішінде 63 білім беру ұйымының жанындағы киізді үйлерде, палаткалық лагерьлерде 41 907 бала (2023 жылы – 39 654), қала сыртындағы лагерьлерде 3 600 бала (2023 жылы – 2 552), ата-аналардың өз қаражаттары есебінен қосымша қала сыртындағы және республикалық лагерьлерде 256 бала (2023 жылы – 241) демалады деп жоспарлануда.
Ал 2-ші бағыт бойынша – балалардың демалысы мен бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру жөніндегі шараларға 28 010 (38%) оқушы қамтылады (2023 жылы – 30 549 бала) деп күтілуде.
Оның ішінде мектептер тарапынан қала аумағындағы тарихи-мәдени орталықтарға ұйымдастырылатын экскурсияларға және спорттық жиындарға 12 785 оқушы, 63 мектеп пен 4 мектептен тыс білім мекемелеріндегі үйірмелерге, аула клубтарына, жекеменшік мекемелердегі тіл үйрену, өнер, спорт, қолөнер, техникалық бағыттағы нысандарға 5 175 оқушы, мектептердің жоғарғы сыныптарының оқушыларымен еңбек жасақтарына және колледж оқу орындарына мамандыққа кәсіптік бағдар беру аясында (8,10 сынып оқушылары) 10 050 оқушы қамтылмақ, – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова.
Білім мекемелеріндегі көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан 3 600 баланы жаз айларында демалыспен және сауықтырумен қамту мақсатында 216 000,0 мың теңге қаражат қарастырылған.
Мектеп жанындағы демалыс алаңдарына қамтылады деп жоспарланып отырған 70 мыңнан аса оқушыны жазғы демалыста шығармашылық, спорттық, еңбек және өзге де бағыттарға бөле отырып, екі кезеңде (1-27 маусым аралығында) ұйымдастырылады.
Қалалық білім бөлімінің берген деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта облыс орталығында өгей ата-анамен тұратын 1 028, 445 жетім және толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқан 8 394 бала бар. Сондай-ақ білім беру ұйымдарында әлеуметтік жағдайы төмен, көмекке мұқтаж 16 053 бала тіркелген.
Осы ретте арнайы санатқа алынған балалардың жазғы демалысы жақсы өтуіне қатысты көптеген жұмыстар жасалған. Яғни қала сыртындағы балаларды сауықтыру лагеріне жіберу, сондай-ақ мектеп жанындағы дамалыс алаңдарына қатыстырылмақ.
Бұдан бөлек, мектеп жанындағы лагерьлер ҚР Оқу-ағарту министрлігінен ұсынылған Біртұтас тәрбие бағдарламасына сәйкес ұлттық құндылықтарды насихаттауда киізді үйлер (21 мектеп), отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында әскери патриоттық палаткалық (21 мектеп) бағыттары мен спорттық-шығармашылық (21 мектеп) лагерь бағытында өткізу қарастырылған.
Биылғы жоспар бойынша мектеп жанындағы лагерьлер өз жұмысын 3 маусымнан бастамақ. Мұнда жаз бойы оқушылар лек-легімен келеді. Өз оқушыларын каникул кезіндегі тиімді әрі пайдалы демалыспен қамтуға сақадай сай отырған мектептердің бірі – Тараз қаласы білім бөлімінің №3 мектеп-лицейі. Аталған білім ордасы демалыс уақытында 500-ге тарта баланы қабылдауға әзір.
– Балалар мұнда 2 ауысым демала алады. Әр маусымда оқушылар 11 топқа бөлінеді. Оларға 1 мезгіл ыстық тамақ беріледі. Лагерьде балалардың еркін тынығуы үшін барлық жағдай жасалған. Жоспарлы түрде қызықты кештер, спорттық жарыстар өткізіліп тұрады. Сондай-ақ ата-аналарының келісімі бойынша түрлі экскурсиялар ұйымдастыру да жоспарда бар, – дейді білім ордасының әлеуметтік педагогы Талшын Рахманқұлова.
Сонымен бірге мектеп жанындағы лагерьлерден бөлек, оқушылар қосымша білім беру ұйымдарында да бос уақытын тиімді пайдаланып, түрлі үйірмелерге қатыса алады. Бұл мақсатта балалардың жазғы демалысын ұтымды өткізу үшін Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты аула клубтары жұмыс істейді.
Мәселен, «Азимут» аула клубы биылғы маусым, мамыр және тамыз айларында жастардың уақытын тиімді өткізуі үшін олардың қабілетін дамытуға арналған түрлі іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр. Атап айтсақ, маусым айында «Dance» атты хип-хоптан би және «Ұтқыр ойлы үздік» атты шахматтан жарыс ұйымдастыру, шілде айында «Шебер қол» атты қолөнер сайысын және «Бұрымды биші» атты заманауи би сайысын ұйымдастыру және тамыз айында су шашу ойындарын және «Жазда атамның ауылында» атты сурет салу байқауын өткізу жоспарлануда. Ал «Арай» аула клубы жаз айларында «Шахмат – ақыл-ойдың спорты» атты жарыс және 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай сурет көрмесін, шілде айында «Спорт – сенің серігің» атты жарыс және су моншақтан жасалған сәндік бұйым жасау және тамыз айында тоқыма тоқу технологиясын үйрену шеберлік сағаты мен кітап көрмесін өткізуге дайындалуда. Сол секілді «Бәйтерек» клубы осы уақыт аралығында ағылшын тілін үйрету курстарын қолға алмақ.
Бұл ретте жазғы лагерьлердегі демалыс кезіндегі балалардың қауіпсіздігін де естен шығармау қажеттігін де ұмытпаған жөн. Бұл мақсатта оқушылардың саулығын қамтамасыз ету үшін білім мекемелеріндегі жауапты педагогтар арнайы оқыту семинарларына қатысқан. Ал қалалық төтенше жағдайлар басқармасы жазғы сауықтыру лагерьлерінде судағы балалар өлімін болдырмау және алдын алу бойынша жергілікті атқарушы және құзырлы органдармен бірлесе жұмыстар атқаруда. Бұл ретте төтеншеліктер ата-аналарға балаларға қандай қауіпсіздік ережелерін үйрету керектігін алдын ала ойластырған жөн екенін айтады. Сондай-ақ ата-анасының әрбір ескертуін ұмытпай, ереже талабын бұлжытпай орындаған балалардың әртүрлі сәтсіздіктен аулақ болатынын, сақтықта қорлық жоқтығын еске салады.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.