Қалалық қоғамдық-саяси газет

Түрленген Тараздағы толайым тірліктер

Шаһарда акция аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда

0 474

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырған еді. Сонымен қатар оларға жолдарды ретке келтіру міндеті де жүктелді. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жұмыстарға тұрғындар мен еріктілерді тарту маңызды екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, елді мекендер мен қоғамдық демалыс орындарын күтіп-баптау әкімдер қызметін бағалаудың тағы бір өлшемі болмақ. Осылайша өңірлердің басшылары қалаларды лайықты және тартымды жағдайда ұстау мәдениетін енгізуі керек.
Осыған орай, елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтуде. Тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, отансүйгіштікті, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарын дәріптеуді мақсат тұтқан науқанға жамбылдықтар да жұдырықша жұмылып атсалысуда. Айталық, облыста акция басталғаннан бері 1 600-ден астам сенбілік өткізіліп, оларға 214 мың адам тартылған.
Сондай-ақ ағымдағы жылға абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына жалпы 9,4 миллиард теңге қарастырылған. Осының аясында 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер, 816,6 шақырым канал мен арық, 3,1 мың шақырым көше мен 99 мың аула қоқыстан тазартылып, 9,7 мың тонна қоқыс шығарылды. 60 мыңға жуық көшет отырғызылып, 49 субұрқақ іске қосылған.

Облыста «Таза Қазақстан» акциясы жыл соңына дейін жалғасып, тұрғын үйлер, жолдар, халыққа арналып салынған демалыс саябақтары жөнделмек. Бұл бағытта Тараз қаласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Каналдарды тазалау жұмыстары қарқын алды

Каналдарды тазалау қашанда айрықша маңызға ие. Бұл жұмыстар қаланың шырайын ашып қана қоймай, су тасқыны қатерінің алдын алуға да септігін тигізетіні сөзсіз.
Жалпы Тараз қаласының аумағында 8 ирригациялық канал бар. Олардың жалпы ұзындығы 82,55 шақырымды құрайды. Ал дренаж каналдарының саны – 2.
Ағымдағы жылы «Қапал», «Үшбұлақ», «Қарасу-1», «Қарасу-2», «Төрегелді» каналдарын механикалық тазалау жұмыстары басталуда. Сондай-ақ 15 жылдан астам уақыт іске қосылмаған «Сеңкібай» каналының арналары қалпына келтіріліп, ағын су беру көзделіп отыр. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүруде.

Тотыдай таранған «Тектұрмас»

Тараздағы ең көрікті нысанның бірі «Тектұрмас» этнотарихи кешенінің көркіне сән қосу аса маңызды. Бүгінгі күні «Тектұрмас» кешенін абаттандырып, жасыл желекпен көмкеру жұмыстары қарқын алуда. Нақтырақ тоқталсақ, кешенге 4 500 дана қылқан жапырақты ағаш егу жоспарланса, оның бүгінге дейін 3 500-і отырғызылып үлгерген. Осыған орай, кешендегі ағаштарды тамшылату және егілетін көгалды автоматты суару жүйелеріне қосу жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі уақытта мұнда суару жүйесіне арналған диаметрі 20-4 000 метр, диаметрі 50-11 000 метр және диаметрі 75-1 000 метр болатын су құбырлары алынды. Су Талас өзеннің арнасынан сорғылау жүйесі арқылы сақтау ыдысына (резервуарға) жиналып, талдардың бір бөлігіне жіберілуде. Осылайша барлығы кезең-кезеңімен арнайы технология бойынша тамшылатып суару жүйесіне қосылады.
Сонымен қатар мұнда «Көне қамал» нысанының құрылысы жүргізілуде. Нысан 2026 жылы аяқталады деп күтілуде. Бұған қоса кешенде келушілерге жағдай жасау мақсатында ұлттық тағамдарды ұсынатын дәмхана ашылады.

Орталықтағы он бір үй жаңаша кейіпке енеді

Көне шаһардың шырайын одан әрі арттыру мақсатында тұрғын үйлерді жаңғыртуға ерекше ден қойылып отыр. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев те бұл мәселеге айрықша назар аударып, тиісті тапсырмалар жүктеген болатын.
Осы тапсырмалардың нәтижесінде, Тараз қаласына бірыңғай сәулеттік келбет беру мақсатымен Төле би даңғылында орналасқан №38, 40, 44, 48, 50, 52, 54, 56, 57, 58, 59 – жалпы саны 11 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбетін, шатырын күрделі жөндеу үшін «Күмбез-Тас» ЖШС жобалық-сметалық құжаттама әзірлеген. Аталған тұрғын үйлердің жөндеу жұмыстарына жарияланған конкурс аяқталып, «Қаратау құрылыс 2030» ЖШС жеңімпаз болып танылды. Техникалық қадағалаушы ретінде «Аскос+» ЖШС анықталды.
Қазір Төле би көшесіндегі бес үйде жұмыс басталып кетті. Құрылыс басында 30-ға жуық жұмысшы мен арнайы техника жұмыс істеуде.
Жалпы биыл облыс орталығында Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша 53 көппәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу көзделуде. Ол үшін Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне бюджеттік өтінім ұсынылып, ағымдағы жылы тиісті қаржы бөлінген.
Айта кетейік, бүгінгі күні қаланың тұрғын үй қорында 1 438 көппәтерлі үй бар. Оның 151-і барак типтес болса, 1 287-сі екі және одан жоғары қабатты үйлер. Сондай-ақ шаһар аумағындағы 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Оның ішінде 489 үй күрделі жөндеуден өткізілсе, қалған 614-ін алдағы уақытта жаңғырту жоспарлануда.

Жылу желілерін жаңғырту – кезек күттірмейтін мәселе

Жылу желілерін жаңғырту еліміздегі ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Әсіресе соңғы жылдары орын алған төтенше жағдайлар аталған мәселенің тезірек қолға алынуын жеделдете түсті.
Осыған орай, Жамбыл облысы әкімдігі мемлекеттік сатып алу басқармасы тарапынан конкурс жарияланып, «Сарыағаш-Аман» ЖШС бас мердігер ретінде жеңімпаз деп танылған. Сондай-ақ техникалық қадағалаушысы – «АДС Сапа» ЖШС және авторлық қадағалаушы «Институт «КазНИПИЭнергопром» АҚ-мен келісімшарттар жасалған. Құрылыс жұмыстары биылға жоспарланған, ұзақтығы – 9,5 ай.
Жаңғырту жұмыстарының жүргізілуіне байланысты жергілікті полиция қызметімен келісе отырып, Төле би, Жамбыл даңғылдарының қиылысы, С.Аққозиев көшесі және Төле би даңғылы мен Абай көшесінің қиылысындағы жолдар жабылып, демонтаж жұмыстары басталды.
Құрылыс жұмыстарына жалпы 5 бөлікте құрылысшы топтар жұмылдырылған. Қазіргі таңда 2 000 метрден аса лоток және құбыр жүйесіне демонтаждау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 2 үлкен жылу камерасы (ТК-121, 131) демонтаждалып, бетон құю жұмыстары басталған. Жалпы 550 метр лоток және 150 метр құбыр жүйесі орнатылды. Құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың 1 қазанына дейін толығымен аяқтау жоспарлануда.

Биыл қалада 140 шақырымнан аса жол жөнделеді

Бүгінде Тараз қаласы алып құрылыс алаңына айналып келеді. Расында, соңғы бірер жылдың бедерінде шаһардың қай жеріне барсаңыз да қарқынды жұмыстарды көзіңіз шалады. Бұл, бір жағынан, аумағы кеңейіп, халық саны артып келе жатқан облыс орталығының экономикалық-әлеуметтік дамуына да оң ықпал етері сөзсіз.
Биыл да жалғасын тапқан аталмыш жұмыстар аясында биыл 140 шақырымнан аса жол орташа жөндеуден өтеді деп көзделуде. Былтыр шаһарда 87,5 шақырым жол жаңғыртылған.
Нақтырақ айтқанда, 67,8 шақырымды құрайтын 40 жобаны (оның ішінде 117 көше, бұрылыс, тұйық, өткел), одан бөлек, ұзындығы 20,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолын және ұзындығы 73,8 шақырым болатын шағал жолды (оның ішінде 165 көше, бұрылыс, тұйық, өткел) жөндеу жоспарланған.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.