Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттік қолдау қарапайым шаруаларға, тұрғындарға жетуге тиіс

0 487

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Т. Рысқұлов ауданына жұмыс сапарымен барды.

Мемлекет басшысының «Барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аймақ басшысы алдымен аудан тұрғындарымен кездесті. Жиынға бірқатар басқарма мен құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Облыс әкімі алдымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қысқаша тоқталып, алдағы мақсат-міндеттерді баяндады.

Облыстың негізгі бағыттарының бірі ауыл шаруашылығы десек, салада өткен жылы 567,2 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Сонымен бірге 517,2 млрд теңге инвестиция тартылған.

Бос жатқан және заңсыз пайдалануға берілген 201 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Биыл 80 мың гектар жерді қайтару жоспарланып отыр. Жалпы, 2025 жылға қарай жайылым жер тапшылығы толығымен шешімін табады деп күтілуде.

Ербол Қарашөкеев жауаптыларға мемлекеттік қолдаудың қарапайым шаруаларға, тұрғындарға жетуі керектігін баса айтты. Сонымен қатар, аудан әкімдігіне кәсіпкерлік саласын дамыту, аймаққа инвесторлар тарту міндетін қойды. Жергілікті жерде ірі кәсіпорындардың құрылуы халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуына, аймақтың экономикалық дамуына ықпал етері сөзсіз.

Т. Рысқұлов ауданында құрылыс жұмыстары қарқын алып, салада оң өсім байқалады. Дегенмен, Жарлысу ауылындағы ауыз су құрылысы мерзімінде аяқталмай отыр.

– Жарлысулықтар сапалы ауыз суға әлі күнге дейін қол жеткізе алмай келеді. Мәселе мердігер компанияның жұмысты жүйелі жүргізе алмауынан туындаған. Бұл аудан әкімдігі тарапынан қатаң бақылаудың жоқтығын көрсетіп отыр. Қазір заң аясында тиісті шара қабылданып, мердігер өз қаражаты есебінен жұмыстарды қайта қолға алды. Қателік қайталанбауы тиіс, — деген аймақ басшысы жауапты аудан әкімінің орынбасарына ескерту жасады.

Ербол Қарашөкеев әлеуметтік салаға жеке тоқталды, аудан әкімінің осы бағытқа жауапты орынбасарына балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі ұтымды ұйымдастыруды бақылауға алуды тапсырды.

Жиында аудан әкімі мен орынбасарлары атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.

Сұрақ-жауап бөлімінде аудан тұрғындары бірқатар мәселені көтеріп, ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, әлеуметтік салаға, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау саласына қатысты және жайылымдық жер, суармалы су, шалғай ауылдарға көгілдір отын тарту проблемасын қозғады. Сондай-ақ, Тереңөзек ауылының тұрғындары жасөспірімдердің уақытын тиімді пайдалану мақсатында ауылға спорт нысанын салып беруді сұрады.

Өз кезегінде Ербол Қарашөкеев халық көтерген сауалдар қараусыз қалмайтынын атап өтті. Айтылған ұсыныс-пікірлер мен сын-ескертпелер бойынша тиісті іс-шаралар жоспары әзірленеді.

Бұдан соң, облыс әкімі азаматтарды қабылдап, жеке мәселелеріне құлақ түрді.

Айта кетейік, 2023 жылы Жамбыл облысының барлық деңгейдегі әкімдері халықпен 1 644 кездесу өткізді, оның 62-сі облыс әкімінің қатысуымен ұйымдастырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасуда.

Сондай-ақ, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жергілікті ардагерлер және белсенді жастармен кездесті.

Еркін форматта өткен кездесуде аға буынның өкілдері ұсыныс-пікірлерін, орамды ойларын ортаға салды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.