Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жасөспірімдер қауіпсіздігі – жіті бақылауда

0 489

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кәмелетке толмаған балалар мәселелері жөнінде кеңес өтті.

Жиынның күн тәртібіне сәйкес, әуелі Тараз қаласы полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметі бөлімі басшысының орынбасары Арман Тоқбергенов мектептердегі қауіпсіздік мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда жасөспірімдердің қауіпсіздігі өзекті мәселелердің бірі болғандықтан, ағымдағы жылдың 4 айында тиісті профилактикалық іс-шаралар қабылданып, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен олардың құқықтарын қорғау бағытында бірқатар жұмыс атқарылған.
– Тексеріс нәтижесінде, бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 64 қолайсыз отбасы тіркелген. Оларда 122 бала тәрбиеленуде. Сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық жасаған 135 жасөспірім полицияның есебіне алынды. Есепте тұрған кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен немесе заңды өкілдерімен жеке профилактикалық жұмыс үнемі жүргізіледі, олардың үй-жайы, оқу орындары бойынша тексерістер жүзеге асырылуда. Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, олардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау жөнiндегi мiндеттердi орындамағаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабымен 70 ата-ана жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар түнгі уақытта қараусыз жүрген жасөспірімдер қылмыс жасауы немесе қылмыстың құрбаны болуы мүмкін. Ал түнгі уақыттағы бала өмірінің қауіпсіздігі үшін ата-аналар жауапты. Сол себепті, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта, заңды өкілдерінсіз жүргені үшін 992 ата-ананың жауапкершілігі қаралды. Бұдан бөлек, сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында балалардың заңды өкілінсіз жүруіне жол берген 63 мекеменің иесі Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 132-бабымен жауапкершілікке тартылды, – деді Арман Романұлы.

Келесі кезекте Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ербол Әміров жазғы демалыс кезінде, шомылу маусымы уақытында кәмелетке толмағандарға қатысты оқыс оқиғаларды болдырмау бойынша іс-шараларды ұйымдастыру барысы туралы баяндады.
– 2023 жылы 1 маусым мен 31 тамыз аралығында ересектер мен жасөспірімдердің судағы қауіпсіздігіне арналған бірқатар іс-шаралар орындалды. Атап айтқанда, Тараз қаласы аумағындағы барлық жасанды немесе табиғи түрде пайда болған су айдындарында балалардың және тұрғындардың қаза болу жағдайын алдын алу мақсатында 102 рейдтік жұмыс жүргізіліп, 2 500-ге жуық жадынама таратылып, басқарманың әлеуметтік парақшасы мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарландырулар берілді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы №34 бұйғырымен бекітілген «Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері» талаптарына сәйкес, жабдықтау жұмыстарын жүргізу туралы» бұйрығына сәйкес, мекеме басшыларына су айдындарында ескертпе тақтайшаларын орнату мен жүзу құралдарын жалға беру орындарында құтқарушы желеттермен жабдықтау бойынша сұраныс хаттар жолданды, – деген Ербол Шалқарұлы биылғы шомылу маусымы кезінде Талас өзенінің жағасына ескерту мазмұнындағы билбордтар орнату, көпбалалы және жағдайы төмен отбасылардың балаларына жекеменшік бассейндерде жеңілдік беру, күнделікті рейдтік іс-шараны құтқарушылармен бірге кезекшілікке жергілікті полиция және білім бөлімінің қызметкерлерін қосып өткізу және «Жеңіс» саябағында орналасқан жүзу құралдарын жалға беру орындарын ескерту тақтайшаларымен, медициналық пунктпен жабдықтау мәселелерін тілге тиек етті.
Бұдан кейін Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды жіпке тізді. Раушан Пернешқызының айтуынша, биыл балалардың жазғы демалысы мектептерде 2 бағытта жүргізіледі. Айталық, 1-ші бағыт бойынша 45 763 бала мектеп жанындағы және қала сыртындағы сауықтыру лагерьлерінде демалса, 2-ші бағыт бойынша жасөспірімдер демалысы мен бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру жөніндегі шараларына 28 010 оқушы қамтылмақ. Сонымен қатар білім мекемелеріндегі көпбалалы және аз қамтылған етілген отбасынан шыққан 3 600 баланы жаз айларында демалыспен және сауықтырумен қамту мақсатында 216 000,0 мың теңге қаражат қарастырылған. Бұған қоса мектеп жанындағы демалыс алаңдарына қамтылады деп жоспарланып отырған 70 мыңнан аса оқушы жазғы демалыста шығармашылық, спорттық, еңбек және өзге де бағыттарға бөлініп, ұлттық, танымдық іс-шараларға тартылмақ. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім мекемелеріндегі жауапты педагогтарға оқыту семинарлары да өткізілген.
Кеңесті қорытындылаған қала әкімі жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды міндет екенін баса айтты.
– Санаулы күндерден соң оқу жылы аяқталып, балалар жазғы демалысқа шығады. Алайда солай екен деп бүкіл жауапкершілікті ата-аналардың ғана мойнына артып қоюға болмайды. Бұған баршамыз жауаптымыз. Ең бірінші мәселе – оқу орындарындағы қауіпсіздік. Сондықтан жаңа оқу жылы басталғанға дейін мектептердегі қауіпсіздік жүйелерін толығымен ретке келтіріп, сыртта орналасқан әжетханаларды жою қажет. Екіншіден, жазғы лагерьлерге баратын балғындарға қолайлы жағдай туғызуға тиіспіз. Бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдету қажет. Мұндай мәселеде немқұрайлылық танытсақ, оның соңы орны толмас өкінішке ұрындырады, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Құрбанәлі Шахабай 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.