Қалалық қоғамдық-саяси газет

Теміржолдағы қауіпсіздік – қырағы назарда

0 1  522

Қай салада болмасын ысырапқа, талан-таражға һәм ұрлыққа жол бермеу маңызды. Ел экономикасының күретамыры саналатын теміржолдар бойында мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында «Әскерилендірілген теміржол күзеті» мекемесі ұзақ жылдар бойы жүйелі қызмет атқарып келеді.

Қазақстан Республикасының Әскерилендірілген теміржол күзеті – Қазақстан Республикасының теміржол инфрақұрылымына кіретін барлық нысанының қорғалуын, жүктердің ілеспе күзетін қамтамасыз ететін, жүктерді күзетіп алып жүретін теміржол қызметінің ең ірі күзет ұйымдарының бірі.
Теміржол көлігімен тасымалдау кезінде әскерилендірілген күзет қарамағына алынуға тиіс жүктер тізбесіне енгізілген жүктерді күзету тасымалдаушымен жүктерді тасымалдауды ұйымдастыру туралы жасалған келісімшарт негізінде қамтамасыз етіледі.
– «Әскерилендірілген теміржол күзеті» ЖШС Тараз қаласындағы филиалы Қазақстан Республикасындағы теміржол саласына өз үлесін қосуда. Филиал мамандары теміржол күзет қызметін, өз учаскесінде тасымалданатын жүктерді және Қырғыз Республикасымен шекаралас жатқан «Маймақ» стансасындағы «Тоннель» аса маңызды нысанын қорғауда. Оған қоса, бөгде адамдардың теміржол көлік инфрақұрылымының тыйым салынған жерлерімен, жылжымалы жүк құрамында заңсыз жүруін болдырмау үшін жедел-алдын алу жұмыстары «Шу», «Түрксіб», «Тараз» стансаларындағы көліктегі желілік ішкі істер бөлімдерімен тығыз байланыста қызмет атқарады. Ұжымда 500-ден астам азамат еңбек етеді. Олардың әрқайсысы жұмысқа қабылданатын кезде жіті медициналық тексерулерден өткен, физикалық, психологиялық тұрғыдан мүмкіндіктері әбден зерттелген. Қатаң тәртіп пен зор жауапкершіліктен қашпайтын мамандар ғана мұндағы шаруаға шыдас береді. Барлық атқыштар командалары заманауи компьютерлік техникамен, жеке құрам нысанды киім-кешекпен, мобильді байланыспен жабдықталған, – дейді филиал директоры Еркін Мүсілімов.
Қазіргі уақытта «ӘТЖК» ЖШС Тараз филиалының ұжымы көрсетілетін күзет қызметтерін орындау көрсеткіштерінің ең жоғары деңгейіне қол жеткізу үшін барлық шараларды қабылдауда. «ӘТЖК» және «Тараз» стансасындағы Желілік ішкі істер бөлімі (ЖПб), Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі филиалы, Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі филиалымен бірлесіп, 2024 жылға жасалған жоспарын жүзеге асыру үшін шұғыл әрекет ететін оңтайлы топ күзетшілері (ШӘЕОТ) полиция қызметкерлерімен бірігіп теміржолға жақын орналасқан елді мекен тұрғындары және теміржол мекемелерінің жұмысшылары арасында іс-шаралар өткізуде. Онда теміржол бөлшектерін ұрлау, жүк құрамдарынан жүк ұрлау, теміржолға бөгде заттар қою, жолаушылар пойыздарының әйнектерін сындыру, шұғыл тежеуді қолдану, теміржолдың белгіленбеген жерлерінен өту, теміржол жолағында мал жаю түріндегі құқық бұзушылықтар үшін заңмен көзделген жауапкершілік туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізілуде. Сонымен қатар теміржол аумағына жақын орналасқан мектеп оқушыларымен тілдесіп, пойыздың төбесіне шығып, суретке түсуге болмайтынын, пойыздардың 27 мың вольт электр тогымен жүретінін жеткізіп, тоқтап тұрған вагонның астынан өтуге әрекет жасамауға шақырып, себеп-салдары түсіндірілді. Бұдан бөлек жүріп бара жатқан жолаушылар пойызының терезесіне тас лақтыруға болмайтыны, ондай жағдайда оқушыларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабында көрсетілгендей, айыппұл салынатыны және балалар заң бұзушылықтарға жол берген жағдайда 14 жастан әкімшілік жауапкершілікке, 16 жастан қылмыстық жауапкершілікке тартылатындары ұғындырылды.
Кездесулер барысында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127, 442, 559, 187, 188, 434-баптарының талаптары жан-жақты түсіндірілді.
Сонымен қатар филиал қызметкерлерінің қатысуымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер жөнінде пікірталас, әртүрлі сұрақтар мен мысалдар талқыланды.
Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы №410-V ҚРЗ «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы атқыштар командасы жеке құрамы арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, баптары туралы айтылып отырады.
Әсіресе халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет екені жеткізіліп отырады.
Міне, осылайша филиал мамандары теміржолдағы жүк тасымалы қауіпсіздігін ғана емес, тұрғындар қауіпсіздігіне де жіті көңіл бөліп, қамтамасыз етуде. Бір мүддедегі бұл жұмысқа бұқара да түсінік танытып, қолдау білдіреді деген сенімдеміз.

Ш. ҚАСЫМОВ,
«Әскерилендірілген теміржол күзеті» ЖШС Тараз филиалының
шұғыл әрекет ететін оңтайлы топ бастығы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.